Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық ат спорты ойындарын жандандыруға ұлттық намысы алаулаған азаматтар өлшеусіз үлес қосты. Солардың бел ортасында Орынтай Әмірғалиев жүрді. Ол облыста ұлттық ат спорты ұйымын ұзақ жыл жемісті басқарды. Сол кезеңде өңірде бұл сала айтарлықтай ілгеріледі. Соның ішінде көкпар ойыны жаңа биікке көтерілді. Ұлы далада еркін өскен ердің қанаты, жортқанда жан серігі жылқыға деген құмарлық аудандарда арта түсті. Жігіттің сәні мен өмірінің мәніне айналған жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктер жарысы жиіледі. Бүгінде атбегінің есімі елге белгілі. Ол – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Өткен ғасырдың басында қызылдар билігінің асыра сілтеуінен ыққан Әмірғали әулеті көрші қырғыз еліне өтіп кетіп, сол жылдары дүниеге келген ұлдың есімі Қырғызбай аталған. Өжет өскен Қырғызбай заманның беті бері қарағанда атажұртына оралып, 1959 жылдың наурызында шаңырағында шекесі торсықтай ұл дүниеге келген. Баба қонысынан орын тауып, көңілі жайланған Қырғызбай баласының атын Орынтай деп атады. Әкеге тартып туған жігерлі өрен шымыр болып өсіпті. Жанақұрылыс ауылынан аудан орталығындағы В.Белинский атындағы орта мектепке күніне 12 шақырым жаяу қатынап оқыды. Кейін спортты жанына серік етіп, өмір бойы саламатты өмір салтын ұстануына сол балалық шақтағы мектеп пен үйдің арасын он жыл бойы жаяу жүруі де ықпал еткені анық.
Жастайынан еңбекпен ысылып, күреспен шұғылданып, бойшаң да сымбатты болып өскен бозбала әскери борышын әуе десанты гвардиялық дивизиясының құрамында алғаш Қапшағайда, кейін Ферғанада өтеді. Әскер падишасы саналатын десантшы заңғар көктен парашютпен 66 рет секіріпті. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін сырттай бітірген Орынтай 1979-1994 жылдары ішкі істер саласының мемлекеттік автоинспекциясында қызмет істейді. Тәртіп пен реттілік бойына сіңген ол «Қазақстанның үздік инспекторы» атағымен, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталып, майор шеніне дейін өскен. Қызметте жүріп спорттан қол үзбей, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысқан. Самбо, дзюдодан 1980-1982 жылдары Алматы облысы мен қаласының төрт дүркін чемпионы болып, республикалық біріншілікте үш рет бақ сынаған. Әуе спортынан 1-разряд, жүзуден 1-разряд, альпенизмнен 1-разрядты спортшы кейін атбегілік кәсіпке біржола ауысқан.
Қазақстанда тұңғыш рет 1994 жылы ұлттық ат спорты федерациясы құрылғанда Орынтай Қырғызбайұлы соның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болды. Билен Нұртазинов, Сәдібек Түгел, Елсияр Қанағатовтармен бірге федерацияны құрып, облыстарда бөлімшелері ашылды. Ол Алматы облысы мен қаласындағы филиалдарын басқарды. Жетпіс жыл бойы мемлекеттік деңгейде мән берілмей келген ұлттық ат спортының Тәуелсіздік таңымен бірге жаңғыруына ұйытқы болды. Жер-жерде ұйымдастырылған аламан бәйгелердің үнемі басы-қасынан табылды. Жамбылдың 150, Қарасай Алтынайұлының 400, Райымбек Хангелдіұлының 300, Нұрмолда Алдабергеновтың 90 жылдығы, Әбілхан Қастеев, Дінмұхаммед Қонаев мерейтойлары, 1998 жылғы Астана қаласының тұсаукесері, «ЭКСПО-2017» көрмесі сияқты ірі-ірі іс-шараларға орай ат спорты түрлерінен аламан өткізудің ұйытқысы болды.
Сондай ұлы бәйгелерді ұйымдастыруға ойға ой қосып, ойын ережесіне ұтымды ұсыныстар енгізді. Жамбыл ауданындағы Көкбастау жазығында 1998 жылдан бастап 20 жылдан астам уақыт бойы тұрақты өткен Президент Кубогі үшін дәстүрлі ат жарысының тұңғыш құрылтайшысы, әрі тұрақты бас төрешісі болып келді. Жыл сайын Конституция күніне арнап өткізілген аталған аламанда тай, құнан, жорға жарыс, топ бәйге, аламан, сонымен қатар аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу ойындарының көрігі қызып жататын. Кейінгі жылдарда оған жамбы ату қосылып, ат спорты түрлері түрлене түскен еді.
Бозбала шақтан асау үйретіп, ұлттық өнердің қадір-қасиетін бойға сіңірген азамат 1998 жылы «Рахат» асыл тұқымды жылқы зауытына басшылық етіп, араб, ағылшын жылқыларының тұқымын Қазақстанда өсіру мақсатында табысты еңбек атқарды. Зауытқа Ресей, Ұлыбритания, Франциядан сәйгүліктер әкеліп, оны қазақи тәсілде баптап, үлкен бәйгелерге қосып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберді. Олардан Еділ Құсайынов Чехияда, Нұрлан Тынышпаев Францияда тәжірибе жинақтап қайтты. Еділ классикалық ат жарысының шабандозы, әлемдік жарыстардың жеңімпазы атанды. «Бұл зауыт 10 жыл дүркіреді. Жүрегімнің түкпірінде көкпар жүруші еді. 1996 жылы Серік Әбікенұлына айтып, ұлттық ойындар бағдарламасына көкпарды кіргіздік. Осылайша Алматы облыстық көкпар спортын дамытуды қолға алдық», – деп еске алады Орынтай Әмірғалиев.
Көкпарға кеңес өкіметінде тыйым салынып, ол өзінің халықтығынан, бұқаралығынан ұзақ жылдар бойы ажырап қалғаны белгілі. Тақымы мықты көкпаршы Орынтай Қырғызбайұлы ұлттық ат спортының осы түрін өңірде дамытуға бел шеше кіріседі. 1996 жылғы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерейтойында тұңғыш рет өткен халықаралық көкпар турнирінің құрылтайшысы, әрі ұйымдастырушысы болды. Ұлттық ат спортын дамыту жолындағы жұмыс оң нәтижесін берді. Ат жүгірте жүріп жарысты ұйымдастырып, ережесін, тәртібін жүйеледі. Алматы облыстық ұлттық ат спорты түрлерін өрістету жолындағы еңбегі 2011 жылдан бастап өз нәтижесін бере бастады. Сол кездері әсіресе Жетісу өңірінде көкпарды жандандыруға бел шеше кірісті. «Үшқоңыр» командасын құрып, сол жылы-ақ команда жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Алты-жеті жыл ішінде жетісулық көкпаршылар алдыңғы үштіктен түспей, қажырлы ойын өрнегін көрсетті. Ол жігіттер қазір республикалық құрамада үздік өнер көрсетіп жүр.
Ол тәжірибе алмасу үшін 1995-96 жылдан бастап қырғыздармен араласа бастады. Себебі айыр қалпақты ағайын аттың бабын табуда ежелден ешкімге есесін жіберген емес. Сол кездері Орынтай ағаның айналасына өзі сияқты бойында ұлттық намысы алаулаған жігіттер топтасты. Сонда оның үйі бейне бір штаб тәрізді болатын. Қордайдан, өзге өңірден атбегілер сол үйге тоқтап, қонып, бәйгеге апара жатқан аттарын да ауласына түсіретін. Бұлар барғанда олар да осылай күтіп алады. Осы бір үрдіс атбегілер арасындағы тамаша сыйластыққа айналып еді.
Орынтай атбегінің Айторы, Айтұмар, Бойтұмар, Роза, Жұлдызторы, Нардена, Алматы, Эльпасса, Пагром, Анис, Велта, Атос, Барс сынды тазақанды сәйгүліктері болды. Жүйріктері небір ұлы аламандарда алда келді. Қазақ елінің атынан қосқан қылқұйрықтары шетелдегі халықаралық айтулы жарыстарда да бәйгелі болды. Мәселен, 2004 жылы Мәскеуде Ресей Президентінің жүлдесі үшін ұшқыр аттар арасындағы халықаралық классикалық ат жарысында «Грантлет» атты сәйгүлігі жүлделі екінші орынды иеленіп, Қазақстанның мерейін асырды. Атбегі оны Франциядан әкеліп, бабына келтірген болатын. Өз елімізде Қабанбай, Қарасай, Райымбек батырлардың тойында, Түркістан қаласының 1500 жылдығында бас бәйгелерді ұтты. Дәстүрлі Президент кубогын жеті рет жеңіп алды. Бейбарыс Сұлтан, Д.Қонаев, Абай, Жамбыл аталардың мерейтойында да жүлдесіз қалған кезі жоқ.
Орынтай Қырғызбайұлы – тәуекелшіл, табанды, қайсар жан. Батыр болмысты, тау тұлғалы, ештеңеден қаймықпайтын адам. Айтарын тура айтып салады. Бірақ біреуге қатты сөйлеп қойса, артынан уайымдап жүреді. Көпшіл. Алыстағыны шолатын қыран бүркіт сияқты көрегендігі бар. Шешімі қиын қайбір шаруалар оның табандылығының арқасында іске асып жатады. Республикалық ат спорты федерациясы осындай қайсар азаматтардың арқасында құрылған болатын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы әлеуметтік-экономикалық қиын кезде ұлттық дәстүріміздің ұмытылып қалмауы үшін барын салғандардың қақ ортасында жүруі – дәл осындай қасиетінен деп білеміз.
Сол жылдары Шымкенттің көкпарын көріп келіп, Жетісу өңірінде бұл өнердің көмескіленіп бара жатқанына қынжылған болатын. Сондықтан Алматы облысының көкпар командасын өз қолымен құрып, ұзақ жыл осыған қызмет жасады. Көкпаршыларды атпен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, шаруаны бір жүйеге келтірді. Елімізде оңтүстіктің көкпаршылары мықты. Бұл өнерді өрістету үшін өзге облыстардың көпшілігінде әкімдер Шымкент пен Жамбылдың жігіттерін қызметке шақырып, сол арқылы өздеріндегі көкпарды дамытса, Орынтай бұл үрдістен бас тартып, команданы тек Алматы облысының жігіттерінен жасақтады. Осылайша жергілікті көкпар мектебін қалыптастырды. Оны облыстық бюджетке бекітуге қол жеткізді. Себебі көкпарға түсетін белді ат алу, көкпаршылар мен бапкерлерге еңбекақы төлеу, одан басқа да толып жатқан керек-жарақтар біраз қаржыны талап етеді. Бұл шаруа жеке адамның қолынан келмейді. Осы жағын жолға қойып, құрыш білекті жігіттерді бір мақсатқа жұмылдыра білуінің арқасында облыстың ересектер командасы республика бойынша алдыңғы үштікке ілінді. Ал жасөспірімдердің бірінші орынға шыққан кездері болды. Бұл да Орынтай Қырғызбайұлының қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасы. Атбегі жүздеген шәкірт тәрбиеледі, кейбіреулері әлемдік додаларға түсіп жүр.
Қазақтың көп жақсыларымен бірге жүріп, сырлас, жолдас болды да. Солардың бірі Есенқұл Жақыпбек еді. Ол Орынтайдың өмірге көзқарасын өзгертті. Ұлт мұрасын жандандыруда рухтандырды, қамшылап отырды. Бұл туралы өзі былай дейді: «Қой да бақтым, жүкші болдым, көлік айдадым, аспанға құштарлықпен парашютші де болдым. Атбегілікке біржолата ден қойғанда байқағаным, Есаға сол кезде жігіттердің арасында идеологиялық жұмыс жүргізген екен. Оның ұлтжанды, мемлекетшіл ойлары бізді рухтандырды. Жігіттер сол кісіден белгілі бір дәрежеде тәлім алдық. Елжандылықты, жомарттықты, мәрттікті сол кісіден үйрендік десем болады», – дейді өнер адамдарын жақсы көретін Орекең. Ақынның «Біздің елдің жігіттері» әні дәл осындай азаматтарға арнап жазылғаны белгілі.
Тоқсаныншы жылдары құрылған ұлттық ат спорты ұйымы кейіннен ішінде жеті-сегіз федерациясы бар Ұлттық қауымдастыққа айналғаны мәлім. Оның басы-қасында жүргендер Азия чемпионатын, әлем чемпионатын өткізеді. Онда 100-150 шақырымның үстіндегі қазақы қашықтыққа шабылады. Егемендік алғаннан кейін қазақты әлемге танытуда ұлттық ойындардың орны расымен ерекше болды. Шетелдіктер қазақты дәстүрімен, мәдениетімен бағалайды. Ал ұлттық мұраның алдыңғы сапында ат спорты тұрғаны даусыз. Бұл орайда Орынтай Әмірғалиевтің қосқан үлесі қомақты. Орынтай аға Еуропа бапкерлерімен қарым-қатынас орнатты. Ондағы мақсаты біздің жастарды әлемдік додаларға кеңінен қатыстыру. Жылқыны асылдандырудың шетелдік озық тәжірибесін жастар үйренсе дейді. Кейінгі кездері ол Кавказдағы әріптестермен көп араласты. Сонда барғанда қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ерекшелігін дәріптей жүреді. Қазақтың жігіттерінің қандай болатынын танытады. Таулықтар арасында «Біздің елдің жігіттері» әнін айтады. Жылқының жайын терең білетін жан еліміздегі және әлемдегі ат баптау туралы таңды таңға ұрып әңгіме өрбітуге бар. Қазақтың бәйгесі мен көкпары олимпиада ойындарына кірсе деп армандайды.
Орынтай Қырғызбайұлы үлгілі отбасының иесі. Зайыбы Гүлназым екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары мен келіндері Қуаныш-Ғалия, Мадияр-Гауһар, Нұрым-Альбинадан қылығы балдай тәтті немерелер сүйіп отыр. Баласы Нұрым әке жолын қуып, көкпар командасының жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші атанды.
Арғымағына мініп, айтулы аламанға төрелік етуден танбай келе жатқан алпыстың бел ортасындағы ақтаңгер атбегіге ұлттық мұрамыздың жалауын әлі де биіктен желбірете беріңіз дейміз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.