25 мыңға жуық халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер жетерлік. Мектептің жоқтығы былай тұрсын, мұндағы тұрғындардардың сөзіне сүйенсек, пәтер меншік иелері кооперативінің (ПМК) қызметі де ақсап тұр.
Базынасын жеткізген асылармандықтардың айтуынша, мұнда су ескертусіз жиі өшіріледі. Одан бөлек, оның ыстық күйінде ақпайтыны тағы бар. Оның орнына суық су сарылдап тұрса да ыстық судың тарифімен төленеді. Міне, жоғарыда аталған мәселелердің мән-жайын білу үшін осы қызметтерге жауапты мердігер компаниядан жауап алып, анық-қанығын білуді жөн санадық.
Асыл арман» ТК-дегі 7 үй тұрғындары жеткізген ресми ақпаратқа көз жеткізсек, мұндағы су ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен бастап күн сайын ескертусіз өшірілген. Одан бөлек, өткен жексенбіде түнгі сағат 10 мен 11-дің арасында тағы да тоқтап қалған. Алайда, бірден наразылықтарын білдіріп, аулаға шыққан пәтер иелерінің айқайымен тек қана суық су бірден беріліпті. Жалпы, осы жағдайға байланысты суға жауапты «Алатаукомсервис» ЖШС абоненттік бөлімінің басшысы Дәурен Айдарұлы суық судың соңғы уақытта өшуін сорғының істен шығуымен байланыстырды.
– Сорғы істен шыққанына байланысты мәжбүрлі түрде суды өшіруге тура келді. Дегенмен, тұрғын үйдің ішкі жүйесіне жауапты «Сервис комфорт» басқарушы компания» ЖШС-не алдын ала хабарлаймыз. Олар тұрғындарға жеткізуі тиіс. Қазіргі уақытта қуаты күшті су сорғыны орнаттық. Басқа да мұндай қосымша құрылғыларды жөндеуден өткіздік. Алдағы уақытта мұндай мәселе туындамайды деген ойдамыз. Ал, ыстық судың әлсіз келуіне біз жауапты емеспіз. Өйткені, біздің компания қазандықтан үйге дейінгі судың жетуін қамтамасыз етеді. Ішкі жүйесі жоғарыда атап өткен басқарушы компанияның құзырында, – деді «Алатаукомсервис» ЖШС-нің өкілі.
Айтылған ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында «Сервис комфорт» басқарушы компания» ЖШС-нің басшысы Арғынбай Рысалдиевті де әңгімеге тарттық. Ортақ ой алмасуға бірқатар тұрғындар да қатысты.
– Ыстық судың салқын болуы жақында болған апаттық жағдайға байланысты болуы мүмкін. Су сорғы іске қосылып, қалыпқа енді келуде. Судың айналма жүйесі тұрақталғанда ғана ыстық су бірден ағатын болады, – деп түсіндірді Арғынбай Шоқатұлы.
Мердігер мекеме басшысының бұл пікіріне тұрғындар қарсы шығып, мұндай мәселе 2-3 жылдың көлемінде қайталанып жатқанын айтты.
Сонымен қатар, пәтер иелері ыстық судың суық болып аққанына шығымданды. Тіпті, жоғары қабаттағылар 15-20 минут судың жылығанын күтетін көрінеді. Түбіртектегі төлемдерді байқасақ, ыстық су – 429,3 тг/м3, суық су – 85,51 тг/ м3 тарифтік бағамен төленеді екен. Былайша айтқанда, тұрғындар ақпаған ыстық су үшін артық ақша төлеп отырмыз деген шағымдарын жеткізуде. Ал, «Сервис комфорт» басқарушы компания» ЖШС-нің басшысы бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз екенін айтты.
– Алдағы уақытта судың бірден ыстық болып ағуын қадағалайтын боламыз. Мүмкін, су құбырларының қақпағы бітеліп қалуы мүмкін. Егер ондай жағдай болса, сантехник арнайы барып әр пәтерді тексеретін болады. Ол үшін тұрғындар бізге өтініш қалдыруы тиіс. Сол бойынша мамандар әр үйді тексеріп, тиісті жұмыстарды атқарады. Белгілі бір себептер болса, оны да анықтап түсіндіреді, – деп мәселеге қатысты ойын білдірді басқарушы компанияның басшысы.
Осылайша асылармандықтардың шағымы басты назарға алынып, жауапты мекемелердің қатысуымен ортақ талқыланды. Айтылған ойлар, сан сауалдар ескерілді. Мердігер мекеме өз тарапынан көтерілген мәселені ретке келтіреміз деп уәдесін берді. Талап бар жерде нәтиже боларына біз де сенеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.