Саты ауылындағы болған кезімізде Бейсенбек Тотыханов атты жігітпен таныстық. «Ауылдың бір жақсылығы, игі шаруасы болса, соның қасынан табылатын азаматтарымыздың бірі. Қалай дәріптесеңіз де жарасады», – деген еді ауыл әкімі Рүстем Әлімов. Үстіне спорттық киім киген, қағылез жігіт Саты ауылындағы «Көлсай көлдері» ҰТП мемлекеттік мекемесінде шебер болып жұмыс істейді екен. Жоғары оқу орнын бітірген орман пайдалану инженері. Жастайынан спортпен оның ішінде бокспен айналысқан жігіт Алматы қаласындағы дене шынықтыру және спорт академиясын да бітірген болып шықты. Бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Саты ауылдық филиалында бокстан жаттықтырушы болып еңбек етеді. Ең негізі, Бейсенбектей азаматтың он саусағы өнерге толы жан болып шықты.
– Атам Тотыхан, әкем Тұқан аймағына танымал, қол өнерінің шебері әрі бірден-бір етікші болған еді. Содан шығар, біз де игілікті шаруалардан құры алақан емеспіз, – дейді Бейсенбек күлімдей тіл қатып.
Бейсенбектің бос уақыттардағы, қолы қалт еткендегі ең сүйікті кәсіптерінің бірі – ағаштан түрлі аңның, құстың, жан-жануардың бейнесін жасау екен. Біз оның терек ағашынан қарулы саусақтарымен қоянды шеңгелдей ұстап, астына бүріп ұстап отырған бүркітті бейнелеген бір шаруасының үстінен түстік. Арнайы оқыған, тоқыған әйдік мүсіншілердің қолтаңбасынан бірді-бір кем емес. Сөйтіп, Бейсенбектей азаматтың суретшілік, мүсіншілік өнеріне тәнті болдық. «Әй, мынау, алтын бесік – ел іші тегінде өнердің кеніші екен-ау?!», – деп тамсандық. Бір басында бірнеше мамандығы, сүйікті ісі бар, он саусағы өнеріне толы Бейсенбек А. Түркебаев атындағы мектеп-лицейде мұғалім болып еңбек ететін Лиза Нұржаубаевадай асыл жарымен бірге 2 ұл, 2 қызын тәрбиелеп, өсіріп отырған бақытты жайлары бар. Біз оған шын көңілімізбен «Бокстан баптап жүрген шәкірттерің жеңісті, «Көлсай көлдеріндегі» жұмысың жемісті, қол өнерің келісті бола берсін!», – дедік!
Саты ауылы.
Суретте: Саты ауылындағы «Көлсай көлдері» ҰТП ММ-нің мастері, бокстан жаттықтырушы, қол өнер шебері Бейсенбек Тотыханов. Бейсенбектің туындысы.
Қанат БІРЖАНСАЛ.