Жаз мезгілі өтіп, күздің суық ызғары сезілгенде жергілікті халық қыстың қамын ойлайтыны белгілі. Жұртты алаңдататын жағдайлардың бірі – табиғи отынның қымбаттауы немесе оның тапшылығы.
Дәл осы мәселе Қарасай ауданында қалай шешілуде? Бұл сауалдың жауабын білу мақсатында аудан халқын көмірмен қамтамасыз ететін, теміржолдың бойында орналасқан Жібек жолы ауылдық округіндегі тұйықтарға арнайы барып көрдік. Мұндағы табиғи отынды сатушы мекемелердің басшыларымен тікелей тілдесіп, көкейдегі сұрақтарды қойдық.
Пойыз жолдары арқылы вагонмен тасымалданатын қатты отынның барлығы осы жердегі 10-нан астам тұйықта сатылады. Сұранысқа байланысты олардың жартысынан көбісі қазіргі уақытта жабық тұр. Оның себебін мұндағылар суықтың әлі сезілмей, күннің жылы болуымен байланыстырады. Алайда, кейбір орындарда жүк көліктерінің қарасы едәуір байқалады. Олардың бұлай келуін қысқа ертерек қамдану шығар деп топшыладық.
Қарасайлықтарды жыл сайын көмірмен қамтамасыз етіп отырғандардың арасында «Шамалған-көмір» ЖШС-нің басшысы Тоқтар Асылбаев та бар (суретте). Кәсіпкердің осы салада жүргеніне 20 жылдай уақыт болған. Қысы-жазы осында. Оның айтуынша, әзірге көмірге деген сұраныс қатты білініп жатқан жоқ. Алдағы уақытта да тапшылық болмайды деп түсіндірді.
– Бізге Қарағандыдан Шұбаркөл, Семей жақтан Қаражыра деген екі түрлі көмір келеді. Екеуінің де сапасы жақсы. Халыққа қажетті осылар болғандықтан тек соларға тапсырыс беремін. Биыл бағаларында ешқандай өзгеріс жоқ. Өйткені, өндіруші компания сол келісілген бағада жеткізуде. Көбінесе жанармай мен электр энергиясы қымбаттағанда ғана табиғи отынның құны өседі, – деді «Шамалған-көмір» ЖШС-нің басшысы.
Расымен де, вагондап келіп жатқан көмірдің бағалары өткен жылғымен бірдей. Шұбаркөлдің бір тоннасы 15 000 теңге болса, Қаражыраның құны – 14 000 теңге. Бұл көрсеткіш әзірге тұрақты екенін түсіндірді жоғарыда атап өткен серіктестіктің директоры. Сонымен қатар, көмірмен қамтамасыз етуші бұл компания қайырымдылық жасаумен де айналысатынын ерекше айтуға болады. Нақты айтқанда, жергілікті әкімдікпен бірігіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы отбасыларға және басқа да тұрмысы төмен адамдарға көмектесіп тұрады. Директор Тоқтар Асылбаевтың айтуынша, оның осылай қол ұшын созып, 20 жыл бойы кәсібін дөңгелетіп отырғаны халықтың алғысы, ыстық ықыласы. Мекеме басшысы өз сөзінде вагондардың кейде бірнеше күнге кешігуі жайлы да сөз қозғады.
– Бұрындары Семейдің Қаражырасы төрт тәуліктің ішінде жеткізілетін. Қазіргі уақытта 11-12 күнге дейін кешігіп келеді. Неге екені белгісіз. Соны билік басындағылар ескерсе деген өтінішім бар. Көмір тиелген вагондардың осылай кешігуінен кейде халық бізді дұрыс түсінбей жатады. Наразылықтарын білдіреді. Әсіресе, суық түскенде бұл өте қиын, – деп «Шамалған-көмір» ЖШС-нің басшысы Тоқтар Асылбаев осылайша ойын жеткізді.
Аталмыш мекеме ұсынған бағалардың тұрақты екеніне көз жеткізу үшін көршілес тұйықтарға да барып көрдік. Салыстармалы түрде бәрінің бағасы бірдей. Тек кейбір көмір беруші орындар әлі де жабық тұр. Ондағы сатушылардың сөзіне сүйенсек, бұл уақытша ғана. Күн суытып, алғашқы қар түскенде мұнда жүк көліктері де, көмірге деген сұраныс та артады.
Табиғи отынның аудандағы қазіргі жағдайы, міне, осындай. Баға тұрақты, әзірге тапшылық байқалмайды. Тұрғындардың сұранысына байланысты кейбір тұйықтарда көмірдің сатылымы жүруде. Қыстың ызғары жеткенде қараша халық қиындыққа тап болмайды деп сенеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.