Адамдар өмірін құтқару –жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болғанда адамға қол ұшын созу кез келгеннің қолынан келе бермес. Өзгенің өмірін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйіп қызмет етіп жүрген азаматтарымыз қандай мадаққа да лайықты. Елімізде жыл сайын 19 қазанда Құтқарушылар күні атап өтіледі. Өз ісіне адал жан, иә, қол бастаған жақсы басшы бар жерде қызметтің де оңды жүрері анық. Бұл мақалада қазіргі таңда Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы қызметін абыройлы атқарып жүрген Асқар Мұқашев жайлы әңгіме өрбітетін боламыз.
Асқар Талғатұлы 1983 жылдың 21 қарашасында Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылында дүниеге келген. Туған жерінде мектеп табалдырығын аттап, ал, 8 сыныпқа келгенде Алматы қаласындағы №2 Абай атындағы мектеп-интернатқа ауысқан. Одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіннің «философия және саясаттану» факультетінің бакалавриатына түсіп, сол мамандықтың магистрлік дәрежесін қорғаған. Қосымша КазҰПУ унверситетінде «заңгер» мамандығы бойынша біліктілігін арттырып, диплом алған. Ойлана келе ол нағыз ер азаматтарға тән қызмет деп құтқарушы боламын деп шешеді. Осылайша еңбек жолын 2009 жылдың тамыз айында Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде өрт бойынша анықтаушы (дознаватель) болып бастайды. Жұмыс барысында Асқар Мұқашевтің куә болған қиын сәттері, өкінішті өрт оқиғалары өте көп. Тілсіз жаудың «тілін» ұғып, оны тез құрықтаудың жолын тәжірибелі маман ғана ұйымдастыра алады. Кейіпкеріміздің тікелей араласқан бір оқиғаны еске алайық.
…2010 жылдың ортасына таман Құмтоған ауылындағы қарттар мен мүгедектерге арналған пансионат өртенді. Ол ғимараттың басым бөлігі қамыстан салынған еді. Өрт электр сымдарының қызып, тұйықталуынан болғандықтан от бірден төрт аймақтан тұтанды. Сөйтіп, оның салдарынан пансионаттың бірінші қабаты өртке оранды. Қауіпті аумақта, нақтырақ айтқанда, ғимараттың екінші қабатында қариялар қалды. Өйткені, ол егде жастағы адамдардың басым көпшілігі төсекке таңылған, қозғалуы қиындаған жандар еді. Асқар Талғатұлы көп ойланып тұрмастан жастықтың екпінімен әріптесі (сол кезде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде бас маман, қазір зейнетте) Вячеслав Шпирко екеуі жоғарғы қабаттағы 33 қарт адамның әрқайсысын жеке-жеке көтеріп, құтқару-эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Абырой болғанда адам шығыны, жарақат алғандар болған жоқ. Бұл тәжірибелі мамандар Вячеслав Степанович пен Асқар Талғатұлының қиын сәтте абыржымай, сауатты да нақты әрекет етуінің нәтижесі болатын.
– «Бала – бауыр етің» деп тегін айтылмаған ғой. Төтенше жағдайлар орын алған кезде ата-аналардың балаларының өліміне сенуі өте қиын. Өрттің ішінде қалып, суға батып, көлік апатына және осы сынды оқыс оқиғаның салдарынан өмірі қиылып түскен ұрпағының «мүмкін әлі тірі шығар» деген үміттері ұзаққа дейін үзілмейді. Жалпы, жақындарынан айрылып қалған адамдарды сабырлыққа шақыру оңай емес. Өрт пен селдің салдарынан үйсіз қалған отбасы қаншама! Мәселен, өткен жылы Қырғауылды ауылында бір азамат өзін үйдің ішінде өртеген. Үйі түгел жанып, әйелінің денесінің 80 пайызы зақымдалған. Абырой болғанда балалар мектепте болыпты. Ол азамат көз жұмды. Ал, әйелі мен балалары далада қалды. Осындай тағдыр тауқыметіне шыдамай, ашу мен ыза үстінде өз-өздеріне қол жұмсайтын адамдар да кездеседі. Біз олардың барлығына уақытында көмек көрсетуге тырысамыз. Оқиға қауіптілігін анықтап, арнайы жауапты мамандарға тапсырамыз, – деп қызметінің тағы бір қырымен бөлісті кейіпкеріміз.
Расымен құтқарушылардың жұмысы елдің алғысын алатын нағыз ер мінезді азаматтарға арналған. Халықтың, мемлекеттің мүлкін, адам өмірін құтқаратын бұл мамандыққа жастардың көпшілігі шыдай бермейтін көрінеді. Дегенмен, Асқар Талғатұлы табандылығы мен қызметіне деген адалдығының арқасында осы салада үздіксіз 12 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді. 2009 жылы Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде өрт-анықтаушы болып орналасқан, 2013 жылы аға инженер қызметінде болып, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін бас маман болып істейді. Осы мамандықты таңдаған соң, әрі қарай біліктілігі мен білімін жетілдіріпті. Нақтырақ айтқанда, 2017 жыл мен 2020 жылдың аралығында Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет университетінде өз саласы бойынша магистрлік дәрежені қорғап, диплом алған.
Таңдаған кәсібін сүйіспен-шілікпен, адал да мінсіз атқаратын кейіпкеріміз бүгінде бір отбасының тірегі. Жары Назгүл Мұқашева екеуі Диана, Асылайым, Алтынай есімді қыздарды және Рамазан атты ұлды тәрбилеп, өсіріп отыр. Бойындағы барлық мінезі мен жұмысына деген жауаптылық ата-анасынан дарыған. Әкесі Талғат Мұқашев Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында ветеринариялық станция басшысы болса, анасы Гауһар Садыкова сол салада лабораторияда істеп, зейнетке шыққан.
Осындай жерлестерінің жайлы өмір сүруіне оң ықпалын тигізіп жатқан қызметкерлердің еңбегі еленсе игі. Тіпті, сұхбат барысында да төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерінің сөзге жоқ екендігін байқадық. Бұл, оларды даттағанымыз емес. Керісінше, кенеуі жоқ көп сөзден гөрі қолдарынан іс келетін азаматтарды мақтамасақ, басшылық қолдамаса – кім болғанымыз! Бұл жауапты істен мол сауап жинап жүрген азаматтарымыз аман болғай. Иә, бүгінде төтенше жағдайлар қызметкерінің беделі жоғары. Бұл жауапты да қиын мамандықты игеру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сала мамандарының өз істерін абыроймен атқаруы құтқарылған адам өмірімен өлшенеді. Сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын маман құтқарушылардың қызметіне қоғам әрқашан зәру.
Кәсіби мерекесі кезінде біз Азаматтық қорғаныс саласында жүрген барлық құтқарушылар қауымын құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.