Қазақтың кең даласының асты да, үсті де байлыққа толы. Сол қойнауларда жатқан қазба байлықтарды зерттеп, зерделеп, ел игілігіне асыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі әрі бірегейі. Кезінде, Кеңестер Одағы заманында жоғарыға, жаутаңдап, өзіміздің жеріміздегі байлықты игеруге рұқсат алудың өзі түйіні қиын мәселе болып саналғанын сол жылдары іс басында жүрген жандар жақсы біледі.
Енді, міне, Тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді түгендей бастағалы өз қолымыз, өз аузымызға еркін жетіп, өндіріс саласы алға жылжыған жылдармен бірге өркендеп келеді. Еліміздің жер қойнауы қазба байлыққа тұнып тұрғанын барлығымыз жақсы білеміз. Бізде Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрін кездестіруге болады. Солардың бірі – элементтердің периодтық жүйесінің VІ тобындағы химиялық элемент болып саналатын, аса сирек кездесетін және құндылығы жөнінен де басқалардан көш ілгері вольфрам.
Вольфрам және онымен бірге жанама жүретін тағы да басқа сирек әрі бағалы металлдар: алтын, күміс, мырыш пен тағы басқа да құрамдастардың аса бай қоры орналасқан Бұғыты таулы аймағындағы кеніш туралы қазір түрлі әңгімелер айтылуда. Бұл кен орнының белгілі болғанына биыл сексен жыл толады. Алғаш тау қойнауында аса сирек кездесетін бағалы металлдардың бары екендігі жайлы 1941 жылы анықталып, зерттелген. Ол кездегі Кеңестер Одағының жағдайы тарихтан белгілі. Жаңа кен орындарын игеруді айтпағанда, батыста тұтанған соғыс өрті алапатқа айналып, бүкіл ел Отан қорғау ісіне жұмылдырылған еді. Одан кейінгі жылдары соғыстан қираған шаруашылықты қалпына келтіру, тағы басқа да қауырт істер кесірінен Бұғытының байлығы көзден таса, көңілден тысқары қалған.
Бұғыты вольфрам кен орны – Іле Алатауының шығыс шетіндегі Үлкен Бұғыты тауында орналасқан. 1941 жылы ашылып, барлау жұмыстары 1942-1974 жыл аралығында үздік-создық жүргізілген. Бұғыты – Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан штокверкелік кен орны. Алғаш кен шоғырлары 1941 жылы Алматы қаласынан солтүстік-шығыстан 205 шақырым, Шелек қаласынан батысқа 75 шақырым аймақта табылған болатын. Осының алдында айтқанымыздай, біраз жылдарға созылған үзілістен соң 1974 жылы 9 желтоқсанда КСРО Түсті металлургия министрілігі мен сол кездегі республикалық Түсті металлургия министрлігі және тағы басқа да одақтық деңгейдегі мүдделі органдардың жауапты тұлғаларынан жасақталған мемлекеттік комиссия осы кен орнына байланысты отырыс өткізіп, нақты қорытынды жариялаған. Сол отырыстың хаттамасында көрсетілгендей, геологиялық барлау нәтижесінде Бұғыты кен орнында сирек кездесетін аса бағалы металлдардың бай қоры барлығы, болашағы зор ірі өндірістік нысан бола алатындығы айтылған. Дегенмен не себеп болғанын қазір ешкім айта алмас. Сол отырыстан кейін кен орнына қатысты мәселе тағы да жылдар бойы қозғаусыз қалып, соңғы жылдары ғана оны ел игілігіне асыру туралы айтыла бастады. Қазақстан КСРО құрамында болған кезде бұл мәселенің тереңдете зерттеле қоймағаны және игерілмегені бір жағынан дұрыс та шығар. Егер сол кезде игерілсе, одан біздің елдің алар үлесі де болмас еді. Барлығы КСРО атты алып империяның ортақ қазанына құйылары сөзсіз болатын.
Жалпы, Кеңестер Одағы кезінде республика аумағында көптеген кен орындары зерттелген. Сол уақыттағы деректер бойынша, еліміздегі вольфрамның жалпы қоры 2 млн. тоннадан асады. Бұғыты кен орны соның ішіндегі ең ірісі екен. Егер қазіргі шақта қолға алынған жоба жүзеге асса, Қазақстан сирек кездесетін аса бағалы металлды өндіру бойынша әлемдегі екінші орындағы мемлекетке айналады. Бағалы минерал сырт және ТМД елдеріне экспортталады. Бұл кеніште басты өндірістік минерал шеелиттен (вольфрам рудасы) тыс молибден, висмут, бериллий, алтын, күкірт колчаданы және күмістің бай қоры барлығы анықталған.
Геологиялық ерекшеліктеріне байланысты Бұғыты кен орны ІІ топқа жатады. Яғни, бұл – химиялық құрамы күрделі ірі шоғырлар мен кендеудің біркелкі бөлінбеуі деген сөз. Міне, осындай күрделі де қажетті қазбаны отандық «Жетісу Вольфрамы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі игеруді қолға алды. Аталмыш серіктестік 2014 жылы құрылып, бағалы металл қазба байлықтарын зерттеумен айналысып келеді. Мұндай ауқымды жобаны іске асыру сарапшылардың бағалауы бойынша инвестициялық жобада көзделгендей шамамен 250 млн. АҚШ долларын талап етеді.
Вольфрам – ашық сұр түсті, баяу балқитын металл. Вольфрам электр шамының қылы, электр пештерінде қыздырғыштар, рентген түтіктерде, катодтар, тағыда басқа электрлік құралдарда электродтар ретінде қолданылады. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, жоғарыда аталған элементтерді өзіміз өндіріп, қолданысқа енгізсек, бірнеше сектор дамитыны шүбәсіз.
Жобаға тоқталар болсақ, жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2021-2023 жыл. Жалпы сомасы – шамамен 94,5 млрд.теңге. Қайта өңдеуді қоса алғандағы қуаттылығы – жылына 3,3 млн. тонна кен. Жобаның негізгі мақсаты – өндірілген кеннен металл бұйымдарын дайындау кезінде оның сапасын арттыратын концентрат әзірлеп, оны одан ары ішкі және сыртқы нарыққа сатуға шығару.
Қазіргі уақытта жобаның І кезеңі орындалуда. Дайындық жұмыстарына жергілікті тұрғындар қатарынан 30 адам және шет елден шақырылған 2 маман тартылған. Жұмысшылардың айлық жалақысы – 250 мың теңге. Жоба іске асырылғаннан кейін 200-ге жуық жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасып, 50 адам зауытқа қажетті мамандық бойынша оқытылады.
Ерекше атап өтетін нәрсе – кен өндіру саласында барлау-геологиялық жұмыстардың сапалы атқарылуының маңызы аса жоғары. Бұл орайда еліміз үлкен жетістіктерімен мақтана алады. Десек те, кадр мен арнайы осы саланың маманы мәселесі қолбайлап тұрғаны жасырын емес. Себебі, сирек кездесетін тау-кен және түрлі металлургиялық өнеркәсіптің әлемдік деңгейде қарыштап дамуына жерасты барлау жұмыстарының жан-жақты зерттелуі және кен байлықтарының мөлшері мен құрамының тап баса анықталуының орны ерекше. Кен өнімдерін өндіруде еліміздің әлемде алдыңғы қатарда болуына, әрине, жоғарыда тілге тиек еткен барлау-геологиялық жұмыстарының дәлдігі мен сапалылығы айрықша әсер етеді.
Кешегі қоғамдық өзгерістер кезінде геологиялық ғылымның да басқа салалар секілді дағдарысқа түсуі орын алғанымен, еліміздің бұл бағыты тоқыраудан тез есін жиғаны мақтанарлық. Жұмыссыздықтан өзге салаға қызмет ауыстырған ғалымдар, талантты ізденушілер қайта өздерінің сүйікті ісіне оралып, ел байлығының қарқынды дамуына өз үлестерін қоса бастады.
Осы жұмыстар арқылы кен құрамын анықтау мен бағалау жолға қойылса, онан әрі қарайғы тиянақты барлау жұмыстары бірнеше сатыда жалғастырылады. Осы атқарылған ізденістер нәтижесінде кеннің технологиялық құрамы зерделеніп, вольфрам қоры мен өзге де табылған пайдалы компоненттері есепке алынады. Яғни, кен-барлау жұмыстарының тиянақтылығы – мол байлық пен пайданың көзі, ел өнеркәсібінің өркендеуінің кілті деген сөз.
Батыржан БАЙЖҰМАНОВ,
Алматы облысы әкімінің орынбасары.