Жыр алыбы атанған Жамбылдың мол мұрасын оқырман қауымға насихаттау мақсатында осы аптада аудандық орталық кітапхана ұжымы «Ата аманатына адалдық» атты кездесу кешін өткізді.
Әдеби іс-шараға ақынның Әлімқұл атты немересінен тараған Мұратхан, Бекмұрат атты шөберелері мен Жамбыл бабамыздың аталас ұрпағы, Әйтей ауылының тұрғыны Нұрдәулет Жолшиев арнайы шақырылды.
Дәл сол сияқты құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, айтыскер ақын, Жамбылдың сүйікті шәкірті Үмбетәлі Кәрібаевтың әрі осы ақынның атымен аталатын музейдің басшысы Әуелбек Ысқақов да болды.
Санитарлық талапқа сай өткен рухани кеш барысында жыр дүлділінің аталас ұрпағы Нұрдәулет Жолшиев пен Ж.Жабаевтың шөберелерінің бірі Мұратхан Әлімқұлұлы Жамбыл атамызға қатысты ескірмейтін естеліктерімен бөлісіп, толғамды ойларын ортаға салды. Ал, өз кезегінде ақынның шөбересі Бекмұрат Жамбылов қара өлеңнің алыбы атанған бабамыздың мақамымен 1943 жылғы айтысынан үзінді орындап, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» атты күйімен де көпшілікті керемет әсерге бөледі.
Поэзиялық басқосуда жыр алыбының өлеңдері оқылып, ұрпақтарына оқырман тарапынан түрлі сауалдар да қойылды. Ғибратты кеште Қаскелең мәдениет колледжінің өнерлі студенттері де белсенділік танытып, жырдан шашу шашып, күмбірлете күй тартты.
Сонымен қатар, ғасыр ақыны жайлы Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы мен ҚР білім беру саласының үздігі Ақлима Көсемова сынды ардагер ұстаздар танымдық ой-пікірлерін білдірді.
«Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, кеш барысында аудандық орталық кітапхананың басшысы Ұлдархан Өтеева оқырмандар үшін Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы ерекше екенін айтып, қадірлі қонақтарға ризашылығын білдіре келе, ұжымның атынан сый-сияпаттарды табыс етті.
Бұл кездесудің соңы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы музей директоры Әуелбек Мұсаханұлының суреткөрмесіне ұласты. Қылқаламның шебері дархан даланың данасына арналған қатысты өз туындыларынан сыр шертіп, Жамбыл бабаның мерейтойы қарсаңында 40-тан астам картинаны жинақтап жатқанын жеткізді.
Д. МУХАМАДИЕВ.