Өткен жылдың қараша айында Алматы облысының ішкі саясат басқармасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үздік журналистік жұмыстарға байқау жариялаған болатын. Қоғам дертіне қарсы күресті күшейту үшін облысқа қарасты қала мен ауданның қалам ұстаған тілшілері байқаудың шартына сәйкес жұмыстарын өткізіп, бақтарын сынады.
Авторлық жұмыстарын ұсынуға Қарасай аудандық «Naqty» газетінің журналистері Дидар Мәлікұлы мен Бұрым Орынбасар ниет білдіріп, басылым бетінде жарық көрген материалдарын өткізген еді. Қос тілшінің газет бетіндегі бұл жазбалары конкурстық комиссияның көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды. Мерзімді басылымның қаламұстар жастары Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Елеусізованың Алғыс хатына және ұйымдастырушы тараптың атынан қаржылай сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздардың марапатын Қарасай аудандық «Naqty» газетінің редакторы Атлана Исаева ұжым алдында табыстап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.