Елімізде баспанаға деген қолжетімділіктің аздығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты да осыны тиімді жолмен шешуге арналған. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанаға жету жолын нақты қарастыру.
Күрмеуі қиын бұл мәселенің біздің ауданда да түйіткілді болғанымен, уақыт өткен сайын мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету істері ілгерілеп келеді. Оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың жағдайы басты назарға алынған. Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта тұрғын үй бойынша бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Ендеше, көптің көңілін алаңдатқан баспана мәселесін шешу жолындағы жұмыстарды түсіндіріп, аудан бойынша пайдалануға берілетін және келешекте іргетасы қаланатын үйлерге ерекше тоқталуды жөн көріп отырмыз.
2020-2022 жылдар аралығында «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында, Әйтей ауылдық округінде «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Мұнда 2 қабатты 520 пәтерлі 130 «таунхаус» сипаттағы үйлер салынуда. Аталған жобаның 2-кезеңінде 200 пәтерлі 50 үйдің құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында толық аяқталды. Ал, 3-кезеңінде 40 «таунхаус» үйдің құрылысы 2020 жылдың 19 тамыз күні басталды. Орындалу мерзімі ағымдағы жылдың 30 тамызына деп жоспарлануда. Құрылыс жұмысын мердігер компания – «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС жүргізіп жатыр.
Дәл сол сияқты 3-кезеңінде тағы да 10 «таунхаус» үйлерінің құрылысы жүруде. Оның құрылысына «Казстройподряд» ЖШС-і жауапты екенін айта кету керек. Пайдалануға берілетін мерзімі – 2021 жылдың тамыз айы.
Ал, «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінің қалған 4-кезеңі бойынша 120 пәтерлі 30 үйдің құрылысына 2021 жылға қаражат бөлініп, Алматы облысы мемлекетік сатып алу басқармасында мердігер мекемені анықтауға ашық конкурс жарияланды.
Пайдалануға дайын тұрған баспаналардың қатарында Шамалған ауылындағы жалгерлікке берілетін 20 жеке тұрғын үй де бар. «Ас Строй» ЖШС құрылысын жүргізген бұл үйлердің іргетасы өткен жылдың тамыз айында қаланған болатын. Биыл 29 мамырда толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда бұл жерде инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар толық аяқталғанда қолданысқа берілетін болады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, «Өмірзақ» түрғын күй кешенінде 80 үй көпбалалы отбасыларға сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Ал, мұндағы басқа да баспаналар мен Шамалғандағы жер үйлердің кімдерге тиесілі екені әлі белгісіз. Олардың барлығы облыстық басқарманың тапсырмасы арқылы арнайы санат бойынша тұрғын үй кезегіне тұрған мұқтаж отбасыларға табысталатын болады.
Қарасай ауданында алдағы уақытта көп қабатты тұрғын үйдің саны да артатынын айтқымыз келеді. Жеке инвестор есебінен Қаскелең қаласының солтүстігінде «Үшқоныр сити» және солтүстік-батысында «Ұлытау» тұрғын үй кешені салынады деген жоспар бар. Сондай-ақ, ауылды жерлерде де дәл осындай баспаналар бой көтереді. Атап айтқанда, Жаңатұрмыс ауылында «Экопарк Алатау» салынса, Абай ауылында «Абай сити» тұрғын үй кешендерінің іргетасы қаланады. Жоғарыда атап өткен қала мен ауылдарға көрік беретін бұл нысандардың барлығы 9 қабатты болады деп күтілуде.
Баспана мәселесі бірден шешілмейтіні анық. Дегенмен, оған деген мұқтаждықты жою мақсатында ауданымызда мемлекеттік қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Талап бар жерде, межелі міндеттер де орындалады деген сенімдеміз.
Суретте: Әйтей ауылындағы екі қабатты «Өмірұзақ» тұрғын үйлер, Шамалған ауылындағы 20 жалгерлік тұрғын үй.
Дидар МУХАМАДИЕВ.