Биыл егемен еліміздің Тәуелсіздігіне 28 жыл толып отыр. Осы азаттығымызды алу жолында өздерінің үлкен үлестерін қосқан Желтоқсан оқиғасының қаһармандарын да естен шығармағанымыз жөн. Көтерілісте қаншама намысты жастар азап шекті! Ал, Тәуелсіздік үшін күрескен сол кездегі батырларымыздың бірқатары қазір қоғам арасында белсенді болып, ауыл-аймақтың көркейіп, дамуына атсалысып жүр.
Кеше аудан әкімі Жандарбек Далабаев осы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Салтанатты жиында аудан басшысы алдымен желтоқсаншы ардагерлерді ауданның өсіп-өркендеу жолындағы жұмыстармен, сондай-ақ, алға қойған мақсаттарымен таныстырды. Тәуелсіз азат күніміз жайлы сыр шертіп, ой қозғады. Бұдан бөлек, Жандарбек Ермекұлы ауданымыздың бірқатар мәселелерін де алға тартып, оның аясында атқарылып жатқан істерімен де бөлісті.
Осылайша, орнықты ойлардан кейін аудан басшысы мерекелі күннің кейіпкерлері – желтоқсаншыларды жеке-жеке марапаттап, сый-сияпаттарын тапсырды. Жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, отбасыларына амандық, бақыт, берекелі табыстар тіледі. Шара соңында, желтоқсаншылар атынан Бұлақты ауылының тұрғыны Салмахан Насыров шығып, аудан әкіміне осындай үлкен ықыласпен көңіл бөліп, құттықтағанына алғысын білдірді.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.