Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев соңғы уақытта қоғамның талқысында жүрген желі белсенділеріне қатысты сауалды Үкімет басшысы мен Бас прокурорға жолдады. Баққожаев атап өткендей, осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған еді. Ал, қазіргі уақытта олардың рөлі тым артып кеткендей. Тіпті соңғы уақытта болашақта блогерлікті негізгі маманы ретінде қарастыратын жастардың саны да артқан. Өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп бара жатқаны халық қалаулысының ғана емес, барша ата-аналарды алаңдатады. Сонымен қатар, депутаттың айтуына қарағанда, әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы – шу мен сөз. «Көпке топырақ шашпаймыз» десе де депутаттың айтқан сөзінің жаны бар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүрмегендей болып көрінеді. Кімнің болмасын алдында дікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. «Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі –жұмыссыз. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз», – деген Анас Баққожаевтың сөзіне журналист ретінде қосыламын. Неге кәсіби этиканы сақтайтын менің әріптестеріме заң қатаң, ал тексерілмеген ақпаратты жариялайтын блогерлер жауапқа тартылмай қалады?
Сондықтан таяқтың екі ұшы болатынын блогерлер ескеріп, қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезінсін деген халық қалаулысының сауалы өте орынды. Алдағы уақытта БАҚ туралы заң пысықталып, Мәжілістің ашық талқылауында ақпарат саласындағы жауапкершілікті артыратын заң жобасы қолдау табады дегенге сеніміміз мол.
Атлана Исаева,
«Naqty» газетінің және «Naqty.kz» желілік басылымының редакторы,
Қарасай аудандық мәслихатының депутаты.