Баршаңызға мәлім болғандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында еліміздің барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурызынан 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілген болатын.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралу жағдайын ескере отырып, сондай-ақ, Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады. 2020 жылдың 19 наурызынан бастап мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлерін, кәсіпорын басшыларын, ұйымдар мен мекемелердің жұмысшыларын 70 пайызға дейін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуге, санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жаңа жұмыс режимін белгілеуге кеңес берілді. Адамдардың жүріп тұруына, сондай-ақ, көлік құралдарының кіріп-шығуына шектеулер енгізілді. Барлық медициналық ұйымдар, оның ішінде ауруханалар, медициналық және әлеуметтік мекемелер, қарттар үйі мен интернаттарда карантин енгізілді. Осы мекемелерге, ұйымдарға баруға тыйым салынады. Тек медициналық қызметкерлерге және науқастарға қажетті жағдайлар бойынша рұқсат. Бұл науқастарды қорғау мақсатында ұйымдастырылған шара деуге толық негіз бар. Сондай-ақ, фото және видео камераларға түсіруге тыйым салынды.
Карантин кезеңінде балабақшалар, азық-түлікке жатпайтын сауда базарлары, ірі сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады. Оларда орналасқан азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын объектілер ғана жұмыс істейтін болады.
Бұл барлық енгізілген шаралар алдымен, адам баласының ең басты құндылығы – оның денсаулығын қорғау, ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға арналған. Қытай, Италия, Иран мемлекеттерінде орын алған бұл ауру, жұқпаның тез таралуын, адамнан адамға берілетіндігін аңғартты. Әртүрлі интернет желісіндегі басылымдарда сол елдердегі қарапайым халықтың бұл жұқпаның алдын алу бойынша шараларды сақтамай, қорғанбағандығы жөнінде айтылған болатын. Бұл жұқпаның алдын алудың қарапайым ережесі мынадай: тазалықты, жеке бас гигиенасын сақтау, қолды залалсыздандыру құралдарымен жуу, ауру ауа-тамшылы жолмен берілетіндіктен халық көп жиналатын орындарға баруды шектеу.
Бұл шаралардың барлығын біздің министрлік елімізге ауру келмей жатып айтқан болатын. Бірақ, бұған назар салған халық бар ма екен? Біреуі құлақ салса, біреуі елең алмады.
Біздің аудан бойынша бұл індетке қарсы тиісті шаралар қолға алынған. Аудан әкімі Ж.Далабаевтың бастамасымен әкімдік жанынан Жаңа короновирус жұқпасының алдын алу, оны болдырмау жөнінде жедел штаб құрылып, жұмыс шаралары айқындалып жүргізіліп келеді. Жоспарға сәйкес біздің басқарма мамандарымен Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ж.Бекшиннің №20 Қаулысы негізінде аудан аумағында орналасқан барлық адамдар көп болатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде (сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар, діни объектілер, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану, ХҚКО, автобекеттер, қонақ үйлер, денсаулық сақтау (оның ішінде дәріханалар), білім беру ұйымдарында, тұрғын үй кооперативтері және т.б.) санитариялық-дезинфекциялық режимді (беткейлерді күніне кемінде екі рет өңдеу) күшейту туралы қаулысы берілді. Сол бойынша жауапты маман тағайындалып, орындалуы бақылануда. Осылайша, барлық адамдар көп болатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде санитариялық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дезинфекциялық құралдары қамтамасыз етілуде, қоғамдық көліктер күнделікті рейстен кейін дезинфекциялық өңделуде.
COVID-19 коронавирус жұқпасы бойынша қолайсыз елдерден келген аудан тұрғындарының 14 күнге денсаулық жағдайлары бақылауға алынуда. Бүгінгі таңда аудан аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясымен науқас тіркелген жоқ. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау мамандары барлығы жұмыла жұмыс атқаруда.
Аудан тұрғындарының назарына:
Тұрғындарға арналған COVID-19 коронавирустық инфекциясының профилактика шаралары:
1. дене қызуын күніне кемінде 2 рет өлшеу; 2. профилактика шараларын сақтау; 3. үй-жайды күніне кемінде 2 рет желдету; 4. күн сайын ылғалды жинауды жүргізу; 5. қолды сабынмен жиі жуу; 6. жеке ыдысты, жеке гигиена құралдарын (сүлгі, сабын, тіс пастасы, қырыну құралдары және т.б.) пайдалану; 7. дене қызуы бар адамдар қоғамдық орындарға бармауы және медициналық көмекке уақтылы жүгінуі керек.
Н. ОЛЖАБАЕВ,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы.