Қарасай ауданында соңғы кездері қоғамдық көлікке қатысты мәселелер жақсы жағынан шешіліп келеді. Сондай жағымды жаңалықтардың бірі ретінде 3 сәуірден бастап Қаскелең қаласы бойынша №1 және №2А бағытында қатынайтын автобустардың іске қосылуын айтуға болады.
Қарасай аудандық әкімдігі аталған маршруттардың ашылуына ықпал етіп, қоғамдық көліктерді субсидиялауды қолға алып отыр. Жолаушылар үшін бекітілген жол ақысы – 80 теңге. Оқушылар үшін 50% жеңілдік қарастырылған, яғни, 40 теңге. Бір айта кетерлігі, жол ақысын қолма-қол төлеуден бөлек, арнайы төлем жүйесі арқылы кез келген банк карталарымен де төлеуге болады. Одан бөлек, QR-код арқылы да төлем енгізу қарастырылған.
Шағын автобустардың қала ішінде жүру бағыттарын «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің қызметкері Ерасыл Айтмухаметов түсіндірді. Оның айтуынша, халыққа қолайлы қоғамдық көліктер Қаскелеңнің біраз көшелерін жүріп өтпек.
– Қаскелеңдіктерге калаішілік №1 және №2А деп аталатын маршрут ашылғанын хабарлағымыз келеді. Қоғамдық көліктер 3 сәуір күні 6:30-дан бастап жұмысқа кіреседі. Олардың Қаскелең бойынша жүру бағыты Қарасай аудандық әкімдігімен бекітілген. Мәселен, №1 маршрут Сәукеле көшесінен жолға шығып, Аймауытов, Байғазиев, Қарасай батыр, Райымбек көшелерін басып өтіп, жоғарғы трассадағы Теремки деген аялдамадан кері айналады. Осы жолмен Абылайхан, Мақашев көшелері арқылы бастау алған Сәукелеге келеді, – дейді «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің өкілі.
Ал №2А автобустың бағытына тоқталар болсақ, ол жоғары трассадан бастау алатын Байғазиев көшесінің бойымен Байжарасов, Әлімқұлов, Абылайхан, Жазира, Бейсебаев, Мақашев, Жанғозин, Наурызбай батыр, Достық сияқты көшелерге бұрылып жүріп өтеді. Кері бағыты соңғы аталған көшенің аялдамасынан бастау алып, Абылайхан, Бәрібаев көшелері арқылы Жанғозин, Мақашев, Бейсебаев, Жазира, Қарасай батыр көшелерінен өткен соң, ең алғаш басталған жол бағытына түседі.
Айта кетейік, маршруттың жүруіне жауапты Қаскелең автобус паркі дәл осы бағыттарға әзірге төрт автобусты ғана іске қосқалы отыр. Олар күн сайын 6:30 бастап жұмысқа кіріседі. Жүріс аралықтары шамамен жарты сағатты қамтиды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.