Қасиетті Қарасай жерінде спорт түрінен биік белестерді бағындырып, аудан намысын абыроймен қорғап жүрген жас спорт майталмандары жетерлік екені анық. Олардың көбі бүгінде халықаралық дүбірлі додаларға қатысып, көк туымызды көкте желбіретіп, ел мерейін асыруда. Солардың ішінен шамалғандық таэквондошы Аружан Найманбаеваның жетістіктерін ерекше атап өтуге болады.
Спортты жанына серік еткен 17 жасар нәзік жанды бойжеткен таяуда Малайзияда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, медальға толы қоржынын тағы бір алтынмен толтырды. Осылайша Азия чемпионы атанған Аружан еліміздің атынан қыздар арасында тұңғыш рет осындай деңгейдегі алтынды еншілеген спортшы атанды.
Тамыз айының әр үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күні қарсаңында осынау жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық, өр мінезді бойжеткенді көпшілікке таныстыруда жөн санадық.
Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз Аружан 2008 жылдың 30-ы маусымында Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінде дүниеге келді. Әкесі Ануар мен анасы Жанат – екі перзентті тәрбиелеп, өсіріп отырған қарапайым жандар. Аружан қызымыз орта білімді осы елді мекендегі орта мектеп-гимназиясында алған. Кішкентайынан бір орында отырып уақыт өткізуді ұнатпаған өжет қыздың спортқа деген қызығушылығы ерте ояғанымен, нақты немен айналысқысы келетінін білмеген. Алдымен оқумен қатар қосымша би үйірмесіне қатыса бастаған. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл оныкі емес екен түсініп, арнайы бассейнге барып, жүзу үйірмесіне жазылады. Бір жылдай жарысқа қабілетті жүзумен айналысты. Жеткіншек, шын мәнінде, суда сүңгуді ұнатып қалғанымен, оны өзінің болашағымен байланыстыратын бағыт ретінде көрмеген. Соңғы қызығушылығынан мүлдем алыс таэквондоға ол інісі Бауыржанның арқасында келген.
– Спортқа негізінен інімнің арқасында келдім деп айтуға болады. Себебі ол кездері Бауыржан қазақ күресімен шұғылданатын. Бір күні оның қатысуымен ауқымды жарыс өтетін болды. Мен, әрине, ініме қолдау көрсету үшін бақталас өтетін жерге көрермен ретінде бардым. Ал сол күні ғимарат бөлмелерінің бірінде таэквондошылар үйірмесінің балалары жаттығуларын жүргізіп жатты. Оның барысын тамашалап тұрған сәтте менің де күреспен айналысқым келетінін түсіндім. Кешке үйге келгенде атама мән-жайды түсіндіріп, ата-анамнан жаңа үйірмеге баруға рұқсат сұрадым. Әр еркелігімді көтеретін атам бұл жолы да бетімді қайтармады, ертеңінде мені жетектеп, үйірмеге апарды. Кейін де түрлі жарыстардан қалдырмауға тырысты.
Үйірмеде алғашқы жаттықтырушым Рахымжан ағайды кездестірдім. Менің ойымша, қандай спорт болмасын жаттықтырушы өз ісінің білікті маманы болса, сол спорттан көптеген чемпион шығады. Міне, Рахымжан ағай сондай білікті маман, өз ісінің нағыз шебері еді. Ол кісі мен үшін таэквандоның әдіс-тәсілдерін жалықпай үйретіп, алдағы жеңістеріме жол ашқан адам болды. Сондықтан оған айтар алғысым шексіз, – деді бойжеткен.
Жақсы жаттықтырушы баланың табиғаты келетін, мықты мінезділігіне, төзімділігіне қарап-ақ спортқа жарамды немесе жарамсыз екенін түсінеді дейді екен. Кішкентай батыл қыз баланың жаттықтырушысы да солардың қатарынан болса керек. Алғаш кездестірген жаттықтырушысы Рахымжан болмағанда кейіпкеріміз дзюдодағы орнын табар ма еді, таппас па еді, кім білсін?! Осы ұстазы белдесудің әліппесін, әдіс-тәсілдерін үйретті, жарыстарға дайындады, шыңдады. Тіпті, үйірмеге қатысқанына бір-ақ апта болғанына қарамастан, бапкері оны бас қаламыз Астанада ұйымдастырылған халықаралық жарысқа апаруды ұйғарды. Нәтижесінде кішкентай қайсар таэквондошы елордадағы жарыста бапкерінің бұл шешімі дұрыс болғанын дәлелдеп, тамаша жекпе-жек көрсетіп, екінші орынды иеленеді. Осылайша 8 жасар кейіпкеріміз таэквондо спортымен кәсіби түрде шұғылданып, олимпиада чемпионы болуды армандай бастаған.
Арада біраз уақыт өте жаттықтырушы Рахымжан отбасылық жағдайға байланысты Ақтау қаласына көшуге мәжбүр болды. Соған байланысты Аружанның ата-анасы қыздарын Шамалғандағы заманауи форматта ашылған «Ushqonyr» балалар мен жасөспірімдер спорт кешеніне әкелді. Мұнда ол Ринат есімді білікті жаттықтырушының қолына түсті. Тәжірибелі бапкер барынша өзінің кеңесін, әкелік, ағалық ақылын беруден аянбады. Жас спортшының жеңіске деген жігерін қайрап, халықаралық додаларға жетелеп апарды. Оның берген тәлімімен Аружан талай биікті бағындырды. Бірнеше жылдың ішінде ол кәсіби деңгейін көтеріп, спорт шеберлігіне үміткер, одан соң ҚР спорт шебері болып, жасөспірімдер мен жастар сапында тамаша нәтиже көрсетіп, дүбірлі додаларда топ жарып жүрді. Кейіннен халықаралық аренаға шығып, көптеген жарыстартың жеңімпазы атанды.
Қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөзі спорт әлемін жақсы суреттейді. Себебі мұнда үнемі жеңістің биік тұғырына көтерілу мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Біраз жыл осы әлемнің ішінде қайнап жүрген Аружан оны жақсы түсінеді. Дегенмен де әр белдесуде барын салып, соңына дейін күресетін қайсар қыздың тоқтайтын ойы жоқ.
– Жалпы спорттың қай түрі болмасын оңайлықпен бағындыратын нәрсе емес. Бұл таэквондоғада байланысты. Бірнеше минуттық белдесуде жіберген бір қателік жеңіліске әкелуі мүмкін. Сондықтан сайыстарға, әсіресе, республикалық және халықаралық жарыстарға барғанда бар ойың татамида болуы қажет. Қарсыласыңды лайықты бағалай алмасаң, сенің жеңіс жолың сол жерден тоқтауы мүмкін. Бұл ретте әр спортшы өзін тәртіпке үйрету керек. Темірдей тәртіпке бағынып, жаттығудан ерінбеуі қажет.
Сондай-ақ әрқашан кез келген нәрсеге дайын болу керексің. Себебі спортта үнемі жеңістің биік тұғырына көтерілу мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің ащы дәмін татуға тура келеді. Сондай сәтте қайта тұрып, жеңілісінен сабақ алып, алдыға ұмтылу керек. Өз-өзіне сенімді, күші адал адамның еңбегі зая кетпейді, – дейді спортшы.
2022 жылы Аружан тәжірибесін артыру, кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Алматы қаласында орналасқан Қаркен Ахметов атындағы Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне түскен. Айта кетейік, аталған оқу ордасынан бұған дейін Олимпиада ойындарының алтын, күміс, қола жүлделерін иеленген Елдос Сметов пен Асхат Жіткеев секілді спорт саңлақтары түлеп ұшқан. Қазірде кейіпкеріміз 2011 жылдан бапкерлік жолды таңдап, көптеген спорт майталмандарын тәрбиелеп шығарған Төлеген Тілеумұратов бірге әлем чемпионаты, олемпияданы бағындыруға дайындалуда.
Бүгінге дейін талай додада аудан мен ел намысын абыроймен қорғап жүрген арудың қоржыны жүлдеден кенде емес. Оның 33 алтын, 7 күміс, 3 қола медалі бар. 2025 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында, кейін ересектер арасындағы ҚР чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары қатарына қосылған. Ал таяуда ол Малайзияның Кучинг қаласында 14-17 жас аралығында өткен Азия чемпионатына қатысып, тағы бір мәрте жеңіс тұғырынан көрінде. Жарыс кезінде Вьетнамнан, Иордания, Қытай және Иран елінен келген қарсыластарына жеңісті қолдан бермей, соңғы секундқа дейін барын салып, табан тіресе тайталасып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Азия чемпионы атанып, көк туымызды Малайзия төрінде желбіретті.
Ересектер сапына енді тәй-тәй басып келе жатқан оның арманы жалғыз, ол – Олимпиада чемпионы болу. Қазіргі сәтте ол әлем чемпиотына дайындық барысында.
– Әрбір спортшы секілді менің де арманым – Олимпиада чемпионы болу. Сондай биіктен көрінуге талпынып, қолдан келгенше еңбектеніп келемін. Таяуда ересектер арасында өткен ҚР чемпионатында жеңімпаз атанып, әлемге жолдама ұтып алған едім. Бүгінде жаттықтырушым Төлеген Тілеумұратовпен қызу дайындалып жатырмын.
Менің негізгі арманым олимпиада болса, қазіргі арманым – алда келе жатқан чемпионатта 1 орын алып, үздік спортшысы атану. Сондай-ақ тоқтамай еңбек етіп, рейтингімді көтеру. Осы мақсаттарымды іске асыру үшін барымды салуға дайынмын.
Мені қолдап, таңдаған жолымда сүрінбеу өтуге көмектесіп жүрген бас бапкерім Төлеген Темірланұлына ризашылығымды білдіргім келеді. Ол менің кемшіліктерімді жөндеп, білгенімді жетілдіріп, жаңаға үйретуде. Сондай-ақ, отбасыңнын қолдауы, саған сенім артуы спортшы үшін өте маңызды. Осы ретте менің ең бірінші жанкүйерлерім, маған үнемі ақ тілектерін жаудырып, төрден көрінуіме тілекші болып жүрген ата-әжеме, әке-шешеме, ініме, жақындарыма, сондай-ақ айналамдағы достарыма алғысым шексіз. Алдағы уақытта да олардың үмітін ақтауға барымды саламын, – деді әңгімеміздің соңында кейіпкеріміз.
Қарасайлық таэквондошының бұл жетістіктері –тек ауданның ғана емес, тұтас елдің абыройы. Ауданымыздан түлеп ұшқан қаракөз қыздың Азия төрінде көк Туымызды желбіретіп, қазақтың қайсар қыздарының күшін көрсетуі – Қазақстан спортындағы жарқын жетістіктің бірі. Біз Аружанның бойындағы қайсар мінезі, еңбекқорлық, тәртіп пен табандылығы оны әлі талай биіктен көрсететіне сенімдіміз. Оның алдында әлі де талай додалар тосып тұр. Осы ретте біз чемпионымыз Аружанға сәттілік тілейміз, алдағы әлемдік чемпионатта көк байрағымызды желбіретіп, жеңіспен оралуына тілектеспіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

