Жамбыл ауылдық округінің жергілікті халқын алаңдатқан мәселелердің реті биылғы жылы өз шешімін таппақ. Көптің көкейінде жүрген сан сауалдар мен оның жауаптары сәрсенбі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың онлайн форматта өткен есептік кездесуінде айтылды. Қашықтан өткен жиынға аудан басшысымен бірге оның орынбасарлары, бірнеше бөлім басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Жамбылдықтардың тарапынан өтініш ретінде былтыр 12 ұсыныс түскенін айта кеткен жөн. Оның ішінде ең бастысы – округтің құрамына кіретін Батан ауылындағы мектеп мәселесі. Оның нәтижесінің оңтайлы түрде аяқталуы жоспарда бар. Қазіргі уақытта белгіленген 2,2 га жер телімінде мектептің құрылысы басталды. Жұмыс жоспары сәтті аяқталса, білім ордасы ағымдағы жылы қолданысқа беріледі.
Дәл осындай игі бастамалардың тағы бірі алдағы уақытта Жамбыл ауылында да жүзеге асыралатын болады. Анығын айтқанда, құны 3 млн. 334 мың теңгеге халық игілігі үшін спорт алаңын салу жоспарда тұр.
«Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында округ бойынша екі бірдей ауқымды жұмыстың атқарылуы көзделуде. Мәселен, Батан ауылының су жүйесін қалыпқа келтіріп, ондағы мұнараға жөндеу жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, аталған бағдарламаның шеңберінде Жамбыл ауылына қарасты Сәтпаев көшесін қалыпқа келтіру. Барлығына да қажетті қаражаттар бөлініп, қарастырылған.
Жоғарыда көрсетілген осы және басқа да игі істердің барлығын округ әкімі Тұрарбек Ташов осы аптадағы аудан әкімінің онлайн-есептік кездесуінде жан-жақты баяндап, көпшілікке нақты түсіндірді.
Тікелей эфир барысында округ тұрғындарының өтініш-тілектері де ескерілді. Әсіресе, әлеуметік мәселелер жиі талқыға түсіп, газдың тариф бағасындағы қымбатшылық көп айтылды. Оны округ әкімі Т.Ташов осы қызметке жауапты «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-на тек қолдаухат жолдау арқылы ғана шешуға болатынын түсіндірді. Ол үшін округ басшысы өзінің жеке қабылдауына жазылып, жолығуын сұрады.
Қашықтан өткен жиында Қошмамбет ауылының жергілікті халқы мектеп қажеттілігін айтып, нақты жауап беруін өтінді. Өз кезегінде аудан басшысы жер телімі табылса, қажетті қаражат бөлуге атсалысатынын жеткізді.
Халықты толғындарған мәселелердің ішінде жарық пен судың да тапшылығы талқыға түсті. Оның алғашқысын шешудің ең бір қарапайым жолы – осы қызметке жауапты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның негізгі талабын орындау. Бұл жайында аудан басшысы да, округ әкімі де көпшілік үшін тиісті түсініктерін берді. Бұл үшін тұрғындар легі заңды түрде жарықпен қамтылу үшін тек қана аталған компанияның техникалық шарттарын орындаса жеткілікті.
Ал, ауыз судың жағдайын аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы 2023 жылға дейін жұмыс жоспары толық жүзеге асырылатын «Қаскелең су топтамасы» деп аталатын жобамен байланыстырды. Дәл осы бастамада Батан мен Жамбыл ауылдарында толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жағы қарастырылған.
Жергілікті тұрғындардың тікелей эфир кезінде Батандағы Мәметова, Бәрібаев, Қошмамбеттегі Қосағаш сынды көшелердің жөнделуіне қатысты сұрақтары да қамтылды. Округ басшысы Тұрарбек Тұрсынбайұлы аталған көшелердің кейбірін қалыпқа келтіру бойынша қаражатқа сұраныс хат жолданғанын айтты. Яғни, оның айтуынша алдымен бұрынғы, кейін жаңа құрылыста пайда болған көшелер жөнделеді.
Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, ауыл арасындағы қаңғыбас иттердің көптігі де сөз болды. Ж.Далабаев оны округ басшысына жақын арада шешуін тапсырды. Сонымен қатар, аудан басшысы дүкендердегі азық-түлік бағасының өсуіне қатысты халықтың наразылығын алға тартып, арнайы мониторинг жасау керектігін жеткізді. Ал, Батан ауылындағы жайылым жерлердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені Жандарбек Ермекұлы осы салаға жауапты өзінің орынбасары Қ.Аймановқа жүктеді.
Осылайша, жам-былдықтардың сан сауалдары жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі барлық мәселе оңтайлы шешу үшін әрі тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін ескеру мақсатында округ басшысына айына бір рет, орынбасарларына тоқсанына бір рет жергілікті халықпен кездесу керектігін міндеттеді. Ал, өзі жарты жылда бір рет кездесу ұйымдастыратынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.