Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активінің жиналысы өткізіліп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі жан-жақты талқыланды.
Жиналысты аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ашып, жүргізіп отырды.
– Елбасымыздың бұл бастамаларын, – деді алдымен аудан басшысы, – егемен елімізді әлеуметтік жаңғырту жолындағы өте үлкен тарихи қадам деуге әбден болады. Жалпы, Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеруді үнемі алдыңғы кезекке қойып келеді. Қазіргідей дүниежүзі экономикалық дағдарыстан әлі толық арыла алмай тұрған уақытта осындай аса ауқымды әлеуметтік бастамаларды көтеруі – Ұлт Көшбасшысының алысты болжай білетін көрегендігінің, салмақты да сара саясатының жеңісі мен жемісі. Елбасының бұл бастамалары барлығымызға да үлкен міндеттер жүктейді.
Мұнан кейін Махаббат Садуақасұлы Президенттің бес бастамасының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың мән-маңызына жиналғандардың назарын аударды.
– Бәрі де елге керек, халыққа қажет, – деді одан әрі аудан басшысы. Мәселен, олардың біріншісі – «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», екіншісі – «Жалақысы тө-мен жұмысшылардың еңбек-ақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», үшіншісі – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», төртіншісі – «Шағын несие беруді көбейту», бесіншісі – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталуының өзінен көп ой түйіп, алдағы мақсатты анық аңғаруға болады.
Махаббат Садуақасұлы келесі кезекте осы бағыттар бойынша ауданда атқарылар жұмыстарды жүйелеп, өзінің орынбасарларына, тиісті мекеме, ұйым басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың орындалуы әрдайым тұрақты бақылауда болатынын қатаң ескертті.