Қазақстанның саяси сахнасындағы әділетті Қазақстанның жаңа кезеңі бүгіннен бастау алды. Жақында өткен сайлаудың нәтижесі бойынша жұртшылықтың басым сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Президент қызметіне кірісіп, салтанатты түрде ант берді.
Мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға қатысты біраз бастамаларды көтерді. Әділетті мемлекет, әділетті қоғам, әділетті экономика құратынын айтып, елдің ертеңі үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын түсіндірді.
«Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деп сенімді сөзін арнаған Президент бұл жолы да халық үшін еңбек етуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының ұлт тағдыры жолында жасайтын жұмыстарына зор үміт артамын. Ілгері істеріне халық болып қолдаймыз. Оның саяси ұстанымына күмәнсіз қарап, мемлекеттің мерейін одан әрі арттырады деген ойдамын.
Жұртшылықтың қолдауы Президенттің байыпты бастамаларына ықпал ететінін анық. Сондықтан ел болып, жаңа Мемлекет басшысымен жаңа Қазақстанның келешегіне бірге қадам басайық.
Орынбасар ӘЛІМ,
Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар мемориалды» музейінің меңгерушісі