Осыдан дәл 37 жыл бұрын сәуір айында Украинадағы Чернобыль атом электрстансасында мыңдаған адамның өмірін қиған алапат апат орын алды. Ол оқиға дүниежүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың бірі атанып, тіпті, Хиросима мен Нагасаки қасіретінен де асып түсті. Ядролық оқиғалардың халықаралық межесі бойынша, оған қауіптіліктің ең жоғарғы – жетінші деңгейі берілді. Украина, Ресей, Белорусия елдерінің бірқатар аймақтары радиоактивтік ластануға ұшырап, сан мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Жарылыс зардабын жоюға 800 мыңдай адам қатысса, оның отыз екі мыңы қазақстандық еді. Соның ішінде біздің ауданымыздан 50-ге жуық азамат барып, апат болған аймақты залалсыздандыруға атсалысты. Бүгінде олардың көпшілігі денсаулықтарынан айрылған бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Жаһанды дүр сілкіндірген жарылыстың болғанына бірталай уақыт өтсе де, бүгінде сол кездері көмекке барған азаматтар әлі күнге дейін жылда бас қосып, сол оқиғаны естеріне алып отырады. Өткен аптада ауданымыздың Чернобыль ардагерлері тағы да жиналып, Қаскелең қаласындағы Мәңгілік алау мемориалына гүл шоқтарын қойып, қайтыс болған сарбаздарды еске алды.
Айта кетейік, бүгінде Қарасай ауданында Чернобыль апатының зардабын тартқан 54 азамат тұрып жатыр. Оның біразы – басқа ауданнан көшіп келгендер. Оларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Жыл сайын 26 сәуір күніне орай құжатты толық тіркегендерге ақшалай сыйақы, мәселен биыл 150 мың теңгеден беріледі. Мүгедектік куәлігі бар азаматтарды емдеу-сауықтыру орталықтарына тегін жіберу ісі де қарастырылған. Қайтыс болған ардагерлердің әйелдеріне, отбасына да ақшалай қаржы бөлінеді. Жалпы барынша әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.