25 мыңдай халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің ең басты мәселесі – мұнда бүгінгі күнге дейін мектептің жоқтығы. Қазіргі таңда бұл жердегі оқушылардың біразы жақын орналасқан Кемертоған ауылындағы мектепке барып оқыса, қалғаны Қаскелең қаласы мен іргелес жатқан Алматының бірнеше мектебіне барып білім алады. Анығын айтқанда, асылармандық ата-аналар ұл-қыздарын ары-бері тасып, алыс мектептерге оқытудан қажыды. Сондықтан олар тұрғын үй кешенге арнайы мектептің салынуын өтініп сұраған еді.
Талай жылдан бері көтерілген мәселе осыдан екі жыл бұрын оң шешімін тауып, мектептің қазығы қағылатын жер телімі табылған болатын. Алайда, бұл орында жүйелі жұмыстың жүріп жатқанын байқамадық. Бірақ, нысанның төлқұжатына көз тастасақ, мектептің салынуына тапсырыс беруші компанияның да, құрылысқа жауапты мердігер мекеменің де атаулары нақтыланған. Қолда бар ақпаратты пайдаланып, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде бой көтеретін білім мекемесінің салынуына жауапты «Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Майлыбаевпен арнайы әңгімелестік. Көкейде жүрген көпшіліктің сауалдарын қойып, нақты жауапты алдық.
Тапсырыс беруші компания басшысының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың наурыз айында жаңа мектептің құрылысы басталған. Іргетасының беріктілігі үшін арнайы бетоннан төсеніш құйылып, жан-жағы қоршалған. Алайда, пандемияның салдарынан және құрылыс материалдарының құны шарықтауына байланысты аталмыш серіктістікте қаржы мәселесі туындаған.
– Бұл мектеп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы салынып жатқан жоба болғандықтан инвестиция көзі банк болып табылады. Сондықтан қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауына байланысты қайта есептеуге тура келді. Осындай қиындыққа тап болдық. Оны жасырмаймыз. Еліміз бойынша құрылыс материалдарының бағасы 30%-ға дейін артты. Осыны банк өз тарапынан ескеріп, шығындарды қайта есептеп, жұмыстың одан әрі жандануына қолдау білдірді. Енді мектептің құрылысы жалғасатынын сенімді түрде айта аламын. Осы айдың аяғында жаңа білім ошағының бой көтеруіне жауапты «Шапырашты Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі бұл іске кірісетін болады, – деп «Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Құрманәліұлы мән-жайды толығымен түсіндірді. Сонымен қатар, оның айтуынша жоғарыда атап өткен қиындықтар құрылыс саласында кездесуі бірінші рет емес. Тіпті, «BI group» сияқты алып компаниялардың өзі мұндай кедергілерге ұшырап жатады. Алайда, серіктестіктің басшысы қандай мәселе туындаса да жүктелген міндетті абыроймен орындап, межелі мерзімде аяқтайтынын айтты.
Асылармандықтардың игілігіне берілетін жаңа мектеп аудан бойынша ерекше ғимараттардың бірі болмақ. Үш қабатты білім ұясында 2000 оқушы сабақ алады. Сыртқы келбеті де ерекше түрде салынып, мұнда екі спорт зал, бассейн, кең көлемді мәжіліс залы, футбол және басқа да спорт түріне арналған ойын алаңдары, ұлдар мен қыздарға арнайы еңбек кабинеттері болады. Мұндай нысан осы уақытқа дейін республикамызда болмағанынын айта кеткен жөн.
«Advennto» ЖШС-нің басшысы Ержан Майлыбаевтың сөзіне сенсек, сәулеті мен сәні көз тартатын жаңа мектеп 2022 жылдың оқу жылында, яғни, 1 қыркүйекте қолданысқа беріліп, тұрғын үй кешеннің халқына көптен күткен сый болмақ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.