Адамзаттың басына келген алапаттан құтылудың әдіс-тәсілдерін қарастырып жатқан әр елдің үкіметі әртүрлі амалдарға көшуде. Басты мақсат – осы бір аласапыран қиындықты артта қалдыру. Иә, ол амалдар жүз пайыз ауруды тоқтатпаса да, таралу қарқынын тарылтуға көмегін тигізетіні анық. Індеттің кесірінен түрлі саладағы бизнес айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Оның салдары кәсіпкерлік қызметтің кірісіне орасан зор шығын келтіруде. Вакцина шығып, «емі табылды» деп жар салғанымызбен, отандық бизнестің 13 мыңнан астам субъектісі әлі де жұмысын жандандыра алмай отыр. Сондықтан кейбір кәсіп түрлерінің толық жабылуының алдын алу және ішінара шектеулерді алып тастауға балама ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Дегенмен, елде бұл қосымша турасында әлі де сұрақ көп. Сол себепті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділмен сұхбаттасуды жөн санадық.
– Орынбай Басарұлы, Алдымен «Ashyq» мобильді қосымшасы жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
– Әлемді әбігерге салған коронавирустық пандемия салдары өткен жылдың наурыз айынан бері біздің елде де бірқатар бизнес түріне шектеулер, тоқыраулар алып келді. Кәсіпкерлердің кірісі саябырсып, шығыны молайды. Себебі, індет іргесін әлі де толық алыстата қойған жоқ. Жабық нысанда жұрттың көп шоғырлануы инфекцияның таралу қаупін арттырмақ. Сондықтан да, жоғарыда аталған бизнес түрлерінің қайта тыныстауы үшін шектеулерді ішінара алып тастауға балама ретінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды. Жобалық кеңсе (Цифрлық даму министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Атамекен» ҰКП) жұмысы барынша жандануда. Атап айтқанда, нысандардың «Ashyq» жобасын қолданулары Цифрлық даму министрлігінің базына енгізіліп, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жіті бақылауында болады. Аталмыш шараның басты пайдасы – қауіпсіздікті қамту. Бүгінде кез келген формада (ауру белгілері бар немесе белгілері жоқ) COVID-19 індетімен ауырғандар үй карантинін сақтау бойынша міндеттеме алып, оны қолхатта жеке қолтаңбамен растайды. Алайда, көп жағдайда өзін-өзі оқшаулау режимі бұзылып жатады. Ауырып қалған немесе науқас адаммен байланыста болған адамдар қоғамдық орындарға барып, коронавирустың таралуына себепші болады. Қосымша осындай келушілерді анықтауға және басқа келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Нақты айтқанда, «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану және Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің мәртебесін – ол вирус жұқтырған ба, жоқ па – анықтауға мүмкіндік береді.
— Бұл мобильді қосымшаны әзірлеуші кім, мақсаты қандай?
— «Ashyq» мобильді қосымшасын ҚР Цифрлық даму министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен отандық ІТ-компания әзірлеген. Бизнес субъектілеріне QR-код беріледі. «Ashyq» қосымшасы қауіпсіз қызметке жағдай жасап, келешекте карантиндік шектеулерді азайту және азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдетуді қамтиды.
— Қосымшаны қолдану тәртібі туралы білсек.
— Аса күрделі ештеңе жоқ. Әуелі нысанға келуші өз телефонына«Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс, телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ді енгізу керек. Одан кейін арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің дәрежесін, яғни, статусын көрсетіп береді. Қосымшамен клиенттің денсаулық жағдайын қалай біледі? Ол ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ді бақылау орталығында сақталған ақпараттар негізінде анықталады. Жалпы «Ashyq» жобасы дегеніміз мобильдік қосымша. Оны «Play market» немесе «App store» арнайы бағдарламасы арқылы телефонға көшіріп алуға болады. Егер қолда смартфон болмаса онда кәсіпкерлік нысан бақылаушысы өзінің смартфоны арқылы клиенттің ЖСН нөмірін теріп, індетке қатысты дәрежесін анықтап береді. Экранда статус (көк, жасыл, қызыл немесе сары) көрінеді. Егер келуші «жасыл» түсті мәртебеде болса, дерек базасында COVID-19-ға ПТР-тестілеуден теріс нәтижесімен өткенін анықтайды. «Көк» түсті болса, ПТР-тестілеуден өтпеген және COVID-19 вирусын жұқтырғандармен қатынаста болмағанының белгісі. «Сары» түс дерек базасында COVID-19 вирусын жұқтырғандармен қатынаста болғанын, ал «қызыл» түс ПТР-тестілеуі оң нәтиже көрсеткенін білдіреді. «Қызыл» немесе «сары» ПТР-тестілеу теріс нәтиже көрсеткен бойда және науқас немесе жақын байланысатын адам үшін белгіленген оқшаулау режимі аяқталғаннан соң алынып тасталады. QR-код қолданылатын орындар келушілердің мәртебесін ғана көреді, олар туралы басқа ақпаратқа қол жеткізе алмайды.
– Ал, «Ashyq» QR-кодты алу үшін не істеу керек?
– QR-код – тек бизнес субъектілеріне ғана тиісті дүние. Ол кәсіпкерлік нысанның атауын, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсететін электронды идентификатор. Бизнес нысанына кірерде және шығарда ең кемі екі QR-кодтан тексерістен өтеді. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке QR-код қойылады. Санитарлық қызметтің ұсынып отырған ережесі мен талабы осындай.
Кәсіпкерлер санитарлық талаптарға сәйкестік актін және «Ashyq» QR-кодын алу үшін «InfoKazakhstan» электронды платформасы арқылы өтінім қалдыра алады. Тексерістен өткен кәсіпкер берілген QR-код арқылы бір апта «InfoKazakhstan» желісінде тестілеу режімінде жұмыс атқарып, бұл уақыт өткеннен кейін аталмыш платформа тізімді ҰКП-ге жібереді. Осылайша «Ashyq» жобасына тұрақты қатысушылар тізіміне енгізіледі. Ал, егер де кәсіпкер «Ashyq» QR-кодын өз бетінше ала алмайтын болса, онда біздің «Атамекен» ҰКП аудандық филиалына келсе болады. Мұнда біздің қызметкерлер тегін түрде аталған электронды платформаға тіркелуге көмек көрсетіді. Ол үшін кәсіпкерде өзімен бірге нысан жайлы мәлімет және ЭЦҚ қолтаңбасы болуы керек.
– Ауданымызда қанша нысан «Ashyq» жобасына тіркелген?
– «Ashyq» жобасы арқылы жұмысын жүргізуге ниеттілердің қатары артып келеді. Аудан көлемінде 775 нысан QR код алды. Олардың 437-сі сынақ кезеңінде, ал, 338-і нақты жұмыс жасауда. Атап айтқанда, 104 қоғамдық тамақтану орны, 30 өнеркәсіптік кәсіпорындар, 212 сауда саласындағы объектілер, 64 мемлекеттік мекемелер, 91 қызмет көрсету саласы, 224 білім мекемелері және қалғандары. Бұл жоба әр кәсіпкер мен тұтынушыларға жауапкершілік жүктейді. Біз сол жауапкершілікті мойынға ала білуіміз қажет.
– Аталған жоба аясында қатысушыларға тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– «Ashyq» жобасы індеттің таралуына шектеу қоя отырып, кәсіпкерліктің дамуына да жол ашуға бағытталған. Егер белгілі бір кәсіпкерліктің карантиндік ережеге байланысты жұмыс атқаруына шектеу қойылған болса, «Ashyq» жобасына қатысып, белсенділік таныту арқылы ол шектеулерді азайтып және «Көшбасшы» дәрежесіне ие болу мүмкіндігі бар. Әрине, кәсіпкерліктің атқаратын қызметіне байланысты, мәселен, мейрамхана қызметімен айналысатын кәсіпкерлік делік, оның толымдылығына 30% ғана рұқсат етілген болса, осы жобада «Көшбасшы» дәрежесіне жетіп рұқсат етілген толымдылық пайызын 35%-ға көтере алады. Сонымен қатар, жобаның көшбасшыларына жұмыс уақыты 22.00-ге дейін, ал, қарапайым қатысушыларға сағат 20.00-ге дейін ұлғайтылды. Көшбасшы мәртебесінің ұзақтығы – 2 апта. Аталмыш жобаның шектеулері мен ережелері де бар. Егер мониторингті топ кәсіпкерліктің жоба талаптарын бұзғанын анықтаса немесе объект үш күннен артық check-in (QR-ды сканерлеу) жасамаса, жобадан шеттетіледі. Осы олқылық үшін шеттетілген кәсіпкерлік екі аптадан кейін ғана қайта қатысуға өтініш білдіре алады. Ал, мұндай жағдай тағы да қайталанса, тек екі айдан кейін жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.