Ауданымыздың кәсіпкерлерін қандай мәселелер толғандырады? Олар карантин кезінде нендей кедергілерге тап болды? Осы сияқты бірқатар мәселелер және пандемияның екінші толқыны бола қалған жағдайда жеке кәсіпкерлерге қойылатын шектеу талаптары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Орынбай Жанәділдің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиев, аудандық прокуратура қызметкері, аға прокурор Данияр Мұхияев, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Абдикеримова және аудан аумағында орналасқан сауда нысандарының басшылары қатысты. Басқосуда пандемия кезінде жапа шеккен кәсіпкерлердің мәселелері талқыланып, карантин жағдайындағы кәсіпкерлік нысандарының қауіпсіздік шаралары, жұмыс алгоритмі туралы кеңінен түсіндірілді.
Жиында алдымен Жанәділ Басарұлы аудан тұрғындарының өміріне қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларының әр мекемеде әлі де қатаң сақталуы керектігін, егер де алдағы уақытта еліміздегі жағдай тұрақтанбаса, қосымша шаралар қабылданылуы мүмкін екенін ескертіп өтті.
Ал, Айнұр Зейнепқызы жиналған кәсіпкерлерге облыстық бас санитар дәрігердің және аудандық басқарманың қаулысына сәйкес, барлық сау-да мекемелерінде санитарлық талапқа сай термометрия мен кіріп-шығуға арналған жеке есіктер міндетті түрде болу керектігін айтты.
Прокуратураның өкілі Данияр Мұхияев болса ауданымызда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын арнайы мобильді топ жұмыс жасап жатқандығын және кәсіпкерлер өздерінің жұмыстарына өзгелердің заңсыз араласқанын байқаса, олар осы топтың көмегіне жүгініп, заңды түрде көмек ала алатындығын жеткізді. Мұнан бөлек еліміздегі қазіргі жағдайды пайдаланып, ақша табу мақсатында өздерін тексеру комиссиясының мүшелері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерден ақша талап ететін алаяқтардың көбейгендігін ескертіп, кәсіпкерлердің ондай жағдайды байқаса, аталмыш топтың байланыс нөмірлеріне хабарласуын сұрады.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында әрбір мекемеде эпидемияға қарсы шаралардың орындалуына жауап беретін қызметкерді бекітудің қажеттілігі мен сауда орындарын жалға алып отырған адамдарға міндетті түрде «Info.kazakstan.kz» сайтына кіріп, сол жерден жұмыс істеуге рұқсат алуы керектігі туралы да айтылды. Және кәсіпкерлердің ақпаратты дер уақытында алып тұрулары үшін бір чат ашу қажеттілігі де талқыланды.
Жиын соңында Жанәділ Басарұлы алдағы уақытта ауданымыздағы 12 мобильді топтан бөлек республикалық пен облыстық мобильді топтар тексеріс жұмыстарын жүргізетіндігін хабарлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.