Елімізде қыс жылдағыдан қатты болып, қар әдеттегіден екі есе көп түсті. Алдағы уақытта күннің күрт жылынуынан су басу қауіптері жоқ емес. Су басуының алдын алу бойынша қазіргі таңда Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арықтар мен өзен арналарын қар мен мұздан тазарту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Атап айтар болсақ, Қарасай ауданы аумағында су тасу қауіпі жоғары 12 аймақ бар. Олардың басым бөлігі Қаскелең қаласы мен Райымбек, Іргелі, Елтай ауылдық округтерінің аумағында орналасқан. Соңғы уақыттағы ауа температурасының күрт көтерілуінен, сондай-ақ жаңбыр аралас қардың жауғанына байланысты су тасу қауіпі күн санап күшейіп келеді. Сондықтан ауданымыздағы мұндай қауіпті аймақтар төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың назарында.
Ағымдағы жылы су тасқыны кезеңінде аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жағдайлар жасалуда. Дәл қазіргі уақытта төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органның қызмет күштерінің жалпы саны 90-ға жуық адамды құрайды. Сонымен қатар, әртүрлі мақсаттағы 15 бірлік техника, 500 қап пен 50 тонна инертті материал және 14 мотопомпа сынды құралдармен қамтылған.
Өз кезегінде төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды су тасқынының алдын алу үшін аумақтарындағы арықтар мен өзен арналарын қоқыс пен мұздан тазарту жұмыстарын жүргізуін ескертеді. Сонымен қатар, егер су басу жағдайы орын алғанда не істеу қажеттігі жайлы ТЖБ ұсынған ережелерді оқырмандар назарына ұсынамыз.
Кенеттен су басу орын алса, үрейленбей, сабырлылық танытып, тез арада жақын жердегі қауіпсіз, биік жерге шығуға тырысу керек. Сонымен қатар қолда бар жүзу құралдарының көмегімен көшуге тырысу қажеттілігі туындайды. Егер бұл мүмкін емес болған жағдайда жоғарғы қабатқа немесе үйдің шатырына шығу керек. Су көтерілген жағдайда шатырға, ал су тез көтерілген жағдайда үй шатырының қырына шығу керек. Балалар, ауру, әлсіз, жаураған адамдарды өзіңізге немесе шатырдың берік бөлігіне, мысалы, пеш мұржасына байлаған жөн. Ағаштарға, бағандар мен сенімсіздік тудыратын жерлерге шығуға болмайды. Олар су тасқынымен қозғалып, құлауы мүмкін. Құтқарушылардың назарын аудару үшін үнемі апат дабылын беріп отыру қажет. Күндізгі уақытта жоғары жерде ақ немесе түсті мата іліңіз, ал түнгі уақытта жарық дабылын беру керек. Құтқарушылар келгенге дейін жоғарғы қабатта және биік жерлерде қалуға тырысу керек. Көшіруді тек зардап шегушіге тез арада медициналық көмек көрсету қажет болғанда, тамақтың жоқтығынан, құтқарушылардың келуіне сенімсіздік туғанда немесе жай-күйі нашарлағанда жүзеге асыруға болады.
Су тасқыны туындаған жағдайда «112» немесе «101» телефон нөмірлеріне хабарласу керек.
Сондай-ақ Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға дауылды ескертулер, ауа райы болжамы, таудағы қар көшкінін алдын алу және т.б. ақпараттарды дер кезінде алу үшін «Дәрмен» мобильді қосымшасын пайдалануға кеңес береді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.