Аудан экономикасы мен халқының жағдайын жақсарту мақсатында өңірде жыл санап әртүрлі бағыттағы ірі әлеуметтік және кәсіптік нысандар бой көтеруде. Осы ретте газетіміздің ағымдағы жылғы соңғы нөмірінде ауданымызда тұсауы кесілген бірқатар нысандар туралы қысқаша деректер беріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Доландағы дәрігерлік амбулатория
Райымбек ауылдық округінің тұрғындары ұзақ күткен, Долан ауылында орналасқан бұл дәрігерлік амбулатория «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде салынған. Оның құрылыс жұмыстарын мердігер компания «GOLDEN CITI DS» ЖШС жүргізген.
Жобалық құны 460 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адам қабылдай алады. Мұнда, дәрігерлік жәрдемге дейінгі, алғашқы және білікті медициналық қызмет көрсетіледі.
Нақтырақ айтқанда, барлық жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған амбулатория ғимаратының ішінде қабылдау бөлмесі, жалпы тәжірибелік дәрігерлер кабинеттері, күндізгі стационар, стоматологиялық, гинекологиялық, процедуралық және физиотерапия кабинеттері, зертхана, изолятор, фильтр бар. Сонымен қатар, мұнда 18 қызметкер, оның ішінде екі жалпы тәжірибелік дәрігер және жеті медбике жұмыс істейді.
Ғимараттың жалпы ауданы 550 шаршы метрді құрайды.
Батандағы жаңа мектеп
Жаңа оқу жылында балаларға есігін айқара ашқан Батан ауылындағы екі қабатты білім ордасы 450 оқушыға лайықталған. Оның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 16 шілдесі мен ағымдағы жылдың 28 тамызы аралығында жүргізілді. Мердігер компания «СП «Neft» ЖШС. Әлеуметтік маңызы зор бұл нысанның құрылысына республикалық бюджеттен бір миллиард теңгеден сәл астам қаржы бөлінген.
Жаңа мектептің құрылымы туралы айтатын болсақ, ол бес бөліктен тұрады. Нысанның оқушылар сабақ оқитын бөлігі үш қабатты. Олар компьютерлермен және интерактивті тақталармен жабдықталған, орыс тілі мен орыс әдебиеті, математика, химия, биология, информатика және басқа да пән кабинеттері, сондай-ақ, үлкен спорт залы, жиынзалы, асханасы, медициналық бөлім бар. Ал, технология сабақтарын өткізуге арналған шеберханалар жеке ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ, стадион, футбол алаңы, баскетбол және волейбол ойындарына арналған спорт алаңы бар.
Бір сөзбен айтқанда, жаңа мектепте білім алушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы аумағы 2200 гектарды құрайды.
Әйтей ауылындағы спорттық кешен
Әйтей ауылында ескі мектептің аумағында орналасқан аумағы 1732,7 шаршы метрді алып жатқан заманауи үлгідегі спорттық кешен «Samruk Kazyna» қорының қолдауымен салынған. Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа нысан толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Кешеннің ішінде спортшылардың шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі мен бокс сияқты спорт түрлерімен айналысуы үшін әмбебап жаттығу залдары орналасқан. Сондай-ақ, мұнда жүгірумен айналасатындарға арналған екі жолақты жүгіру жолы да бар. Келушілерге ыңғайлы болу үшін киім ауыстыратын бөлмелер мен жанкүйерлерге арналған жылжымалы стендтер де орнатылған.
Сондай-ақ, спортшылар үшін санитарлық-тұрмыстық жағдайлар да талапқа сай жасалынған. Қысқасы, мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіндік мол.
Спорт кешені ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады.
«Street Workout» алаңдары
Қазіргі таңда ауданымызда жастар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттау және де спортпен шұғылдануға ынталандыру мықтап қолға алынуда. Осы ретте ауданымызда биылдың өзінде 14 «Street Workout» алаңдары салынып, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туды.
Ашық аспан астындағы спорт алаңдарының бәрі дерлік екі бөліктен тұрады.Нақтырақ айтқанда, воркауттың бір бөлігінде балалардың және жеткіншектердің дене шынықтырумен айналасуына арналған әртүрлі темірден жасалған спорттық құрылғылар (өрмелеуіш, турниктер) орналасса, екінші жағында кішкентай балаларға арналған ойын алаңы жасалған. Бұған қоса әрқайсысында көпшілікке арналған кішігірім демалыс орындары да бар.
Қаскелең қаласы мен Жандосов округі әкімдіктерінің ғимараттары
Биыл жаңа жылды Қаскелең қаласы әкімдігінің қызметкерлері де жаңарған ғимаратта қарсы алады. Нақтырақ айтқанда, 40 жыл бұрын салынған ғимарат биыл күрделі жөндеу жұмысынан өтіп, жаңартылды.
Шатыры қайта қалпына келтіріліп, терезе мен едені ауыстырылды. Бірінші қабатта орналасқан әкім мен мамандар кабинеттерінің барлығы дерлік «ашық кеңістік» қағидасы бойынша, яғни, әйнектермен бөлініп жасалған. Сондай-ақ, мұнда әкімдіктің ескі ғимаратында болмаған мәжіліс залы да бар.
Бүгінде зәулім де жарық, жылы да кең ғимаратта әкімшілік қызметкерлері тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігінің қалыпты деңгейде, үзіліссіз жүргізілуі үшін күш салуда.
Мұнан бөлек биыл Жандосов ауылдық округі әкімдігінің жаңа ғимараты да пайдалануға берілді. Оның құрылысын «Компания Бауыр Құрылыс» ЖШС жүргізген еді. Ғимарат әкімшілік ғимаратқа сай стандарттар мен талаптарға сай салынған. Жұмыс істеуге, халыққа қызмет көрсетуге өте қолайлы екенін баса айтқымыз келеді. Әкім мен мамандар отыратын кабинеттер әйнекпен бөлінген. Бұл оларды көпшілікке қолжетімді және ашық болуы үшін жасалған.
Сонымен қатар, жаңа нысанның аймағында көлік қоятын тұрақ, балаларға арналған ойын алаңы да орналасқан. Келесі жылы әкімдіктің алдына кішігірім мерекелерді өткізуге арналған сахна да қойылатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.