Осыдан бір-екі жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастар өмірінің негізгі салаларын қамтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жастар саясатын дамытуға бағытталған «Жастар – Отанға» атты жаңа жоба әзірленіп, оның аясында жол картасы бекітілген болатын. Үздік отандық аналитиктер мен саясаттанушылардың қатысуымен, жастар мәселесіне байланысты халықаралық ұйымдар және әлемдік үрдістер мен тәжірибелер ескеріле отырып, дайындалған бағдарлама аясында бүгінде ауданымызда көптеген игі істер атқарылуда.
Осы ретте біз аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажановамен сұхбаттасып, аталмыш жоба аясында жасалып жатқан жұмыстар жайлы толығырақ білуді жөн көрдік.
– Айжан Талғатқызы, жалпы осы жоба жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Бүгінде ауданымызда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Соның негізгі бағыттарының бірі – «Jas Otan» жастар қанатының «Жастар – Отанға» жобасы. Жастармен жұмысқа байланысты негізгі 5 бағыт басты назарға алынған, бұл жобаның биылғы жылға дейінгі арнайы бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Оның бағыттарының барлығы жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға және бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жаңа серпін беретіні сөзсіз.
– Аталмыш жобаның алғашқы бағыты бойынша бүгінде ауданымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жалпы бұл бағдарламаның алғашқы бағыты – аудан жастарының мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердегі үлесін арттыру, жастар арасындағы еріктілердің санын көбейтуге бағытталған. Бұл бағыт бойынша, әсіресе, жастарды волонтерлік жұмыстарға тарту мақсатында біз жылда әртүрлі көптеген қайырымдылық акцияларды белсенді түрде ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, әр салада еңбек еткен ардагерлерге қамқорлық көрсету мақсатында жасалған «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жоба аясында осы жылдың өзінде 30-дан астам ата-апаларымызға көмек көрсеттік. Бұл жұмыстарға 100-ден астам еріктілерді тарттық. Көптеген шаралар өткізу арқылы олардың қатарын жылдан-жылға арттырып жатырмыз, мәселен, өткен жылы волонтер саны 300 болса, биыл тағы да 200 жас қосылды.
Бұдан бөлек, жастардың саяси белсенділіктерін арттыру үшін біз әртүрлі белгілі тұлғалардың қатысуымен жиындар, конференциялар өткізіп отырамыз. Сондай-ақ, жылда ауданымыздың қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, бірқатар жетістіктерге жеткен 10 қарасайлыққа «Жас көшбасшы» сияқты облыстық байқауларда бақ сынауға ықпал етеміз.
– Өзіңіз айтып кеткендей, бұл бағдарламада жастар арасындағы білім сапасын арттыру негізгі басымдық болып отыр. Бұл орайда біздің ауданымызда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бүгінгі таңда елімізде жастардың таңдаған мамандығы бойынша білім алып, қалаған салада еңбек етуіне мол мүмкіндіктер бар. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, қазіргі дамыған заманда елімізде білімнің сапасын арттыру басты мақсаттардың бірі болып отыр. Біздің ауданда да өзге аймақтардағы сияқты, осы бағытта барлық шаралар жасалып жатыр. Нақтырақ айтсақ, біз жастарға өздерінің болашақ мамандықтарын оқушы болған кезінен бастап дұрыс таңдауына көмек көрсетеміз. Ол үшін бірінші кезекте жылда ауданымызға қарасты барлық мектептерде кәсіптік бағдар беру мақсатында білім бөлімінің мамандарымен бірге жиындар өткізіп, оқушыларға әр мамандықтар жайлы пайдалы кеңестер береміз.
Сонымен қатар, ауданымыздан қалаға кетіп жатқан жас мамандарды осындағы жұмыстарға тарту мақсатында «Дипломмен – ауылға» жобасына баса назар аударып отырмыз. Биылдың өзінде аталмыш бағдарлама бойынша 65 жасқа көтерме ақы, 25 жасқа бюджеттік кредит берілді. Осы арқылы оқу жүйесіне жаңа көзқараспен қарайтын жас мамандардың қатарын жыл сайын толықтырып келе жатқанымызды атап айта аламын.
– «Жастар – Отанға» жобасының үшінші бағыты жастарды жұмыспен қамту, жұмысшы жастардың санын көбейтуге бағытталған. Осы ретте бүгінде ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық ахуалы қалай болып отыр?
– Биыл ауданымыздағы 58 390 жастың ішінде 1350-і ғана жұмыссыз екенін айтқым келеді. Бұл көрсеткіш, аудан көлемінде жастардың арасындағы жұмыссыздар саның азайту мақсатында жасалған шаралар белсенді атқарылып жатқандығының дәлелі деп айтсақ болады. Ағымдағы жылдың өзінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 557 жас жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта біз елімізде жастарға арналып жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздықты екі есеге азайтуды көздеп отырмыз. Мәселен, бүгінде ауданымызда «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 46 қарасайлық кәсіптік тәжірибеден өтуде.
Мұнан бөлек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалымен де тығыз жұмыс жасап, оның «Бизнес Бастау» сияқты бағдарламалары арқылы жастарға өз кәсібін ашуға көмек көрсетіп отырмыз. Бұған қоса, жылда елімізде іске асып келе жатқан, «Jasyl El» еңбек жасақтары бағдарламасы арқылы өткен жылы 25 жасты еңбекпен қамтысақ, ағымды жылдың шілде-қыркүйек айларында тағы 100 жасты жұмысқа алуды жоспарлап отырмыз.
– Жобада жас отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуін қадағалау, оларға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмаған екен. Сол бағытта жақын уақытта қандай жұмыстар қолға алынды?
– Иә, бұл жобада жас отбасыларға қолдау көрсету де қарастырылған. Ауданымызда жас отбасыларға баспаналы болуға, әлеуметтік мәселелерін шешуден бөлек оларға өзара қарым-қатынастардың барлық аспектілері бойынша психологиялық және консультативтік қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Бақыт»пилоттық жоба аясында биылдың өзінде ауданның психолог мамандары 68 отбасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнан бөлек, біз бірігіп, отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмау мақсатында аудандық пробация қызметімен де тығыз жұмыс жасаймыз.
– Ал, енді жобаның тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу атты бесінші бағыты жайлы не айта аласыз?
– Жалпы «Жастар – Отанға» жобасы жастардың өзін-өзі дамытуы үшін жан-жақты қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған жоба болғандықтан, мұнда олардың бос уақытын тиімді пайдалануына және дамуына жағдай жасау да айтылып өткен. Осы ретте біздің ауданымызда спорт кешендері мен демалыс орындарын салу жұмыстарына баса мән берілуде. Саламатты өмір салтын насихаттау қаншалықты маңызды болса, жастардың спортқа ден қоюы соншалықты мәнді іс. Осы мақсатпен, ауданымызда жастар арасында футболдан және де басқа спорт түрлерінен турнирлар, жолдастық кездесулер ұйымдастырылып отырады.
Сонымен қатар, «Айбын» сияқты әртүрлі спорттық ойындар өткізіп отырамыз. Мәселен, жақында ғана аудан жастары арасында «Шахмат – бірегей білім көзі» атты 3-ші дәрежедегі шахмат ойынынан жарыс өткіздік. Осыған ұқсас әртүрлі сайыстар арқылы біз жастарды сан алуан ойындарға қызықтырып қана қоймай, сондай-ақ, олардың арасынан болашақ жеңімпаздарды дайындауды көздеп отырмыз. Мұнан бөлек оларды қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында аудандық полиция, пробация бөлімі, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірігіп әртүрлі шаралар ұйымдастырып, рейдтер өткізіп тұрамыз. Сондай-ақ, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, КТК ойындарында өнер көрсету, экологиялық тәрбие мәселесіне көңіл бөлу, т.б. мәселелер төңірегінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, осы және де жоғарыда айтып өткен шараларымыздың барлығы жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстан жастарының игілігі үшін жасалып жатқан бастама екені сөзсіз. Әрі бұл жұмыстар белсенді жастарды қоғамдық өмірге толық араластыруға ықпал ету үшін де маңызды. Біз алдағы бес жылда осы жобадағы көрсетілген бағыттар бойынша белсенді түрде жұмыс жасап, аудан жастарының білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болып қалыптасуына өз үлесімізді қосатын боламыз деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.