«Үйдің тазалығы – иесіне байланысты» демекші, әр өңірдің тазалығы оның әрбір тұрғынына байланысты. Сондықтан тұрғындар оның көркейіп, гүлденуіне бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға ат салысуы қажет. Өйткені кез келген жердің тазалығы халықтың абыройы деп түсінуіміз керек.
Осыған орай жақында Кеген ауданында белсенді жастардың ұйымдастыруымен «Таза ауыл» акциясы өтті. Оның негізгі мақсаты – ауданды көркейту, абаттандыру, тұрғындар назарын айналасын таза ұстауға аудару, өзгелерге үлгі болып, игі істі дәстүрге айналдыру.
Аталмыш акция барысында білек сыбана кіріскен жастар Кеген ауылының Жастар саябағын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ ауылдардағы жас өрендер өз ауылдарында күл-қоқыстарды жинап, көшелерінде тазарту жұмыстарын жүргізді. Кегендік жастар бұл ізгі істерін тазалыққа жаны құмар емес жандарға сабақ болады деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, әрбір тұрғын тазалықты өзінен бастау керек.
«Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» дегендей, бірлесе жүріп, осылайша аз уақыттың ішінде талай аумақты тазалаған аудан жастары өздерінің адал жұмыстары арқылы жергілікті тұрғындарға жақсы үлгі көрсетті деуге болады.
«Таза ауыл» акциясы аясында мұндай ізгі істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.