Еліміздің, болашағымыздың қозғаушы күші жастар болып саналады. Ал жастардың қамсыз өмір сүруі тікелей қоғамға байланысты. Сол себепті де, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарға әрқашан көңіл бөлініп келеді. Осы аптаның сәрсенбісі күні Халықаралық жастар күніне орай Шамалған ауылы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани тыныс-тіршілігіне үлес қосып, мәдени-қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып жүрген облыс жастары дөңгелек үстелде бас қосты.
Кездесу кешіне қарасайлық қана емес, көршілес Жамбыл ауданының да түрлі салада жетістіктер мен үздік нәтижеге жетіп жүрген жастары арнайы шақырылды. Сонымен қатар бұл жиынға Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Балжан Досалы, облыстық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров құрметті қонақтардың қатарынан табылды.
Алдымен жиынға шақырылғандар аталмыш орталықты аралап, мұнда орналасқан Елбасымыздың есімімен байланысты экспонаттармен танысып өтті. Нақтырақ айтқанда, оларды музей қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың бала кезінен бастап осы уақытқа дейін қолданған заттары, онымен байланысты құнды құжаттарды, кітаптар мен фотоматериалдарды көрсетті. Музейдің экспонаттарымен танысқаннан кейін жастар мәжіліс залына жиналып, «Жаңа Қазақстанды» құру жолында қандай істер атқарылуда, «Art sport» бағдарламасы болашағы қандай, ұлттық идеологияны нығайту үшін не істеу, жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдарламарды насихаттаудың қажеттігі және тағы басқа осы сынды қоғамдағы өзекті мәселелер аясында ашық әңгіме өрбітті.
Түйткілді ой мен пікірлер ортаға салынған кездесуді бір сергітіп алу үшін айтыскер ақын Аяулым Дюсекова арнау орындап, аудандық Мәдениет үйінің өнерпазы әуелете ән шырқады. Жиынның соңында қос ауданның абыройын облыстық, республикалық деңгейде асқақтатып жүрген жастардың жеткен жетістіктері, қолға алған жобалары мен тындырымды ісі атап айтылып, Алғыс хаттар табыс етілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.