«Білімдінің алды жарық…» деген дана халқымыз қай заманда да ұрпағының білім алуына ерекше көңіл бөліп, оған қол жеткізуіне бар мүмкіншілігін пайдалануға ұмтылған. Ұстазға деген құрметі мен сенімі шексіз бола отырып, білімдіге артар үміт, арманы да асқақ болған. Бұл кәсіп иелерінің арамыздағы ерекше орнын «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген терең мағыналы қағидадан-ақ анық аңғара аласыз. Сондықтан да білім беру саласының қызметкерлері қоғам алдында ең жауапты міндетті арқалап отыр. Осыған орай, өткен аптаның жұмасында Қарасай ауданы педагогтарының төл мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті. Ұстаздар қауымын аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі құттықтап, еңбегі еленген жандарды марапаттап, мерейлерін өсірді.
Бұл күні қатарда жүріп, қалтқысыз іске кіріскен мұғалімдермен қатар, өз өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған білім беру саласының ардагерлері де аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шарада бас қосып, мәре-сәре болды.
Алғашқы сөз кезегін алып сахна төріне көтерілген Жандарбек Ермекұлы «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген қанатты сөзбен барша ұстаздар қауымының қоғамдағы алар орнын айғақтай отырып, өсіп келе жатқан буынға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолындағы педагогтар алдында тұрған маңызды міндеттерді де атап айтты. Сонымен қатар, аудан басшысы мұғалім ғана өз шәкiрттерiнiң жүректерiнде бiлiмге деген құштарлықты және Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятатынын, Тәуелсiз елiмiздiң алғашқы күнiнен бастап бiлiм берудi дамыту, адами капиталды жетiлдiру Елбасының, Президентiмiздің мемлекеттiк саясатының мызғымас басымдығы болып саналатынын тілге тиек етті. Осы бір қызығынан қиыны көп, жауапкершілігі мол мамандық иелеріне деген жылы лебізін жеткізіп, бар жақсылықты тіледі.
Мұнан кейін бірқатар мереке иелері ел алдында марапатталды. Атап айтқанда, Жандарбек Ермекұлы өз атынан жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін бірқатар ұстаздарды Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты шара әрі қарай мерекелік концертке ұласты. Концерттік бағдарламаның шымылдығы ұстаздарға арналған бейне-роликпен ашылды. Одан кейінгі кезек сахна төріне шыққан «Қалбүбі» өнер студиясының балаларының әсем әнімен жалғасты. Сонымен қатар, «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары да ұстаздарға деген ізгі лебіздерін әсем әнмен, мың бұралған бимен жолдады.
Егемен еліміздің ертеңін тәрбиелейтін мұғалімдердің қоғамдағы орны айрықша, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп-өсуі де ұстаздардың үлкен еңбегіне байланысты. Ендеше, оларға осындай құрмет-сый көрсетудің де өзіндік үлкен орны, жөні бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.