Жамбыл ауданында «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты қолданбалы өнер шеберлерінің облыстық көрмесі және «Баталы ел – көгерер» атты бата беру байқауы өтті. Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде қатар өткен қос шараның мақсаты — ардагерлер арасында халық шығармашылығын дамыту, қолөнер шеберлерінің еңбектерін кеңінен насихаттау, оларға қолдау көрсету, туған жердің таланттарын елге таныту, еңбектерін жұртшылыққа паш ету.
Өңірдің өнерпаз ардагерлерінің басын қосқан шараға Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарынан қазыналы қарттар келді. Шараның ашылу салтанатында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Тұрымбетов өнерпаз қарияларды құттықтады. Сондай-ақ Жамбыл аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстың және ауданның Құрметті азаматы Батырхан Мендебаев сөз алып, ақындар мен батырлар еліне келген замандастарына ізгі лебізін білдірді.
Қолданбалы өнер шеберлерінің арасында болған «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты байқау «Үздік зергер», «Үздік тігінші», «Үздік тоқымашы», «Үздік ұлттық бұйымдар шебері», «Үздік суретші» номинациялары бойынша өткізілді. Ал батагөй қарияларымыздың арасындағы «Баталы ел – көгегер» байқауында үміткерлер Бас жүлде және 1, 2, 3-ші орындар үшін бақ сынасты. Байқауға әр ауданның өкілінен құралған қазылар алқасы төрелік етті.
«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші, аузы дуалы батагөй қариялар берілген тақырыпқа сай баталарын төкпелеп, есті сөздерімен тыңдаушысын ұйытса, қолөнер шеберлері теріден, ағаштан, неше түрлі металлдан жасаған бұйымдарымен көрерменді тәнті етті. Ал он саусағынан өнер тамған апаларымыз болса жүннен, түрлі түсті жіптер мен құрақ-кескіндерден киім, тұрмыстық заттар, әдемі бейнелер мен суреттер әзірлеп әкелді.
Сонымен қатар ардагер-суретшілер Қазақстанның көрікті жерлерін, тарихта айшықты ізі қалған ақындары мен батырларын небір көркем әдіс-тәсілдермен бейнелеген еңбектерін ұсынды. Қылқалам иелері көбінесе ұлттық нақыштағы этнографиялық жанрға айырықша көңіл бөлгені байқалды. Мәселен, Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылының тұрғыны, Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейінің жетекшісі, әрі ақынның немересі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әуелбек Ысқақов өзінің «Ақынның өлеңдері суретшінің көзімен» атты картиналарымен көрерменді тамсандырды. Суретші әрі ақын ағамыз қазыларға атасы Үмбетәлінің өлеңдерін оқи отырып, шығарманы суретке қалай бейнелегенін әңгімеледі. Ал Ұйғыр ауданынан келген суретші Имамдун Рошанов қазақтың әйгілі ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен ұлтымыздың алғашқы қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің және бейнелеу өнерінің майталманы Гүлфайруз Исмаилованың портреттерін шебер бейнелеген. Сол сияқты Іле ауданынан келген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Рақым Шегебаев негізінен табиғат жанрында салынған суреттерімен таныстырды.
Ардагерлердің өнер бәйгесінде ағаш, былғары өңдеу шебері Наги Иманбаев қазақтың ою-өрнектерімен безендірген бірнеше домбырасын көпшіліктің назарына ұсынып, сол аспаптарында күмбірлете күй шертті. Қарасай ауданындағы Іргелі ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер-ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Дәмегүл Мұсаеваның Қазақстан қартасы мен туы кестеленген «Менің Отаным» атты гобилен жұмысы ерекше көзге түсті. Үмітханым Сейдағалиева апамыздың шәкірті Анар Битембаевамен бірге табиғи бояулармен боялған таза жүнмен орындаған әдемі еңбектері, соның ішінде қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы бейнеленген пано жұмыстары да ерекшеленді. «Асыл әже, ару келін» ансамблінің және «Асыл мұра» тоқыма мектебінің жетекшісі Зейнеш Мамедова, Төкен Ақболатова әжелердің тоқыма киімдері мен тұрмыстық бұйымдарының заманауи өрнектермен тоқылғаны көз тойдырды. Ұйғыр ауданының Шонжы ауылынан келген апамыз Шолпан Шаймардан көне заманнан бері келе жатқан қазақ үй әшекейі басқұрды өз қолымен тоқып, атадан балаларына мұра етіп келгенін айтты.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен әр номинация бойынша анықталған жүлдегерлерге сахна төрінде салтанатты жағдайда дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Өнер бәсекесінде бақ сынасқан қатысушының ешқайсысы бәйгесіз қайтқан жоқ, барлығы да мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.