Осы аптаның бейсенбісі баспанасыз жүрген әлеуметтік осал топқа жататын қарасайлықтар үшін берекелі болды. Оларға тұрғын үй кезегі бойынша Шамалған ауылындағы жалға беру құқығынсыз 20 үйдің кілті табыс етілді. Бұл үйлер «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілді.
Қоныс тойдың қуанышына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, салтанатты жағдайда жеке тұрғын үйдің иелерін құттықтады.
– Келесі жылы да осындай баспаналардың қатарын арттырсақ деген жоспарымыз бар. Осы бағытта қазір тиісті жұмыс атқарылуда. Ең бастысы еліміз тыныш болып, экономикамыз артса, әлі-ақ мұндай үйлер көп болады деген ойдамын. Ал бүгінгі босағаларын алғаш аттағалы тұрған азаматтардың шаңырақтары биік болсын дегім келеді. Үйлеріңіз берекелі болып, құтты қонысқа айналсын, – дей келе аудан басшысы тізім бойынша 20 отбасыға жаңа үйлердің кілттерін табыстады.
Қуаныш иелерінің арасынан ақсақал Аманжол Өтегенов осы істің басы-қасында жүрген басшыларға шынайы ризашылығын білдіріп, барлық көршілерін қауымын құттықтады.
Шамалған ауылындағы жалға берілген бұл жеке үйлердің құрылысын «Ас Строй» ЖШС жүргізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.