Бүгінгі таңда ауызсудың мәселесі әрқашан өзекті тақырыпқа арқау болып келеді. Оның айналасында тапшылық та, ысырапшылдық та, үнемділік те – бәрі-бәрі бар. Ауадай қажет бұл тіршілік көзінің өзектілігі біздің ауданда да жоғалтпаған.
Қарасай ауданында 47 елді мекен бар болса, соның алтауы ашық су көздерінен, яғни өзеннен, ал 41 елді мекен жерасты су көздері арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Десе де, халық санының артуына әрі тұрғын үйлердің елді мекеннен тыс орналасуына байланысты туындап жатқан мәселені жоққа шығара алмаймыз. Осы мақсатта қазіргі уақытта аудан бойынша 5 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 4 жоба 2025 жылдан өтпелі болса, біреуі – жаңа жоба. Бұл жайында осы салаға жауапты Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі анық ақпарттармен бөлісті.
Жоғарыда атап өткен жаңа жоба деп отырғанымыз – Кемертоған ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салудың І кезеңі. Оның құрылысына жауапты мердігер ұйым – «Байсын-А» ЖШС. Аталған жоба аясында жалпы ұзындығы 184 км су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту көзделген. Бүгінгі таңда 69 км су құбыры желісі төселіп, қайта жаңартылды. Нысанның құрылыс жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 38%-ды құрап отыр. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2028 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
Ал 4 өтпелі жоба бойынша қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Елтай, Жармұхамбет, Шалқар, Жаңатұрмыс ауылдарында. Ендеше бұл іргелі істердің барысына жеке-жеке тоқтала кетейік.
Алдымен өндірісі өркендеген «Елтай ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салудың» жобасын сөз етелік. Бұл жұмысқа жауапты мердігер ұйым – «ТехноСнаб 2002» ЖШС. Жоба аясында жалпы ұзындығы 19 км су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, жоспарланған 19 км су құбыры желісі толығымен төселіп, қайта жаңартылды. Тұрғындарға ауызсу беруді бастау және нысанды пайдалануға қабылдау актісіне қол қою 2027 жылдың II тоқсанына жоспарланып отыр.
Дәл осындай жобаның бірі Жармұхамбет ауылында да жүзеге асырылуда. «Карат-Z» компаниясы істеп жатқан жұмыстың ауқымы кең. Мұнда жалпы ұзындығы 51 км су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту қолға алынған. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар соңына жетті. Жергілікті тұрғындарға ауызсу беруді осы жылдың желтоқсан айының ортасына жоспарланып отыр.
Шалқар ауылындағы сумен жабдықтауға келер болсақ, бұл жобаға да мердігер мекеме ретінде «Карат-Z» компаниясы жауапты. Жұмыстар барысында жалпы ұзындығы 44 км су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылады. Бүгінгі таңда оның 40 шақырымдық су құбыры желісі дайын. Құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 95%-ды құрайды. Ал жобаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарлануда.
Өтпелі жобаның төртіншісі – Жаңатұрмыс ауылында. Бұл жобаны жүзеге асырушы компания – «КазЕвроСтрой» ЖШС. Бұл ауылда 12,4 км су құбыры желілері салынып, қайта жаңартудан өту жоспарланса, аталған жұмыстың бәрі аяқталды. Қазіргі уақытта су резервуарларын іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Жібек жолы, Көлащы, Береке, Көктоған ауылдарының ауыз су жүйесін жаңғырту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бұл аталғандар бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу Жібек жолы және Көлащы ауылдары бойынша 2026 жылдың соңы болса, Береке және Көктоған ауылдары бойынша 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

