«Ұстаз – ұлық бәрінен», дейді дана қазақ. Расында да, ұстазының алдында басын имейтін, оны қастерлеп, қадір тұтпайтын мына дүниеде жан жоқ шығар, сірә. Өйткені, әр адамды да өз ата-анасынан өзге, кішкене кезінен білім өріне өрмелетіп шығаратын, сана-сезімінің сергек болып, толығып-толысуына бастайтын, адамдықтың ақ жолына адастырмай анық апаратын, әрине, ұстаздар. Олардың жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан өрендерге тәлім-тәрбие берудегі еңбегі де ерен, ерекше.
«Мұғалім – мәртебелі мамандық» деп те жатамыз. Иә, әрдайым әдемі іс-әрекетіңмен көп көрініп, бедерлі биіктен бекем табылу – үлкен абырой, айтарлықтай бедел. Ауданымыздағы В. Белинский атындағы орта мектептің директоры Айгүл Кемпірбаева осындай озық, ілгерішіл, жаңашыл педагогтың бірі. Қарап отырсақ, мәртебелі мамандықта тынымсыз, аянбай жұмыс істеп, тер төккеніне 30 жылдың жүзі болыпты.
Айгүл Сатанқызы 1972 жылы Қарасай ауданы Тұрар ауылында дүниеге келген. Әкесі Сатан Кемпірбаев мемлекеттік қызметте істеп, зейнетке шыққан соң Жібек жолы ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы болған, ал анасы Күлапан Кемпірбаева еңбегі сіңген педагог болып құрметті демалысына шыққан.
1987 жылы Киров атындағы мектепті тәмамдаған соң, Есік колледжіне «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша түскен. Жас шағынан әлемдегі ізгілігі де мол, игілігі де жетіп артылатын мұғалімдікті жаны қалаған қыз қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріпті.
Еңбек жолын 1991 жылы туған ауылындағы Байсалбаев мектебінде бастаған. Бірнеше жыл аталған білім ордасында еңбек еткен соң Қаскелең қаласындағы С. Керімбеков мектебіне ауысады. Мұнда мұғалімдіктен директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары сынды жауапты қызметті атқарды. Кейіпкерімізбен тілдескенде білікті басшылығымен жол көрсете білген ұстаз, сол кездері С. Керімбеков мектебінің директоры болған Сағат Мәсімақыновқа үлкен алғысын білдіріп өтті. Тәжірибелі ұстаздың елеулі еңбегі мен тындырымды істері, тәжірибесі одан жауапты қызметті атқаруға лайықты деп танылып, 2008 жылы Мерей ауылындағы Макаренко мектебіне басшылық қызметке тағайындалды. Ал, аудандық білім бөлімінің шешімімен 2014 жылы Қаскелең қаласындағы В. Белинский атындағы орта мектебіне директор болып орналасты. Бүгінде Айгүл Сатанқызы өте тәжірибелі, оқыту мен тәрбиелеудің сан қырын терең меңгерген ұстаз атанып отыр. Ол ізденгіштігімен, еңбекқорлығымен, үлкен жауапкершілігімен қатардағы мұғалімдіктен білдей бір білім мекемесінің жетекшісіне дейінгі өсу баспалдағынан өтіп, өнегелі ісі көп байыпты басшыға айналды.
Өз мектебін алдыңғы қатарлы ұлттық білім ошағының санатына енгізе білді, яғни, жаңартылған оқыту жүйесіне көшуді ұтымды ұйымдастыра алды. Білгір басшы мұғалімдердің де, оқушылардың да біліміне ғана емес, жүріс-тұрысы мен киім киісіне де барынша назар аударып, бұл ретте қатаң талап қояды. Өйткені адам барлық жағынан да жақсы көрінуі тиіс. Қазіргі уақытта аталған білім ордасында 3000-ға жуық оқушы, 180 мұғалім бар. Биылғы жылы 161 оқушы жаңа өмірге аяқ басса, оның 20-сы қызыл аттестатқа лайықты білім алған, жеті алтын белгі иегері бар. Жыл сайын түлектердің 80-90 пайызы грант иегерлері атанады. Олардың ішінде білім алған оқу ордасына қайтып келіп, өз ұстаздарына әріптес атанып жүрген 4 жас маман бар.
Қазіргі уақытта Айгүл Сатанқызы басқарып отырған Белинский мектебінде мектеп бағдарламасының аясында ғана білім беріп қоймай, оқушылардың қабілетін жан-жақты дамытуға барлық жағдай жасалған. Мәселен, білім ұясында ең үздік қолға алынған жобалардың бірі – жапондық методика «Leson study». Бұл бағыттың барысында бір топ мұғалім сабақ жоспарын жасайды, ал, сабақ аяқталған соң оқушыға өзіне не ұнап, не ұнамағаны жайлы пікірін, ойын білдіреді. Осының нәтижесінде педагогтар қорытынды шығарып, оқушының ақпартты қабылдай алуы бойынша тиімді тәсілдерді қарастыруды жолға қояды. Мұнан бөлек аталған мектептің қабырғасында құқықтық сауаттылық артыратын «Фемида», «Қуыршақ театры» клубтары, жас мамандар мектебі «Жалын», экономиканы дамытуға арналған «Тамшы», «Оқуға құштар мектеп», «Жасыл мектеп» жобалары, «Тарихи-өлкетану» музейі, «Шарапат» ардагер-ұстаздар тобы, «Қоңырау» газеті бар.
Тарихы мен тағылымы мол мектептің білім деңгейі де өз шегінде. Биыл Белинский мектебіне 155 жыл толып отыр, бұл білім ошағы Алматы облысындағы алғашқы мектеп екенін айтпай кетуге тағы болмас. Міне, осындай абыройлы білім ошағының әрі қарай дамуына Айгүл Сатанқызының қосқан үлесі де сүбелі. Көп жылғы еңбегі мен елеулі жетістіктері бағаланып, облыстық білім басқармасының, білім бөлімінің, аудан және облыс басшыларының, «Amanat» партиясының «Алғыс хат» және Құрмет грамоталарын иеленген. 1 санаттағы директор, педагог-зерттеуші. Басқа да марапаттары жетерлік. Қанша құрметке бөленсе де, білікті ұстаз үшін мектеп оқушыларының университет қабырғасынан жіберген грамоталарының орны ерекше екенін айтып өтті.
Биылғы жылы В. Белинский мектебінің ұжымы мен оқушылары үшін оңай болмады. Мектеп ғимаратында басталған күрделі жөндеу жұмыстары бір жылға жуық жалғасып келеді. Сондықтан 2021-2022 жылғы оқу жылдарын оқушылар Пушкин, Абай, Байжанов мектептерінің, орталық кітапхананың, Мәдениет үйінің ғимараттарында оқыды. Ұтымды ұйымдастыра білген білікті басшылық арқасында оқушылардың білім деңгейі түспеді, өз деңгейінде қалды.
Мұның бәрі, әрине, ең алдымен тынымсыз еңбек пен ізденістің, күш-жігер мен алға қойған өршіл мақсаттың жемісі, жеңісі екені сөзсіз. Биылғы жылы Алла қаласа мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, қайтадан қалыпты сабақ беру кезеңіне оралады деп күтілуде.
Қазіргі кезде Айгүл Сатанқызы көптеген шәкірттері егемен еліміздің, тәуелсіз республикамыздың жер-жерінде еңбек етіп, қызмет етуде.
Ол Құдай қосқан қосағы, жолдасы екеуі түтіні түзу ұшқан орнықты отбасын құрып, үш баланы тәрбиелеп отыр. Сол сияқты екі немеренің асыл әжесі, ардақты атасы.
Айгүл Сатанқызының жақында ғана адам өміріндегі айтулы бел-белес деп есептелетін 50 жасты еңсеріп, ертеңгі күнге де үлкен үмітпен, сергек сеніммен қарап отыр. Мерейтойыңыз құтты болып, алда да абыройыңыз арта берсін, дегіміз келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.