«Ұстаз – ұлық бәрінен» дейді дана қазақ. Расында да, ұстазының алдында басын имейтін, оны қастерлеп, қадір тұтпайтын жан мына дүниеде, әй, жоқ шығар. Өйткені, әр адамды да өз ата-анасынан өзге, кішкене кезінен білім өріне өрмелетіп шығаратын, сана-сезімінің сергек болып, толығып-толысуына бастайтын, адамдықтың ақ жолына адастырмай анық апаратын, әрине, ұстаздар. Олардың жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан өрендерге тәлім-тәрбие берудегі еңбегі де ерен, ерекше.
«Мұғалім – мәртебелі мамандық» деп те жатамыз. Иә, әрдайым әдемі іс-әрекетіңмен көп көрініп, бедерлі биіктен бекем табылу – үлкен абырой, айтарлықтай бедел. Ауданымыздағы А.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Бердібекова Гүлбану осындай озық, ілгерішіл, жаңашыл педагогтың бірі.
Қарап отырсақ, Гүлбану Бейсембайқызының осы салада тынымсыз, аянбай жұмыс істеп, тер төккеніне отыз жылдың мұғдары болыпты. Жас шағынан әлемдегі ізгілігі де мол, игілігі де жетіп артылатын мұғалімдікті жаны қалаған қыз қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріпті.
Еңбек жолын 1991 жылы бүгінгі оңтүстік астанадағы балабақша тәрбиешілігінен бастаған ол 1998 жылдан қазіргі басқарып отырған мектепте мұғалімдік қызметке кірген. Бүгінде Гүлбану Бейсембайқызы өте тәжірибелі, оқыту мен тәрбиелеудің сан қырын терең меңгерген ұстаз атанып отыр.
Ол ізденгіштігімен, еңбекқорлығымен, үлкен жауапкершілігімен қатардағы мұғалімдіктен білдей бір білім мекемесінің жетекшісіне дейінгі өсу баспалдағынан өтіп, өнегелі ісі көп байыпты басшыға айналды.
Өз мектебін алдыңғы қатарлы ұлттық білім ошағының санатына енгізе білді, яғни, жаңартылған оқыту жүйесіне көшуді ұтымды ұйымдастыра алды. Білгір басшы мұғалімдердің де, оқушылардың да біліміне ғана емес, жүріс-тұрысы мен киім киісіне де барынша назар аударып, бұл ретте қатаң талап қояды. Өйткені, адам барлық жағынан да жақсы көрінуі тиіс.
2020-2021 оқу жылында аталған мектеп тарихында тұңғыш рет «Алтын белгі» иегерін шығарды. 2018 жылы республикалық «Ұлағатты ұстаз» байқауында бірінші орын алды. 2019 жылы көп жылғы еңбегі мен елеулі жетістіктері бағаланып, Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатын» иеленді. Басқа да марапаттары жетерлік.
Мұның бәрі, әрине, ең алдымен тынымсыз еңбек пен ізденістің, күш-жігер мен алға қойған өршіл мақсаттың жемісі, жеңісі екені сөзсіз. Қазіргі кезде Гүлбану Бейсембайқызының көптеген шәкірттері егемен еліміздің, тәуелсіз республикамыздың жер-жерінде еңбек етіп, қызмет етуде.
Ол Құдай қосқан қосағы, жолдасы Базарбай екеуі түтіні түзу ұшқан орнықты отбасын құрып, Бекарыс атты ұлдарын, Маржан есімді қыздарын аялап өсірген әдепті әке-шеше. Сол сияқты төрт немеренің асыл әжесі, ардақты атасы.
Гүлбану Бейсембайқызы жақында ғана адам өміріндегі айтулы бел-белес деп есептелетін 50 жасты еңсеріп, ертеңгі күнге де үлкен үмітпен, сергек сеніммен қарап отыр. Біз де мерейтойыңыз құтты болып, алда да абыройыныз арта берсін, дегіміз келеді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.