Бала тәрбиесінде олардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесін жиі айтамыз. Расында да, үйірмелер балалардың бос уақытын үйлестіріп қана қоймай, олардың қабілеттерін шыңдайды. Биыл спорттық және мәдени бағыт бойынша мемлекеттің қолдауымен тегін, қолжетімді үйірмелер өз жұмыстарын бастады.
Осы бағыттағы тегін үйірмелерді ұйымдастырушылардың бірі – Қасқелең қаласында орналасқан «Юлиана Бруг» жеке кәсіпкерлігі. Ұлттық және заманауи бағыттағы билерді үйрететін бұл орталық 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Ал, 2021 жылы наурыз айында кең әрі еңселі залдары бар аудан орталығындағы бизнес ғимаратқа көшкен. Аталған орталықтың негізін қалаушы Юлиана Бругтың айтуынша, мұндағы жаттықтырушыларынан жоғарыда айтылған мемлекеттік қолдаудың бар екенін естиді. Осылайша, олар би бағыты бойынша үйірмелерді ұйымдастырып, мемлекеттік тапсырысты орындап отырғанына бір айдың көлемі болыпты. Қазіргі таңда, мұнда 4-17 жас аралығындағы балалардан құралған төрт топта елуге жуық бала би үйірмесіне қатысады. Екі хореограф осы тегін үйірмелер бойынша сабақ береді. Алдағы уақытта тегін көркем гимнастика бойынша үйірме ашу жоспарларында бар екен
Осы ретте, балаларды тегін үйірмелерге жазу үшін не істеу керектігін айтсақ. Алдымен «artsport.edu.kz» порталына тіркелу керек. Одан кейін ата-анаға арналған тетікті басып, өзіңіздің жергілікті елді мекеніңізді таңдайсыз. Соның біріне кіріп, қажетті үйірмені белгілейсіз. Мысалы,би үйірмесін іздейтін болсаңыз ауданымызда және қалада тегін би үйрететін қанша орталық бары анықталады. Сол арқылы балаларға керекті тегін үйірмелерді тауып аласыз.
Әрбір баланың кәсіби маман болып кетуі міндетті емес, десе де ешқандай іс-қимылсыз телефонға телмірген баланы бір мезгіл бос уақытын тиімді өткізуі ата-ана үшін бұл – таптырмас мүмкіндік.
Бұрым ОРЫНБАСАР.