Осы аптаның сейсенбі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрақты есептік кездесуі Бекболат ауылының тұрғындары үшін өтті.
Бекболаттықтардың су сапасына көңілі толмайды
Бекболат ауылында қаншама жылдан бері өзекті болып келе жатқан су мәселесі шешімін тапқанымен, судың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Бұл жайында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың аталған ауылда болған есептік кездесуінің барысында айтылды.
Бекболат пен Қайнар ауылдарының тұрғындарын мазалаған су мәселесін шешу мақсатында бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп, өткен жылы аталған ауылдардағы ауыз су жүйелеріне толықтай жөндеу жұмыстары өткізілген. Осылайша тұрғындар сумен қамтамасыз етілді. Десе де осы кездесу барысында ағыны жақсы болғанымен, сары су ағып тұр деген тұрғындардың шағымын аудан басшысы назардан тыс қалдырған жоқ. Жандарбек Ермекұлы Бекболат ауылында су жүйесіне жауапты «Вeyazh trans» ЖШС мен «Таусамалы қызмет» КМК мекемелерге жазға дейін суды резервуарларда тұндыру арқылы ауылдың ішкі құбырларына жіберетін жүйені қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар, жиында алдағы уақытта судың басына сүзгі құрылғыларын орнату үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетіні туралы айтылды.
Бекболаттағы учаскелік полицейдің пунктінде кімдер отырады?
Бірінші Май ауылдық округінің тыныштығына жауапты учаскелік полицейлер бүгінгі таңда Шамалған ауылында отыруға мәжбүр. Ал Бекболаттағы учаскелік полицейге арналған пункт жалға беріліп кеткені жайында аталмыш ауылда өткен есептік жиынында көтерілді.
Жергілікті халықтың айтуынша, полиция қызметкерлері отыратын ауылда екі учаскелік пункт бар. Оның бірі тұрғынға жалға беріліп кетсе, екіншісі қараусыз, бос күйінде тұр. «Қажет уақытында учаскелік полицейді таппай қаламыз», – деп ашынған жұрт, наразылығын білдірді. Бекболат ауылының тәртіп сақшысы құқық бұзушылық кезінде ғана емес, дәл осы жиында да төбе көрсетпеді. Айтылған мәселе аудан әкімі Жандарбек Ермекұлын да таңғалдырды. Осыған дейін учаскелік полиция қызметкері әкімдікке берген жауабына сүйенсек, ол Шамалған ауылында отыру себебін, мекеменің ішінде газ орнатылмаған деп түсіндірген. Аудан әкімі Бірінші Май ауылдық округі әкімінің орынбасары Хизат Молдыбаевқа көгілдір газды орнату мәселесін қарастыруды тапсырып, жылыту мерзімі аяқталғандықтан учаскелік полицейге Бекболат ауылындағы пункте келіп отыру қажеттілігін айтты.
Ал екінші учаскелік пункт жеке адамның меншігіндегі нысан болып табылады екен. Оның қандай мақсатта қолданылып жатқаны белгісіз. Сондықтан Жандарбек Ермекұлы ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне және Бірінші Май ауылдық округі әкімдігіне ол пунктің кімнің иелігінде екенін анықтауды тапсырды. Келешекте, бәлкім, оны әлеуметтік нысан ретінде қолданылу мүмкін.
Бұрым Орынбасар.