Қараусыз қарияларын қапыда қалдырмай, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да көмекке зәру адамдарды назардан тыс қалдырмай, үнемі оларға қолдау білдіріп, міндеттерін мүлтіксіз орындап жүретін әлеуметтік қызметкерлердің еңбектері елеусіз қалу мүмкін емес.
Расымен де, қазіргі біздің қоғамда қолдауға мұқтаж жандарға кез келген пенде назар аудара бермейтіні анық. Бірақ, мұндай мейірімділік қасиет аталмыш саланы серік еткен мамандардың қолынан келеді. Олар қалтқысыз қызмет атқарып қана қоймай, келешектің кемелденуі үшін аянбай жұмыс істеуде. Әрине, жауапкершілігі мол істі тындыру оңай емес, дегенмен, ол қоғам үшін өте қажетті сала. Міне, осы бағыттағы еңбек ететін әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекелері – қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетінін айта кеткен жөн. Айтулы күн күнтізбемізде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес бекітілген болатын.
Қазанның соңғы күніне дәлме-дәл келетін мереке аясында осы саладағы ауданның ахуалы жайлы біліп, атқарылған жұмыстардың ретін оқырман қауымға жеткізу үшін Қарасай аудандық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаевамен әңгімелесуді жөн көрдік.
– Әлия Жұмаділқызы, Сіз басқарып отырған бөлімнің негізгі миссиясына тоқталып, осы салаға деген жергілікті халықтың сенімі қандай деңгейде екенін айта аласыз ба?
– Біздің жалпы миссиямыз – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыра отырып, өз саламызды жетілдіріп, жан-жақты дамыту. Осы мақсатта көмекке мұқтаж қарасайлықтардың тұрмыс-тіршілігін назардан тыс қалдырмай, қызмет етудеміз. Штаттық кестеге сәйкес бөлімде 11 адам жұмыс істейтін болса, бүгінгі таңда соның 7-і өз міндеттерін атқаруда. 4 маманның орны әзірге бос.Жалпы айтқанда, халықтың бізге деген сенімі жоғары деуге болады. Өйткені, көмекке мұқтаж қаншама адам келіп, өтініштерін білдіріп жатады. Олардың тектен тек келмейтіні анық қой. Кейбірі күйзеліске түсіп, қолдау сұрайды. Әрбіріне барынша жан жылуымызды көрсетіп, тиісті бағыт-бағдар беріп, мәселелерін оңды шешуге атсалысамыз. Сонымен қатар, тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттыру үшін халық көп келетін аудандық жұмыспен қамту орталығы мен өзіміздің бөлімге сенім жәшіктері орнатылған. Ол жақтағы жұртшылықтың өтініш-тілектерін де назарға алып, қолдау білдіруге тырысамыз.
– Тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтің маңызы зор екенін білеміз. Бұл үрдіс сіздерде қалай жүзеге асырылады?
– Біздің бөлім арқылы бүгінгі таңда 13 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін айтқым келеді. Олардың көбісі аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы(ХҚКО) көрсетіледі. Сонымен қатар, ең өзекті болып табылатын тағы бір қызмет, яғни, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қала және ауылдық округ әкімдіктердегі учаскелік комиссияға жүгіну арқылы жүргізіледі.
– Ендеше, осы қызметтерді тілге тиек етіп, қарасайлықтар үшін нақты қандай көмектер көрсетілгеніне тоқталып өте аласыз ба?
– Әрине, оған кеңінен тоқталып өтуге болады. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айына дейін ауданымыздың 9101 тұрғынына 599,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 1298 отбасыға, яғни, 7121 адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалып, 339,5 млн теңге төленді. Бұл көмекті алушылардың ішінде 1997 отбасының жағдайы ерекше назарға алынған. Нақтырақ айтқанда, олардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары азық-түлікпен, әр тоқсан сайын гигиеналық құралдармен қамтылып отырады. Одан бөлек, мүгедек балалары бар отбасылар үшін үйде оқытып, тәрбиелеулеріне де қаржылай қолдау көрсетіледі. Соңғы дерек бойынша ауданда олардың саны – 137. Олардың барлығына тоқсан сайын 8АЕК, яғни, 23336 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді.
– Сіз атап өткен әлеуметтік осал топтардан бөлек, басқа салада қызмет ететін мамандарға қандай да бір көмек көрсетіледі ме? Егер бар болса сол жайында түсіндіріп өтіңізші.
– Басқа саланың мамандары үшін қаржылай қолдау тек ауылдық жерде еңбек ететіндерге ғана қарастырылған. Оның ішінде мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, ветеринария және біздің саламызда жұмыс істейтін қызметкерлердікі назарға алынған. Нақты айтқанда, бұл аталған маман иелеріне отын сатып алу үшін біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Оның қаржылай көлемі 5 АЕК-пен тең, яғни, ол 14585 теңгені құрайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 21 адамға ақталғандығы туралы куәліктер табысталды. Сол сияқты Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен 80 адамға тиісті куәліктері берілді. Ауған соғысының ардагерлері де назардан тыс қалған емес. Оған қатысқандар мен мүгедектеріне және де Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасы учаскесінде шайқасқа қатысқан әскери қызметшілерге қаржылай қолдау жағы қарастырылған. Нақты айтқанда, осы санатқа жататын 297 адамға жалпы сомасы 14,8 млн теңге болатын біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Дәл осындай 2,5 млн теңге көлеміндегі қаржылай қолдау Чернобыль апатынан зардап шеккен 50 азаматқа да көрсетілді. Бұл аталғандардан бөлек, ағымдағы жылы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында Ұлы Отан соғысының үш қатысушысы мен мүгедектеріне үш млн теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек тағайындалғанын айта кеткен жөн.
– Әлия Жұмаділқызы, әңгімеңіздің басында атап өткен әлеуметтік қызметтер порталы жайлы айтып өтесіз бе? Оның атқаратын міндеті қандай?
– Бұл портал – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын дербес сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Оны қолдану үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болса жеткілікті. Әсіресе, протездік-ортопедиялық, сурдотехника, тифлотехника, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбамен, санаторий-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманның қызметімен қамтылатын мүгедектерге ЭЦҚ-ның болуы маңызды. Соның көмегімен олар әлеуметтік қызмет порталына кіріп, өздеріне қажетті заттарға сұраныс білдіре алады. Мәселен, бүгінгі таңда аудан бойынша осы порталға 4074 өтініш тіркеліп, оның 3444-і қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі кезде аудандағы қала мен ауылдық округ әкімдіктердің барлығында, жұмыспен қамту орталығында, ХҚКО-да және біздің бөлімде ашылған өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдары арқылы да әлеуметтік қызметтер порталын пайдалануға болады. Міне, бұл электронды жүйенің осындай артықшылықтары бар.
– Ауданымызда жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны қанша екенін айта аласыз ба? Оларға басқа тағы қандай қызметтер көрсетіледі?
– Ресми түрде біздің бөлімге 5186 мүгедек тіркелген, оның ішінде 1036-сы 18 жасқа толмаған балалар. Олар үшін ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңы аясында арнайы техникалық-көмекші қозғалу құралдары уақтылы қамтылып, қоғаммен қарым-қатынаста болатындай тиісті жұмыстар атқарылып тұрады. Аудан ішінде екі инватакси 128 азаматты тасымалдайды. Сонымен қатар, ауданымызда жалпы саны 154 болатын жалғыз басты қарт пен мүгедекке, 149 мүмкіндігі шектеулі балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
– Балалар үшін оңалту орталығының да маңызы зор екенін білеміз. Біздің ауданымызда осындай мекемелердің жұмыс жүйесі қандай? Олардың бүлдіршіндер үшін атқаратын қызметіне тоқталып өте аласыз ба?
– Аудан орталығы – Қаскелең қаласында 2019 жылы «Rakhym» оңалту орталығы ашылған болатын. Аталған мекеменің пайдасы мол дер едім. Бұл жерге 64 мүмкіндігі шектеулі бала арнайы барып, күнделікті білім алып, түрлі күндізгі ем-шараларын қабылдайды. Иппотерапия жағдайында оңалту жұмыстарымен айналысады. Одан бөлек, жылқымен жүру әдісі арқылы жаттығу қабылдайды. Бұның барлығы, әрине, балалардың еркін қимылдауы үшін атқарылып жатқан қызметтер. Осындай оңалту орталықтарының қатары артса екен деймін.
– Әлия Жұмаділқызы, жеткізген барлық ақпаратыңызға көп рахмет. Әлеуметтік саладағы ауданның ахуалына көз жеткіздік десек болады. Алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз, кәсіби мерекелерің құтты болсын! Қанаттарыңыз талмай, темірдей төзімдеріңіз таусылмай, ауыр міндетті абыроймен арқалап жүре беріңіздер.
– Сіздерге де рахмет. Біздің сала, расымен де, еліміздегі өзекті бағыттардың бірі десем болады. Тіпті, қоғамда болып жатқан жайттардың көбісі осы әлеуметтік мәселенің төңірегінде туындап жатады. Менің ойымша, кез келген адам біздің саланың қызметкері бола алмайды. Бұл міндетті арқалау үшін ең алдымен үлкен жүрек, мейірім, төзім керек. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңіре білген барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Еңбектері елеулі болып, жігерлері мұқалмай, жұмыстарының жемісті болуын тілеймін! Төл мерекеміздің қарсаңында әлеуметтік саладағы қызметін адал атқарып, білікті маман атанып, құрметті демалысқа шыққан М.Жұмағұлов, А.Әлмерекова, Ш.Құзатбекова, Г.Шахворостова сынды бұрынғы әріптестерімді мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Одан бөлек, осындай мықты қызметкерлердің ізін жалғап, 20-40 жылдай тәжірибелерімен тәлімгер атанып, бүгінгі таңда жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Ш.Смағұлова, Ш.Саржанова, И.Базарбай, А.Райымкулова, Г.Ауғанбаева сияқты мамандардың да еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әрбірі осы саланың дамуына зор үлес қосуда. Барлығына тек жақсылық тілеп, ғұмырлары ұзақ болып, көрер қызықтары таусылмасын, дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет, Әлия Жұмаділқызы!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.