Жамбыл ауылдық округі ауданымызға қарасты ең жас округтердің бірі болып табылғанымен, халық саны жылдан-жылға өсіп, тұрмыс-тіршілігі жақсарып келе жатқан аумақтың қатарында. Бүгінгі таңда ауыл экономикасы да едәуір артып келеді. Ал, оған қолғабыс етушілер қатарына ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлік ортаны жандандырып жүрген еңбеккерлерді ерекше айтуға болады. Солардың ішінде осы округке қарасты Ұлан ауылының тұрғыны Төлеухан Әділханов та бар.
Кәсіпкер шаруашылықты осыдан 2,5-3 жыл бұрын Ұлан ауылындағы өз үйіндегі шағын қоражаймен бастаған. Атакәсіптен хабары бар Төлеухан Сәметұлы уақыт өте келе өзінің шаруа қожалығын «Әділханов» деп аталатын отбасылық жеке кәсіпкерлікпен біріктіреді. Бұған дейін «Әділханов» шаруа қожалығы азғантай мал шаруашылығымен өз жұмысын бастап келген. Кейін екі шаруашылықтың басы бірігіп, ауқымы кең шаруа қожалыққа айналады. Жалпы, Төлеухан Әділхановтың кәсіптік жолға келуіне «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ықпалын тигізген. Осы орталықтың жәрдемімен шағын несие алып, шаруашылыққа бет бұрған.
Әңгімемізге арқау болып отырған,Төлеухан аға басшылық ететін «Әділханов» жеке кәсіпкерлігі қазіргі уақытта мал өсіруден бөлек, құс шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруа қожалық бастапқыда, 2 жылдай бұрын 10-15 ірі қара малмен бастап, уақыт өте келе төлдетудің арқасында мал бастарын көбейте түскен. Қазіргі уақытта 24 сиырдың үшеуі сауынды болса, 91 басқа жеткен жылқының сегізінен қымыз, саумал сияқты сүт өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ, жылқылардың арасында Америка, Англия, Польша, Араб сияқты елдердің асыл тұқымды жануарлары да бар. Олардың ерекшеліктері көздің жауын алады деп айтуға болады. Себебі, бойшаңдығы мен жылқы малына тән сұлулығының өзі көздін жауын алады. Осы асыл тұқымды аттардан тұқым алып, асылдандыру мақсатында өсірудің өзін – шаруа қожалықтың тағы бір ұтымды жағы десек те болады. Бұдан бөлек, жылқылардың ішінде бәйге жарыстарына және серуендеуге арналған аттар да бапталады. Біз айтқандай, сүт өнімінен қыс кезінде 25-30 л, жаз мезгілінде 40 л-ге дейін қымыз, саумалы өндіріледі. Сол сияқты сиыр малынан қысқы уақытта 20 л, жазда 50 л көлемге дейін сүтін алады. Аталған қос жануардан шаруа қожалық соғым ретінде де азығын алуды үрдіске айналдырған.
«Әділханов» жеке кәсіпкерлігі сиыр мен жылқы малын өсірумен қатар, жоғарыда көрсеткеніміздей, құс шаруашылығын да қолға алып келеді. Мәселен, қаз, үйрек, үндік сияқтылардың ет өнімін алса, тауықтардан да етінен бөлек, күніне көптеген жұмыртқасын алып отыр. Бұл аталған құстардан басқа, қоян сияқты сүтқоректіні де асырап отырғанын тағы айтқан жөн. Оның да тұқымын көбейту арқылы жұмсақ етін өндіруде.
Жалпы, осы шаруа қожалықтан өндірілетін бүкіл ет, жұмыртқа сияқты тағамға арналған өнімдер қазіргі уақытта тек қана «Khama Park» мейрамханасын толықтай қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, жылқының қымыз, саумалы мен сиырдың сүт өнімі де осы мейрамханаға тасымалданып, сол жақта ірімшік, құрт жасалып, қаймақ алынады.
Төлеухан Сәметұлы басшылық ететін «Әділханов» шаруа қожалығы аумағы 3 га-ды қамтитын қора-жайлармен жабдықталған. Мұндағы жылқы-сиырдың алаңсыз жайылып, аттардың бапталуына, құстардың алаңсыз өсіп-өнуі мен тазалығына жауапты, әрі шаруашылықтың бабын білетін 9 жұмысшы қызмет етеді. Қораның ішінде ірі қара малдарға жемшөбі ботқа ретінде жасалынатын арнайы пеш те салынып, тұрақты температурада малдардың азықтары дайындалатындай барлық жағдай жасалынған. Одан бөлек, шаруа қожалықтың айналасында қонақтарға арналған шағын демалыс орны да бар. Бұл жайлы орында барлық келушілер атпен серуендеп, табиғи өнімдердің дәмін татып, емін-еркін демалып қайта алады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.