Бүгінде Қаскелең қаласында орналасқан «Достар» көтерме бөлшек базарының маңында қолайсыздық тудырып отырған заңсыз сауда нүктелері көбейіп кетті. Осыған байланысты қала әкімдігіне бірқатар базар сатушыларынан шағымдар келіп түскен еді. Туындаған мәселені тексеріп, оны шешу жолдарын табу мақсатында аптаның сейсенбісі күні қала әкімі Асқар Мұқашев жергілікті учаскелік полиция қызметкерімен бірге рейдтік жұмыстарын жүргізді.
Алдымен қала әкімі заңсыз саудамен айналысып отырған сатушылардың шағымдарын тыңдады. Олардың айтуынша, базардың ішіне кіріп, өзгелер сияқты заңды саудамен айналысайын десе онда орын жоқ, ал табылған жағдайда жалға алу бағасын қалталары көтермейді. Осы ретте саудагерлер әкімнен арзанырақ орын тауып берулерін өтінді. Алайда, Асқар Өкенұлымен бірге саудагерлердің наразылығын тыңдаған базар басшылығы осы уақытқа дейін оларға екі рет базардың ішінен көбісінің әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан орналасып алғандарына дейін күніне 300 теңгеден төлейтіндей орын бергендерін айтты. Бірақ олар ұсынған орындар тым алыста екенін және мұнда тұрып ақша таба алмайтындықтарына шағымданып, кетіп қалған. Қала басшысы екі жақпен тағы бір рет сөйлесіп, саудагерлерді базар басшылығы ұсынған орынға тұрып, сауданы заңды түрде жүргізуді сұрады.
Бұл шешімге осы базардан 80-100 мың теңге жалға алып, саудасын жүргізіп отырғандар наразылықтарын білдірді. Сатушылардың айтуынша, сырттағылардың көбісінің жағдайы бар бірақ, олар әдейі жалға алу арқылы салық төлемеу үшін сауданы сыртта жүргізеді деп шағымданды. Сондай-ақ, заңсыз саудамен айналысатындар осы уақытқа дейін көптеген қолайсыздықтар тудырып, іштегілердің саудасына кедергі келтіргендерін айтып, сырттағыларды басқа жерге көшіруді талап етті.
Рейд барысында жағдайды өз көзімен көріп, екі жақтың саудагерлерінің наразылығы мен өтініштерін тыңдаған қала әкімі оларды сабырлыққа шақырып, жақын арада базардың басшылығымен келіссөздер жүргізіп, екі жаққа да ыңғайлы болатын шешім табатындығын жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.