Өмірден көргені мен түйгені көп, тәжірибесі мол, ел дамуына еңбегімен үлес қосқан, қосып та келе жатқан аға ұрпақ өкілдері –ардагерлердің қай істе болсын пайдасы, үлгі-өнегесі көп.
Олардың, әсіресе, жастар тәрбиесіндегі, береке-бірлікті арттырудағы, қоғамдық жұмыстарды ілгерілетудегі, татулық-тыныштықты сақтаудағы орнын айрықша деуге болады. Қашанда елдің алдында жүріп, елдік мұратты бәрінен де жоғары қоятын да солар.
Осы аптаның сейсенбі күнінде аудандық ардагерлер ұйымының пленумы өткізілді.
Күн тәртібі бойынша негізінен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, оның орынбасары сайланып, хатшысы бекітілді.
Пленум жұмысына аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, қала және ауылдық округтер ардагерлер кеңесінің мүшелері, әжелер алқасының төрайымы қатысты.
Алдымен сөйлеген жиын төрағасы Сағат Мәсімақынов ардагерлер бірлестігіне зейнеткерлік жасқа жеткен, ұйымның жарлығын мойындайтын және оның талаптарын орындайтын кез келген азаматтардың төраға бола алатынын айтып өтті.
Мұнан кейін сөз алған Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов аудандық ұйымның төрағалығына белгілі қоғам қайраткері, халыққа танымал қадірлі қария Жүнісбеков Едіген Исатұлын ұсынды. Өз сөзінде оның сіңірген көп еңбегі туралы кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлығына Сағат Мәсімақыновты әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева ұсынып, оны да кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдап, дауыс берді. Ал, ұйымдағы хатшылық қызметке Гүлжан Супиева бекітілді.
Пленумнің соңында Айжан Нұрділдәқызы аудан ардагерлерінің жаңа төрағасы Едіген Исатұлын құттықтай отырып, алдағы үлкен жұмысына табыс тіледі.
Біз де барша газет оқырмандары атынан ол кісінің ардагерлерінің мұң-мұқтажына, жай-күйіне тұрақты көңіл бөліп, ауданымыздың абыройын асқақтатуға үлес қосуына шынайы тілектестігімізді білдіреміз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.