Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев осы аптада акив жиынын өткізіп, өзінің жаңа орынбасары – Бақытнұр Бақытұлын таныстырды. Аудан басшысы оның өмірбаяны мен еңбек жолынан қысқаша хабардар етіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ресми мәліметке сүйенсек, әкімдіктің жаңа қызметкері Қарасай ауданы әкімінің бірқатар саласына жауапты бесінші орынбасар болып табылады.
Бақытнұр Бақытұлы – 1986 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2004-2008 жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «қаржы» мамандығы бойынша білім алған. 2008-2009 жылдары Швейцариядағы MBA мектебіне түсіп, «қаржы» мамандығында оқыды. 2010-2011 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «заңгер» мамандығы, 2018-2020 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университетін «мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» бакалавр бойынша тәмамдаған.
2006-2008 жылдары Алматы қаласындағы «АТФ Банк» АҚ-да шағын және орта бизнесті кредиттеу бөлімінің жетекші маманы ретінде алғаш еңбек жолын бастады.
2009-2010 жылдары Алматы қаласындағы «АТФ-Лизинг» АҚ даму және жоспарлау бөлімінің бастығы, 2010-2012 жылдары Астана қаласында ҚР Бас прокуратурасы жанындағы шаруашылық басқармасы біліктілігі жоғары деңгейдегі маманы, бас маманы, 2012 жылы Астана қаласындағы Алматы облысы әкімінің, Алматы облысы әкімі аппаратының өкілі қызметтерін атқарды. 2013-2014 жылдары «Amanat» партиясы (бұрынғы «Nur Otan») Саяси менеджмент мектебінің Алматы аймақтық партиялық оқыту орталығында Оңтүстік облыстар филиалының директоры болды. 2014-2017 жылдары Швейцариядағы MBA мектебінде ТМД және Орталық Азия елдерінің бизнесі мен серіктестігін стратегиялық дамыту жөніндегі директоры, 2017-2019 жылдары Талғар қаласындағы «Алматы асыл тұқымды мал зауыты» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасының орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2019-2020 жылдары «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары, 2020 жылдың қаңтарынан сәуір айына дейін Қазақстанның сыртқы сауда палатасында Басқарма төрағасының орынбасары сияқты лауазымдық қызметтерде жұмыс істеді. Ал 2020 жылдың мамыр айынан 2022 жылдың 16 мамырына дейін «Алматы асыл тұқымды мал зауыты» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы болды.
Өз тілшіміз.