Салт-дәстүр халықпен бірге жасасып, тарихында өшпес із қалдырады. Алайда уақыт алға жылжыған сайын халқымыздың кейбір салт-дәстүрлері артта қалап, бүгінде өсіп келе жатқан жастарымыздың арасында ұмыт болып бара жатқандары жетерлік. Осы ретте соңғы жылдары елімізде аталмыш мәселеге мән беріп, осы бағытта жұмыс жасайтын әртүрлі ұйымдар құрылып, ауқымды істер атқаруда. Сондай ұйымның бірі – «Қазақ аналары дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі. Екі жарым жыл бұрын аталмыш бірлестіктің филиалы Іле ауданында да ашылып, сол уақыттан бастап тұрғындар әсіресе, аудан жастары арасында қазақ халқының құндылықтарын дәріптеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді.
Іле ауданында аталмыш бірлестік филиалының төрайымы Кәмила Сапархайырдың айтуынша, үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын ақ жаулықты аналардан құрылған бірлестіктің негізі атқаратын жұмысы салт-дәстүрімізді, ата-бабамыздан қалған ұлттық мұрамызбен барлық ғұрып әдеттерімізді ұрпаққа насихаттау арқылы аманаттау, әсіресе кешегі өткен-аналарымыздың киелі ақ кимешегімен қасиетті ақ жаулығын қазақ аналарына, қыз келіншектерге барынша насихаттау.
– Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Отбасын құрайтын үштаған – әке, ана, бала. Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, ұлттық құндылықтарын дәріптеп отырған. Отбасының ар намысты жоғары қоюға, ішкі сырын сақтауға, адалдыққа тәрбиелеген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындайды. Дәстүрлі құндылықтар ауданымыздағы көп отбасының өмірінде сақталып келеді. Ата-ананың басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бірін-бірі құрметтеп сыйлауы – үлкен мектеп.
Қазақ «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген. Аналарымыз ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда әрбір отбасының жарасым тауып, мемлекетіміздің бақытты ошағына айналуын тілейді, – дейді Кәмила Сапархайыр.
Бүгінде бірлестіктің мұрындық болуымен ұлттық, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін түрлі шаралар, байқаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жылдан жылға өсіп келе жатқан ажырасулардың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, отбасылық зорлық-зомбылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырылып, бірқатар ауқымды бастамалар қолға алынуда.
Сондай-ақ әйелдер кеңесі бүгінгі таңда жастар денсаулық орталығымен, ауылдық әйелдер кеңесімен, аудандық қоғамдық бірлестігімен, ҮЕҰ-мен бірлесіп жұмыс істеуде. Ақсақалдар алқасының, әкелер кеңесінің мүшелері шақырылып дөңгелек үстелдер, пікір алмасу кештері, тақырыптық әңгімелер өткізіліп отырады. Басты талқыланатын мәселе – ата-баба дәстүрі бойынша жастардың тәрбиеленуі, оқушылардың ұлтымызға жат қылықтары қарастырылады.
Бұған қоса бірлестіктін бастамасымен, атсалысуымен ауданда «Жас отбасылар», «Жас келіндер», жыл басында «Алғыс айту» күніне орай «Ақ бата» жарысы, «Жастарды жат әрекеттен сақтау» тақырыбында семинар тренинг, байқаулар, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге байланысты шебер қолдар көрмесі, елдімекендер арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады.
Отбасылық өмірмен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүріп, тарихы бай еліміздің құндылығын барынша насихаттап, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге, білім, тәрбие, руханият, мәдениет пен дәстүрдің биіктеуіне ықпал жасап жүрген қоғамдастықтағы аналарымыздың тындырымды іс-әрекеттері бүгінде көпке үлгі болып отыр. Кәмила Сапархайыр бірлестіктің атқарып жатқан істері бұл ауқымды жұмыстардың басы ғана дейді. Алдағы уақытта да олар әлі талай тәрбиемен үлкен мәнге толы шаралар өткізіп, жастармен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Іле ауданы.