Соңғы кездері ел ауызында немесе әлеуметтік желіде балағат сөздерге қатысты айыппұлдың бар екені жиі айтылуда. Ол рас. Заңның аты – заң. Бәріміз оған бағынуға тиіспіз. 2023 жылдың 6 наурызынан бастап балағат сөздер айтқандар жаңа заң бойынша жауапқа тартылады.
Бұрын қоғамдық орында түкіруге тыйым салынса, енді, міне, боқтық сөз айтқандар да қатаң қадағаланады. Бірақ оның жазасы қалай күшейтілмек? Ауыз менікі деп «оттағандар» қалай жазаланбақ? Осы жайында кеңінен сөз етуді жөн санадық.
Өзекті тақырыпты түсінікті етіп жеткізу үшін Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирель атындағы университеттің Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы Ерғали Исақұловтан балағат сөздер айтқандардың жазасына қатысты пікір білдіруін сұрап, бірнеше сұрақтарға жауап ала білдік. Оның айтуынша, балағат сөздер немесе бейпіл сөздер айтқаны үшін жауаптылық Қазақстан заңнамасында бұрыннан бар. Ал қазіргі ел аузында жүрген әңгімелер «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге қатысты.
«Осы жылы аталған заңның 437-бабы жаңа мазмұнда бекітілді. «Ұсақ бұзақылық» деп аталатын әрекет үшін тағайындалатын жаза күшейтілді. Осы өзгеріске сәйкес, «қоғамдық орындарда былапат сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, кемсіту» үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу белгіленді. Қазір әңгіме болып жүрген «бейпіл сөз айтқаны үшін – 69 мың теңге айыппұл» деген осы өзгеріске қатысты түсінік. Бұл өзгеріс қоғамдық қажеттіліктен туды деп түсінемін. Қоғамдық орындарда бейпіл сөйлеу, әсіресе, жастар арасында кең тараған тренд болып барады», – деп ойын білдірді Ерғали Рахымбердіұлы.
СДУ оқытушысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан заңдарында былапыт сөздер үшін жауаптылықтың өзге де түрлері бар. Мысалы, аталған Кодекстің 73-бабында «отбасы-тұрмыстық қатынастағы адамдарға сыйламаушылық көрсету, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту» үшін жауаптылық көрсетілген. Жазасы – ескерту жасау немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау. Одан басқа, осындай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық ретінде де танылуы мүмкін. Мысалы, «қоғамдық тәртіпті, қоғамды құрметтемеу анық көрінетіндей барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекеттер қылмыстық бұзақылық болып табылады. Жазасы да едәуір ауыр – 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшердегі айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Ауызы былғанғандардың жазасын түсіндік. Құптарлық дерміз. Бәлкім, осылай мәдениетімізді түзерміз деген ойдамыз. Алайда «осындай бейпіл сөз айтқандардың, біреуге тіл тигізгендердің, боқтағандардың бұл әрекеттері қалай дәлелденуі мүмкін» деген сұрақтар туындайтыны тағы бар. «Балағаттағандардың бәріне айыппұл салына береді ме сонда?» деп те ойлаймыз. Оған қатысты тақырыптың түйінін тарқатқан Ерғали Рахымбердіұлы нақты түсінік берді.
«Бейпіл сөздер үшін айыптылықты дәлелдеу жолдары: азаматтың арызы, куәлардың көрсетпелері, құқық бұзушылық белгілері бар дыбысжазбалар немесе бейнежазбалар, қажет жағдайда сараптамалар қорытындысы. Дәлелдемелер мен кінәлілерге баға беруді сот жүзеге асырады», – деді СДУ-дың Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы Ерғали Исақұлов.
Десе де қазір көбісі әлеуметтік желінің әлегінде екенін білеміз. Тіпті, кейбірі тікелей эфирге шығып, көрінгенмен сөз таластырып жатады. Оның арасында бір-біріне қарша борататын боқтықтары тағы бар. Олардың жазасы қалай болмақ? Әрине, орынды сауал. Бұл жөнінде Ерғали Рахымбердіұлы тағы да тарқатып айтып берді.
«Заң, әрине, әлеуметтік желілердегі әрекеттерді де қамтиды. Желілердегі бейпіл сөздердің скриндері, суреттері мен бейне немесе дыбыстық жазбалары – құқық бұзушылықтың дәлелдері. Кейбір құқық бұзушылықтар үшін, мысалы, «қорлау – адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту», егер осы әрекеттер көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, не телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалса, қаталырақ жауаптылық белгіленген», – деп түсіндірді Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы Е.Исақұлов.
Боқтық сөз қай тілде айтылса да жауапкершілік бірдей екенін ұмытпаған жөн. Бұл жайында жақында ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев түсіндірді. Оның айтуынша, қандай жағдай орын алса да кез келген тілде балағат сөз айтқаны үшін тиісті жауапкершілік туындайды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.