Қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті де негіз болуы тиіс. Бұл ретте өмір айнасы, тарих шежіресі саналатын кітап – рухани құндылықтың қайнар көзі. Әлемнің барлық кереметі мен жауһар туындыларын қағаз бетіне қаттаған кітапты насихаттау мақсатында өткен аптаның сейсенбі күні аудандық орталық кітапханада «Кітапханадағы ғажап түн» акциясы ұйымдастырылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен бұл кешке қазақ тілінің жанашырлары, ауданымызға қарасты барлық кітапханалар қызметкерлері, оқырмандар мен жастар қатысты. Шараның шымылдығын аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева ашып, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, оқырмандар игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың үлкен еңбегі жайлы айтып өтті. Мұнан кейін кеш киелі кітап ордасы тұрақты оқырманының арнау өлеңімен жалғасты. Сондай-ақ, келушілер кітапханашылардың арнайы дайындаған әнін де тамашалады. «Ғажайып түннің» құшағында тербелген жұртшылықты кітапханашылар ең әуелі, кітапхана құрылымымен таныстырып, әрі қарай бәрі де өзгеше қызғылықты мазмұнмен өрби жөнелді.
Кітап оқуды халық арасында насихаттауды мақсат тұтқан тағылымды іс-шараға келген қонақтар ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиевтың «Ақын жолы» атты кітабының тұсаукесеріне қатысты. Өлеңмен өрнектеліп, сырлы сөзбен суреттелген ақын кітабының лентасын ауданымыздың белгілі тұлғалары Шара Қанатқұлқызы, Ақлима Көсемова мен Өтесін Құбиев қиып, алдымен кітапханашыларды мерекелерімен құттықтады, жаңа кітаптың маңыздылығы мен болашаққа берер тәрбиесі жайына тоқталып, авторға ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, салтанатты рәсімге қатысқан композитор Бағлан Омаров пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Ділдә Ұланова да сөйлеп, киелі орданың қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыс тіледі, көпшілікті өзінің ойлы өлеңдерімен қуантып жүрген ақынның құнды да жаңа кітабына құтты болсын айтып, жаңалыққа, жасампаздыққа құштар оған шығармашылық сәттілік тіледі.
Бұдан кейін ортаға кітаптың авторы Серік Қалиев шығып, кітапхана жұмысын жаңа сатыға көтеріп, қыруар жұмыстар атқарып жүрген кітапханашыларға бүгінгі жиынды жоғары дәрежеде ұйымдастырғандары үшін алғысын білдірді. Одан соң болашақ, тәуелсіздік, бақыт, ұстаздар, дамыған мемлекеттер, әлеуметтік желі тақырыптарында жазған өлеңдерін оқып, тұсауы кесіліп отырған жаңа кітабымен таныстырып өтті.
Өздеріңіз білетіндей, жақында елімізде ұлы да дара Абайдың 175 жылдығы қарсаңында оның өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы басталғаны белгілі. Осы ретте орталық кітапхана қызметкерлері де Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындап, эстафетаны ары қарай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жолдады.
Келесі кезекте қонақтар өткен жылы «Nur Onat» партиясының қолдауымен ашылған «Коворкинг» орталығындағы өзгерістермен танысып өтті. Нақты айтар болсақ, жиналған қауым QR код арқылы кітаптың электронды нұсқасын оқуға болатын қосымшасымен танысты. Аталмыш қосымша әр басылымның мұқабасында арнайы басылған жеке QR-код арқылы ұнаған шығармаларды электронды түрде ақысыз көшіріп алуға немесе оқуға арналған. Бұл үшін тек арнаулы QR Code Reader қосымшасын немесе көптеген интернат-сайттардағы ақысыз қолжетімді басқа қосымшаларды пайдаланып, кітаптың QR-кодын сканирлеу керек. Сондай-ақ, олар кітаптың бетінде жақындатса, онда жазылған сөйлемді оқып беретін электронды қаламмен де танысып өтті. Сонымен қатар, шарада түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға әртүрлі жазушылардың кітаптары табысталды.
Акция аясында кішкентай оқырмандарға арналып «Сказочный вечер или Сказки под Луной» атты тақырыпта бірқатар шаралар да ұйымдастырылды. Ол «Қалбибі» студиясы шәкірттерінің шағын концерттік бағдарламасымен ашылып, әрі қарай «Домовенок Кузя» атты ертегісінен қойылған үзіндімен жалғасты. Сондай-ақ, кішкентай оқырмандарға арналған «Мастерская Золушки» атты бұрыш та ұйымдастырылыпты. Жалпы, әлемді кітаппен тануға үндейтін акция жұртшылықты кітапханаға тартудың таптырмас құралы болды!
Мұндай іс-шара өнер мен дәулет қонған жер саналатын біздің ауданымызда биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Қалай десек те, оның жұртшылықтың жүрегінде кітапханадағы қызықты сәт ретінде сақталып қалары сөзсіз. Сөйтіп, бірнеше сағатқа созылған «Кітапханадағы ғажап түн» акциясы өз оқырмандарына қуаныш пен керемет көңіл күй сыйлады.
Осындай мәнді де мағыналы кешті ұйымдастыруда аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Ұлдархан Қаханқызы мен оның қызметкерлерінің еңбектері көп екенін айтып өткеніміз жөн.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.