Осыдан үш ай бұрын Қарасай ауданы әкімдігінің субсидиялауымен Қаскелең қаласының ішінде жүретін жаңа екі маршрут іске қосылған болатын. Ағымдағы жылдың 10 шілдесінен бастап енді Қаскелең мен Исаев ауылының арасында қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындар үшін жаңа маршурт ашылмақ.
Қоғамдық көліктерде жолақысын «AlemPay» компаниясы қойған терминал, «AlemPay» және басқа да банк карталары, QR-код арқылы төлеуге болады. Жолаушылар үшін бекітілген жолақысы – 150 тг. Оқушыларға 50% жеңілдік қарастырылған, яғни, 75 теңге. Ал 7 жасқа дейінгі балаларға тегін.
Шағын автобустардың жүру бағыттарын «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің қызметкері Ерасыл Айтмухаметов түсіндірді. Оның айтуынша, бұл шағын автобустар халықтың сұранысы бойынша жүзеге асуда.
– Қаскелең мен Исаев ауылы арасында №9 бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің жүретінін алдына ала хабарлағымыз келеді. Жаңа маршрут Қаскелең қаласының автобекетінен бастау алып, Алмалыбақ, Жалпақсай, Көлді, Мерей, Елтай, Исаев сияқты ауылдарды басып өтеді, – дейді «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің өкілі.
Айта кетсек, маршруттың жүруіне жауапты Қаскелең автобус паркі дәл осы бағыттарға төрт автобусты іске қосқалы отыр.
Қоғамдық көліктер 10 шілде күні 6:30-дан бастап жұмысқа кіреседі және 20:00-де жұмысын аяқтайды. Жүріс аралықтары шамамен жарты сағатты қамтиды.
Батыржан ЖҰМАДІЛОВ.