Жаздың бірінші күніне дәл келетін Балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі. Осы мерекеге орай Қаскелең қалалық әкімдігі мен аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі балаларды құттықтау мақсатында мерекелік шара ұйымдастырды.
Қаскелең қаласындағы орталық алаң сан алуан реңге боялғандай гүлденіп, әуелеген әсем әуен көңіл көкжиегін кеңейте түсті. Бұл салтанат ортасында қала әкімінің міндетін атқарушы Гүлнар Молдамсейтова сахнаға көтеріліп, жиналған қауымды, мереке иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Одан кейін ауданға қарасты мектептерде оқитын облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүрген жасөспірім жеңімпаздар өз өнерлерін көрсетті. Алғашқы болып ортаға шыққан балалардан құралған «Мұрагер» ансамблі Құрманғазының «Балбырауын», Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін күмбірлете шертті. Ал халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері «Бала бақыты» әнін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, «Алға дамыту» орталығының, «Жас өркен» үйірмесіне қатысушы балалар да өз өнерлерін көрсетті. Жалпы, мерекелік іс-шарада 40-қа жуық концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Әсем әндері мен мың бұралған билерімен көрермендердің ықыласына бөленген балаларға демеушілер дайындаған сыйлықтар таратылды. Одан бөлек мереке аясында Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының кәсіподақ ұйымы медицина қызметкерлерінің балаларына арналған Мәдениет үйінің алаңында сурет салу сайысын ұйымдастырып, қатысқандардың барлығына сый-сияпаттарды үлестірді. Оған қоса спорттық эстафетаға бақ сынасқан және мерекелік жиынға келген балаларға аудандық Жастар ресурстық орталығы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен «Coppa Italia» ЖШС-і мен «Сапа голд» ЖШС-нің балмұздағы мен кондитерлік өнімі сияқты 500-ден астам тәттілер мен сусындарды тегін таратты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.