Бүгінгі таңда біраз қазақстандықтардың баспана мәселесі әлі де өзекті тақырыптардың қатарында.
Өзінің жекеменшік үйіне қол жеткізу – әрбірінің арманы. Мұндай жағдайда тұрғындар үшін тиімді несиелендіру үрдісі ғана ұтымды амал болып табылады. Ал, аз уақыттың көлемінде оны қалай жүзеге асыра аласыз? Бұл ретте тек баспана мәселесін шешу жолында қызмет ететін, көптің көңілін өзіне аудартқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жайлы сөз қозғауға болады. Жақын уақытта бұл қаржы мекемесінде бірқатар өзгерістер күтілуде. Мәселен, «Отбасы банкінің» қалыптасуы мен соңғы уақытта елдің құлағын елең еткізген «5-10-20» атты мемлекеттік бағдарламасы жайлы айтуға болады.
Осы және басқа да санаулы сауалдарға жауап алу мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Ержан Молдабаевпен әңгімелескен едік.
– Ержан Ермұханұлы, халықтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін құрылатын «Отбасы банкі» қандай қызметтерімен ерекшеленеді? Мақсаты мен тиімділік жақтарына тоқтала кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Отбасы банкі» осы жылдың соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» негізінде құрылады. Ол тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлуді бір орталықтан атқаратын болады.
Үкімет тарапынан қойылып отырған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін осы жылдың соңына дейін әкімдіктерден «Отбасы банкіне» беру жоспарланып отыр. «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынады және де алғашқы баспанамен қамтамасыз ететін орталыққа айналады. Бұл жағдайда, ел азаматтарына банктен займ алу үшін тұрғын үйге мұқтаж ретінде өз статусын растау мақсатында бірнеше мекемеге барып, кезекке тұрудың, одан кейін несие алу үшін банкке бөлек келудің қажеті болмайды. Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық ресурстары азаматтарды, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету процесін жылдамдатады. Кезектілікті басқару мүмкіндігін кеңейтеді және баспанаға мұқтаж азаматтардың үй алу процедураларын жеңілдетеді. Одан бөлек, банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде өзінің негізгі қызметін жалғастыратын болады.
– «Бақытты отбасы» және соңғы уақытта көп айтылып жүрген «5-10-20» мемлекеттік бағдарламалары қалай жүзеге асырылады? Кімдер осы аталған бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізе алуы мүмкін?
– «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін соңғы алты ай ішіндегі табыстың мөлшері екі күнкөріс минимумынан (КМ) артық болмауы керек (2020 жылы КМ 65 336 теңгеге тең). Бұл әлеуметтік бағдарламаға көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Несие сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда, оларға займ жылдық 2%-бен беріледі. Займ мерзімі – 20 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Ал, «5-10-20» бағдарламасына келетін болсақ, ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы сияқты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бір бағыты боп есептеледі. Өзге тұрғын үй бағдарламалары секілді, бұл жобаны еліміздегі тұрғындарды өте тиімді шарттар бойынша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп жатқан қосымша шара деп айтуға болады. «5-10-20» бағдарламасына негізінен әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған адамдар қатыса алады. Банк несиелік өтінімдерді қарастыру кезінде отбасының табысына басты назар аударады. Бекітілген талаптарға сәйкес, отбасы мүшесіне келетін табыс мөлшері 3,1 күнкөріс минимумынан, яғни, 101 270 тг-ден аспаса, онда үміткер «5-10-20» бағдарламасына қатысып, үй алуына болады. Тағы бір ерекше айта кететінім, Қазақстанның кез-келген тұрғыны әкімдікке баспана кезегіне тіркелу арқылы осы бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізе алады. Басты шарт – жеке басында тұрғын үйі болмауы тиіс.
– Ержан Ермұханұлы, сұхбат соңында сұрайын дегеніміз, өзіңіз білесіз, мемлекетімізде Президент Жарлығымен 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай енгізілген болатын. Осы кезеңде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тарапынан банк клиенттеріне қандай көмектер көрсетілді?
– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Коронавирус індетінің таралуы еліміздегі мекемелер мен ұйымдардың жұмысына бірқатар қолайыздықтар әкелгені жасырын емес. Алайда, осыған қарамастан, біз ауқымды жұмыстар жүргізіп, бірқатар бизнес-процестерді оңтайландырдық. Соның арқасында клиенттердің банк қызметтерін ыңғайлы әрі қауіпсіз жолдармен алуы үшін көптеген қызметтерімізді онлайн сервистер арқылы көрсеттік.
2020 жылдың 16 наурызынан бастап қаржылық қиындық көріп отырған клиенттерге 90 күн мерзімге несие төлемін шегеру мүмкіндігі берілді. Уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұлдар және өсімпұлдар есептелмеді. Өтініш 15 сәуірден бастап «ЖССБ24» интернет-банкингінде қабылданды. Сонымен қатар, банктің интернет-банкинг, «WhatsApp» және «Telegram» мобильді қосымшалары арқылы төлем терминалдары, «300» нөмірі бойынша пайдалаунға болатын IVR жүйесі секілді қашықтан қызмет көрсетуге арналған сервистері тәулік бойы істеп тұрды.
Ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ үйден шықпай-ақ алуға болатын онлайн-қызметтердің жаңа түрлерін енгізді. Атап айтсақ, 20 сәуірден бастап клиенттерімізге банк сайтындағы «Видеоқоңырау» сервисі арқылы бірқатар мүмкіндіктер ұсынылды. Олар:
– ағымдағы шотты ашу;
– реквизиттерді өзгерту (жеке куәлік, телефон, мекенжай және т.б.);
– салым шарттарын өзгерту (мерзім, сомасы);
– ағымдағы шоттан басқа банктегі өз шотына қаражат аудару;
– салымды бөлу;
– салым туралы шартты бұзу секілді қызмет түрлерін жүзеге асыру.
– Барлық айтқан ақпараттарыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Дидар МУХАМАДИЕВ.