Спорт күніне орай Қарасай ауданының мақтанышы болып, еліміздің атын халықаралық деңгейде шығарып жүрген Азат Мақсұм, Бексұлтан Мұсахан және Бейбарыс Қаблан сияқты бірқатар қарасайлық спортшыларға құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.
Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні аталып өтіледі. Бұл – халықаралық аренада ел намысын қорғайтын кәсіпқой спортшылардың ғана емес, спортпен айналысатын, оны өмірлік ұстанымына айналдырған барлық қазақстандықтардың мерекесі. Атаулы күнге орай осы аптаның алғашқы күні аудандық Мәдениет үйінде «Спорт – менің өмірім» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Аудан спортшылары мен спорт саласының мамандары жиналған кешке аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысып, байрақты бәсекелерде бақ сынасып, ауданымыздың, еліміздің даңқын дүниежүзіне асқақтатып жүрген спортшылар мен оларға көмектесіп жүрген мамандарды төл мерекелерімен құттықтады.
Мұнан кейін аудан басшысы Қытай мемлекеті Ченду қаласында өткен универсиаданың қола жүлдегерлері Бексұлтан Мұсахан және Бейбарыс Қаблан, ережесіз жекпе-жек ұйымы болып табылатын UFC-де алғашқы жеңісіне жеткен Азат Мақсұм секілді бірқатар спорт майталмандары мен осы салада еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді «Алғыс хатпен» марапаттады. Бұған қоса шарада жоғарыда «BIG CITY MARKET» ЖШС-ің заңды өкілі Ізбасар Келісбекұлы аталған үш спортшыны жеткен жеңістерімен құттықтап, ақшалай сертификаттар табыс етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.