Біз сөз еткелі отырған, шәкірттерін білімге баулыған аяулы ұстаз Әлия Халелқызы – Кеген ауданы Бөлексаз ауылының перзенті. Туған жерін тұғыр еткен қарлығаш. Әдемі тау етегіне орналасқан шағын ауылда туып-өскен. Тұлымы желбіреп мектебіне қарай асыға аяңдайтын кішкентай қыз шаңырағының аялаған гүлі, шуақ шашқан күніне айналды. Ұстаздарының айтқанын санасына сіңіріп, берген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындап отыратын сүйкімді қыз мектебін де шырайландырып жүретін. Бөлексаздай ауылдың тұнығынан дәм татып, қырмызы гүлдерін тере өскен қыз білімге жақын, ізгілікке іңкәр болды. Білім шаңырағында мұғалімдерінің ойынан шығып, үйіне келгенде ата-анасының белді көмекшісіндей іс қататын Әлия апайды бәрі жақсы көретін.
Жұдырықтай жүрегі аппақ армандарына толы Әлия апай есейе келе ұстаздықты қалаған. Қолына қалам ұстатып, әріп үйретіп, білім әлеміне жетелеген мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалайтын. Жүрегінің төрінде тұратын асыл да ардақты жандардың алдындағы өтелместей көрінетін қарызы мен парызын осынау «инемен құдық қазғандай» іспен өтеуді жөн көрген.
Әлия Халелқызы 1994 жылы Бөлексаз орта мектебін үздік бітірген айтулы түлектерінің бірі болды. Биік мақсат, асыл арманының құшағында Есік қаласындағы педагогикалық колледждің бастауыш сыныптарды оқыту факультетіне оқуға түсіп, жүрегі қалаған жолға түсті. Көп ұзамай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетін бітіріп шықты. Кеген ауылындағы №2 Кеген орта мектебінде 14 жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болып жемісті еңбек етті. Мектеп табалдырығын алғаш аттап, алдына келген шәкірттерін балапандай баурады. Қолдарына «Әліппені» ұстатып, білімге деген талпыныстарын ұштауға бойындағы бар білімін, күш-жігерін жұмсады. Еткен еңбек, төккен терінің өтеуіндей тәлім мен тәрбиесін берген оқушылары қазір Тәуелсіз Отанымыздың құшағында түрлі салада халқына қызмет көрсетуде. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт пен қуаныш жоқ.
Бойында білімі мен тәжірибесі мол, еңбекқорлығымен әрі ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ұстаз үлкен сенімге бөленді. Аудандық білім бөлімі басшылығының ұйғарымымен Бөлексаз орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып ауысты. Туған ауылындағы он жыл білім нәрін алып шыққан жылы ұяда еңбек ету ұстаз үшін үлкен қуаныш болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, болашағы болар жас ұрпақ тәрбиелеу ісіне бойындағы барын жұмсауға ден қойды. 2011 жылдан бері қарай Бөлексаз орта мектебіндегі оқушылар тағылымды тәрбие, ұмытылмас ұлағат аларлықтай шәкірт тәрбиесінің кешенді бағдарламасын жасап, мектеп ішін игілікті де ізгілікті шараларына толтыра түсті. «Болашақ» бағдарламасы аясында еңбек етіп, әріптестерін, жүрген ортасын іске ұйыта түсті. Міне, содан бері де уақыттар алға тартып келеді. Бәрі жеміссіз емес. Басқаны айтпағанның өзінде ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, ортасына сыйлы ана Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аружан Ержан атты шәкірті республикалық «Ақбота» интеллектуалдық марафонына қатысып, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.
Әлия Халелқызы еңбек ететін мектеп ұжымының қуаныштары бөлек. Өйткені, көптен күткен тілектері орындалып, Бөлексаз орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Сандуғаш Әлімбаева, Мағия Наурызбаева, Күләнда Нүсіпақынова, Мейіргүл Қайырова секілді үлгілі, озат ұстаздары жетіп-артылатын ұжым жаңа оқу жылын уақыт талабына сай жаңарып, жаңғырған, көркейіп, келбеттене түскен мектепте бастайды. Мұғалімдер мен шәкірттердің қуанышы ұзағынан сүйіндіре берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Бөлексаз ауылы,
Кеген ауданы.