25 мыңнан астам халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде бүгінгі таңда шешілмей жатқан мәселе жетерлік. Соның бірі – қолданысқа жылдың басында берілуі керек болған эстакада.
Белгіленген уақытта аяқталмай жатқан нысанның қазіргі жағдайын білуді мақсат етіп, осыған қатысты наразы халықтың пікірін ескере келе, аспалы көпірге осы жолы тағы да арнайы бардық. Жобаға жауапты «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ болғандықтан, аталмыш мекеменің Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровты әңгімеге тартып, құрылыстың барысын сөз еттік. Асылармандықтардың арманына айналған эстакаданың қашан бітетінін де нақтыладық.
Көліктердің қалаға қарай бет алуына ыңғайлы болу үшін салынып жатқан бұл көпірдің қарқынды жұмысы былтыр тамыз айында басталған болатын. Өйткені дәл сол уақытта құрылысты аяқтайтын жаңа мердігер мекеме анықталған еді. Ол – «Golden City DS» ЖШС. Нысанның төлқұжаты бойынша жобаның толық жұмысы 2023 жылдың қаңтар айында аяқталу керек болған. Алайда құрылыс барысы бәсеңдеп, бүгінгі күнге дейін созылып жатыр. Оның себебін «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Тоқтасынұлы жобаға бірқатар түзетулер енгізумен байланыстырды. Сонымен қатар, эстакаданың қасында орналасқан сүрілуі тиіс болған базарды да басты кедергі екенін айтып өтті.
– Сауда орталығының сүрілуіне қатысты қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада шешілуі тиіс. Базарды мемлекет тарапынан сатып алуға қатысты керекті қаражат бөліну жағы қарастырылуда. Осы мәселе шешілсе эстакаданы толықтай ағымдағы жылдың қыркүйек айында қолданысқа беру жоспарлануда, – деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалының өкілі.
Нұржан Тоқтасынұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта құрылыстың басы-қасында 70 маман, 12 техника жұмыс істеуде. Мердігер мекеме 2083 текше метр көлемде эстакаданың бетіне бетондау жүргізген. Одан бөлек, нысанның айналасында желілерді қалпына келтіру, жарықтандыру бағандарын орнату, жолды гидрооқшаулау, көпірді жағалаумен байланыстыру сияқты жұмыстар атқарылуда.
Тасжолдың жағдайы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының қадағалауында болғандықтан эстакадан бөлек, осы маңдағы Райымбек ауылының бұрылысында орналасқан жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір мәселесін де көтердік. Аталмыш мекеме өкілінің айтуынша, жерүсті өткелі де «Асыл армандағы» эстакада аяқталғанда, яғни, қыркүйек айында бітуі тиіс. Қазіргі таңда ол жерде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда.
Айта кетейік, эстакада екі жолақты болады. Тұрғын үй кешеннен шығатын көліктердің легі осы көпір арқылы бірден «Алматы – Бішкек» тасжолына қосылады. Ал «Асыл арманға» кіретін және одан шығатын көліктер дәл көпірдің екі жанындағы жолақтар арқылы қозғалатын болады. Одан бөлек эстакаданың қасында жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегі де салынады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.