Құсбегілік, атбегілік ұлтымыздың ежелден жалғасып келе жатқан құндылықтары болып табылады. Қиын-қыстау замандарда дәл осы құсбегілік, саятшылық өнерімен жанын баққандар, тіпті бір ауылды асыраған жандар аз емес. Қанымызда бар осы дүниелердің алтын арқау жібек жолын үзбей бүгінгі күнге жалғасып келе жатқаны жұбаныш.
Кеген ауданында, «Құлаған жар» тауының баурайында Қазақстандағы алғашқы бүркітші «Жалайыр Шора» мектебінің 35 жылдығына орай «Салбурын» халықаралық турнирі өтті.Ұлттық бағыттағы шара «Жалайыр Шора» мектебінің негізін қалаушы Сәрсенбек Дәулетбақовты еске алуға арналды. Бұл ұлтымыздың саятшылық өнерін, құсбегілік дәстүрін кейінгі ұрпаққа ұлағаттап кеткен өмірі өнегесіне, тағдыры тағылымына, ерен еңбегі мен елдігіне толы бүркітшіге көрсетілген орынды құрмет еді. Бұлай деуге әбден негіз бар. Аты аңызға айналған Сәрсенбек атамыз жастайынан бүркіт ұстады, жүйрік ат баптады. Саятшылықпен шынайы айналысты. Атамыз ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігін ұйытып отырды. Осының өзі ерлікке пара-пар ерен ісін көрсетті. Елдігін паш етті. Осының бәрі ел-жұртына, бүгінгі жас ұрпаққа ұмытылмас үлгі-өнеге болып қалды.
Дәулетбақов Сәрсенбек Бәрменбекұлы туралы
1921 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Жалаңаш ауылындағы бастауыш мектепте 2-сынып оқып жүргенде әкесі Бәрменбек жағдайсыз қиналып отырған ауылдастарына колхоз соқасына жегілген өз атын сойып бергені үшін қудаланады. Ақыры 1931 жылы отбасымен қырғыз жері арқылы ҚХР-на өтеді. Әкесі Бәрманбек ұста , зергер болған. Осы қолөренінің арқасында көп қиындық көрмеген. Сәрсенбек ата 11 жасында әкесінің тәлім-тәрбиесімен ұсталық, зергерлікті үйренген. Жастайынан ат баптап, құс салып палуандығымен көзге түскен. Үлкен жиын тойларда екі мәрте қалмақ палуандарын жеңген. Сәрсенбек атамыз 1946 жылы отау құрып, 1959 жылы ата жұртқа қайтып қоныс аударған.
Туған жерге келгеннен кейін колхозға ұста болып орналасып, түрлі салада жұмыс атқарған. Сонымен қатар әр ауылдан шәкірттер тәрбиеледі, өз балаларын баулыды. Қызыл империя саясаты ата дәстүрді жалғауға шет қараса да бүркітшілік, ұсталық, зергерлік, атбегілік өнерді тастамай қатар алып жүрді. 1992 жылы атақты француз арнасы «Канал +» арнайы Қазақстанға келіп Сәрсенбек ата жайлы «Қазақстаннан келген керуен» атты деректі фильм түсірген. Сонымен қатар Франция баспасынан арнайы кітап шығарылған. 1995 жылы арнайы шақырумен Франция мемлекеті Париж қаласына деректі фильм мен кітаптың тұсаукесеріне салтанатты жиынға барып қайтты. 1997 жылы 6 қазанда Кіші Жалаңаш ауылында дүниеден өтті. Отбасында төрт ұл екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда кенже ұлы Жанболат Сәрсенбекұлы ата жолын жалғастырып құсбегілікпен және атбегілікпен айналысуда.
Айта кетейік, турнирге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы, Кеген ауданының әкімі Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, Құсбегіліктен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сарабеков Ерболат Сарабекұлы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы қатысты. Турнирдің басты мақсаты – ата-бабаларымыздан қалған мұрамызды болашақ ұрпаққа жеткізу. Турнир кестесінде үш номинация бойынша жарыстар жоспарланған: бүркіттермен, қаршыға және ителгілермен аң аулау. Керемет жарыстар жүздеген жанкүйерді жинады және құмарлықтың қарқындылығымен нағыз аңшылықтан кем түспеді. Ұйымдастырушылар бұл турнирге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты.
Бүркітші атамыздың құрметіне бүркітшілердің сайысы жоғарғы деңгейде өтті. Жарысқа Моңғолия, Қытай, Қазақстан өкілдері қатысты, олардың арасында аңшы құстары бар атақты аңшылар – халықаралық және әлемдік жарыстардың жеңімпаздары бар. Бұл спорт түріндегі өз шеберліктерін 70-тен астам құсбегілер 12 команда бақ сынасты. Қызықты бәсекенің қорытындысы бойынша Астана қаласынан келген Күнтуған Серікбектің бүркіті 1 орынды, Атырау қаласынан келген Сармат Абдулкаримұлы және Жетісу облысы бойынша Әзен Шаймардан баптаған бүркіттері 2 және 3 орынды иеленді. Қаршыға жарысында Жамбыл облысынан келген 1 орын – Берікболсын Бабажан, Алматы облысынан 2 орын – Бегасыл Сейітжан, Түркістан облысынан Заки Махмудханның қаршығасы 3 орынан көрінді. Сонымен қатар ителгі жарысының қорытындысы бойынша 1 орынды Астана қаласының тұрғыны Ерасыл Серікбекұлы, 2 орынды Жамбыл облысынан Берікболсын Бабажан алса, жүлделі 3 орын Сармат Абдулкаримұлына бұйырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, медаль, грамота және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тағылымы мол басқосуды әуезді ән-күймен ажарлады. Осылайша, артына елі-жұрты айта жүрер өнегесін қалдырған бүркітші «Жалайыр Шора» мектебінің негізін қалаушы Сәрсенбек Дәулетбақовты еске алуға арналған турнир ел жүрегіне ұмытылмастай ұялап қалды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.