Еліміздің барлық аймағында қоршаған ортаны қорғауға, табиғатқа деген жанашырлықты оятуға және қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кеңінен қанат жайып келеді. Осынау ауқымды жалпыұлттық бастама Қарасай ауданында да жүйелі түрде өз жалғасын табуда. Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан аумағында кезекті жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды.
Әдеттегідей, қарасайлықтар бұл күні ерекше белсенділік танытты. Атап айтқанда, тазалық шарасына барлығы 4 180 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында 530 мемлекеттік органның қызметкер, жалынды жастардан құралған 600 ерікті және елді мекендердің тазалығына бей-жай қарамайтын 3 050 аудан тұрғыны бар. Үлкен-кіші демей, қолына күрек пен сыпырғыш ұстаған көпшілік көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды, арық жүйелері мен жол жиектерін ретке келтіруге атсалысты.
Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесі жақсы. Сенбілік барысында аудан бойынша жалпы көлемі 63 гектар аумақ күл-қоқыстан толықтай тазартылып, қоршаған ортаға зиян келтіретін 53 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Жиналған қоқысты уақтылы полигонға шығару және ауыр жұмыстарды еңсеру үшін 39 арнайы техника тартылды. Коммуналдық қызмет өкілдері мен тұрғындардың бірлескен еңбегінің арқасында біраз уақыттан бері қордаланған аумақтар ретке келтірілді.
Сенбілік тек қоқыс жинаумен ғана шектелмей, жасыл желекті көбейту бағытындағы игі істермен ұштасты. «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұранмен аудан тұрғындары ауданды көгалдандыру мақсатында 70 түп жас ағаш көшетін отырғызды. Оның ішінде қысы-жазы жасыл түсін жоғалтпайтын 35 қарағай мен 35 аққайың көшеті бар. Ендігі кезекте бұл жас шабықтарға тұрақты күтім жасалады. Осылайша ауданның экологиялық ахуалы одан сайын жақсара түспек.
Мұндай тағылымды шаралардың басты мақсаты – тек бір күндік тазалық жұмыстарын жүргізу емес, сонымен қатар елді мекендердің санитарлық жағдайын тұрақты түрде жақсарту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті тереңірек қалыптастыру және әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Өйткені тазалық сақталған жерде береке мен тәртіп орнайтыны анық.
Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

